Жастарға артылған жауапкершілік жоғары
Жастарға артылған жауапкершілік жоғары
– Президенттік жастар кадрлық резервінің алғашқы іріктеуінде 2019 жылы 300 адам, екіншісінде 2021 жылы 50 адам алынды. Республика бойынша резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни, жалпы санының 75 пайызы жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 жас жергілікті атқарушы органдарда, 57 кадр ұлттық компанияларда және 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Парламент Мәжілісі және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет етіп жүр. Әртүрлі деңгейдегі лауазымдар барлық резервшілерге ұсынылып отырады. Олардың әлеуетін пайдалану мәселесі біз үшін өзектілігін жоғалтпайды. Агенттік бұл бағыттағы тиісті шараларды іске асырып келеді. Резервке қатысатын үміткерлерге қойылатын талаптарға тоқталсам, әуелі Қазақстан Республикасының азаматы болуы міндетті. Жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі және мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген болуы қажет. Айта кетейін, іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған адамдар жіберілмейді, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Лесбек Ілебаев. Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады. Қыркүйек-желтоқсан айларында өткізіледі. Резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv. gov.kz арнайы сайтында онлайн режимде жүргізіледі. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни, бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады. Кандидат қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі. Екінші кезеңде мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл кезең екі бөлек тестілеу блогынан тұрады. Әрбір тестілеудің ұзақтығы 25 минуттан аспайды, 25 сұрақтан беріледі, оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде көрсетіледі. Тестілеу аудио-бейне фиксациямен өтеді. Өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланады. Үшінші кезеңде үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасы бағаланады. Үміткер онлайн режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазады. Орындалған тапсырманың шешімін қызметтің тиісті бағыттары бойынша үш салалық сарапшы бір уақытта бағалайды. Сарапшылар пулына академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдері, мемлекеттік қызметшілер тартылған. Төртінші кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады. Ассессмент-орталық (Бағалау орталығы) Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауды және бағалауды көздейді. Мұнда кандидаттың көшбасшылық, талдау және мәселелерді шешу, қызметті басқару, проактивтілік қасиеттері назарға алынады. Олардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалар арқылы айқындалады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылады. Құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға арналған. Бесінші кезең сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу түрінде өткізіледі. Бұл кезеңде ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады, оларға түсініктеме береді. Комиссияның құрамында мемлекеттік органдардың басшылары болады. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Соңғы алтыншы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол 25 желтоқсанға дейін өткізіледі деп жоспарланған. Ережеге сәйкес резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды. Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына және «Б» корпусының «А» санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша сайтта жарияланады. Қатысушылар туралы ақпарат барлық азаматтар үшін қолжетімді болады. – Облысымызда Президенттік жастар кадрлық резервшілерінің біреуі қазір басшылық қызметте екенін айтқым келеді. Ол – Дәулет Қалдығужин, бүгінде Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарып жүр. Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмаларды орындау кезінде, еліміздің болашағын жаңғырту, кәсіби аппарат қалыптастыру мен мемлекеттік қызметтің оң имиджін көтеру жолында дарынды әрі білімді жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, жастардың бойындағы ұлтжандылық рухтың болуы өте маңызды. Барлық жамбылдық жастарды білімдері мен дағдыларын ел игілігі үшін қолдануға бірегей мүмкіндік беретін Президенттік жастар кадрлық резерві жобасына белсене қатысуға шақырамын, – дейді Лесбек Құралбайұлы. Бұл жоба жастардың бойдағы бар қабілетін көрсетіп, қызмет барысында шыңдап, тәжірибе жинақтауына жасалған мүмкіндік. Еңбегімен елінің елеулі азаматы болуға ашылған жол деп білген жөн.
Қамар ҚАРАСАЕВА