Әлеумет

Зауыт жұмысы жанданып келеді

Зауыт жұмысы жанданып келеді

«Saint-Gobain» компанияларының халықаралық өнеркәсіптік тобы «Жамбылгипс» зауытына арнайы барып, қызметкерлерді сақтандыруды енгізуден бастады.

– Бізде барлығы сақтандырылған, кәсіпорын ішінде онкологиядан сақтандыру бар. Шілде айында француз инвесторлары келді. Содан бері жұмыс істеп келеміз. Барлық жұмысшылар, өзіңіз байқағаныңыздай, арнайы киім киген. Біз қазір интеграцияланатын «Saint-Gobain» компаниясында қауіпсіздік талаптарын жоғары деңгейде ұстанамыз. Сондай-ақ, жұмысшылар үшін тегін тамақтану режимін іске қостық. Қазіргі таңда біздегі орташа жалақы 280 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге, бонустық сыйақылар бар. Біздегі қызметкерлердің барлығы еңбекқор, жанталасып жұмыс істейді. Әрине, қызметкерлерге жақсы жағдай жасалған сайын, жұмыстың нәтижесі де жақсара түсетініне сенемін, – дейді «Жамбылгипс» акционерлік қоғамының басшысы Андрей Пронченко. Компаниядағы еңбекқор азаматтардың бірі ретінде цех басшысы Нұржан Абдалимовты айтуға болады. Ол 38 жаста. 20 жасында қарапайым жұмысшы ретінде жұмысқа орналасқан Нұржан барлық мансаптық кезеңдерден өтіп, қазір шағын ұжымды басқарып отыр. – Мен мұнда бастапқыда уақытша жұмысқа орналасқан едім. Содан кейін жұмысқа деген қызығушылығым арта түсті. Тәжірибем болмағандықтан алғашқыда әртүрлі жұмыстар істедім. Онымен қоса сабағымды да қатар алып жүрдім. Сабақ пен жұмысты қоса бірге алып жүру оңайға соқпады. Үзіліс кезінде мен өндіріс операторларының жұмысына машықтандым. Егер сіздің жұмысқа деген қызығушылығыңыз болса, жұмыс істеу қиынға соқпайды, – дейді Нұржан Абдалимов. Цех басшысының айтуынша, ол бар ынтамен жұмысқа кірісіп, түсінбеген тұстарын білікті мамандардан сұрай отырып үйренуге тырысқан. Содан кейін цехтың барлық жұмысын тез арада игеріп алады. Бір күні оператор жұмысқа келмегендіктен, ол басшылықтан соның орнына ауыстыруды өтінеді. Осылайша, оны әуелі шеберлер тексеріп, содан кейін қашықтан басқару пультіне қояды. Бір жылдан кейін ауысым шебері лауазымы тапсырылып, үш жылдан кейін ол гипсокартон цехының технологы қызметіне ауысады. Ол әртүрлі позицияларда жұмыс істеген кезде өндірістің барлық қыр- сырын өз бетінше зерттей жүреді. Жұмысты бақылай отырып, қандай сапа критерийлерін сақтау керектігін, оларға қалай жетуге болатындығын түсінеді. Қазіргі таңда Нұржан қызметкерлердің қауіпсіздігін басты орынға қояды. «Біздің әрқайсымыздың отбасымыз бар. Сондықтан, жұмысшылардың қауіпсіз ортада жұмыс істеуі және тұтас, үйге аман-есен оралуы маңызды. Өзімнің үш балам бар, сондықтан мен оның қаншалықты маңызды екенін түсінемін», дейді ол. Бүгінде «Жамбылгипс» зауытында 156 қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорын директоры А.Пронченко жақын арада қызметкерлердің саны 170- ке жететінін айтады. Жұмысшылардың қатарын арттыру келесі жылы іске қосуды жоспарлап отырған жаңа гипсокартон цехында жүзеге асатын болады. – Биыл кәсіпорында меншік иесі өзгеріп, зауыттың жаңа тарихы басталды. Кәсіпорын өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері бар. Инвесторлар келгеннен кейін зауыт шамамен 15 миллион инвестиция алды. Бұл инвестициялар өндірісті жаңғыртуға, жаңа жабдықтар сатып алуға, еңбек жағдайларын, қауіпсіздікті жақсарту жөніндегі жобаларға жұмсалды, – деді Андрей Валентинович. Кәсіпорын басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы құрғақ құрылыс қоспалары мен гипсокартон цехтарын жаңғырту жүргізілген. Ал, биыл гипс парақтарының төрт түрін шығарады. Құрғақ қоспалар бойынша, өткен жылы 80 мың тонна өндірсе, биыл 100 мың тонна өндіруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда құрғақ құрылыс қоспалары цехын жаңартып, бұрын тек гипс негізіндегі өнімдерді шығара алатын болса, ендігі кезекте құм мен цемент негізіндегі қоспаларды шығарады. Бұрын кәсіпорын шамамен үш дайын өнім, құрғақ қоспа, құрылыс гипсі, тегістеу қоспаларын шығарған. Ал, модернизациядан кейін 12 өнім шығара бастаған. Мұнда едендер, плитка желімдері, құрғақ құрылыс қоспаларының түрлері бар. Айта кету керек, кәсіпорын жыл сайын жанданып келеді. Зауыт өнімдерін тұтынушылардың ең негізі – Қазақстан. Сонымен қатар, шығарылған өнім Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Армения және Моңғолия елдеріне жеткізіледі деп күтілуде. Қазір кәсіпорын үш ауысымдық режимде жұмыс істейді. Сонымен қатар, төрт ауысымдық кестеге көшуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын жеке жұмысшыларды зауыттық көлікпен тасымалдайды. Яғни, жұмысқа барып- келу үшін арнайы қызметтік көлік те қарастырылған. Сұраныс болған кезде, жаңа нарықтарды өсіруге және игеруге тырысуға болады. Бірақ, ең бастысы – зауыт адамдарға жұмыс береді, салық төлейді, ал өндіріс ошағынан шыққан өнімдер өмірді жайлы етуге көмектеседі.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Суреттерді түсірген Юрий КИМ.