Рухани әріптестік байланыс артады
Рухани әріптестік байланыс артады
Әуелі аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев өңірдің даму мүмкіндіктеріне тоқталып, бүгінгі таңда атқарылып жатқан ауқымды бастамалар мен алдағы жоспарларды атап өтті. – Қазіргі таңда өңірді дамыту жоспарларына қажетті қаражатты алу мәселесін қарастырудамыз. Басты бағытымыздың бірі өндірісті дамыту, денсаулық сақтау саласы, балаларға сапалы білім беру, жаңа мектептер салу бойынша қомақты қаражат бөлінуде. Индустрия саласында кеше инвесторлармен кездестім. Бұл бағытта іске асырылып жатқан жобалар аз емес. Инвесторларды қолдау бағытында инфрақұрылымды заманға сай жаңартуымыз қажет. Өндіріс саласында облыстың ұмытылып бара жатқан бағыттарын қайта көтеру керек, – деген Ербол Шырақпайұлы облысты жан-жақты дамытудың бағыттары бойынша жоспарларды атап өтіп, өндірісті ұйымдастыру, облыс орталығындағы қордаланған мәселелерді тиімді шешу, туризмді дамыту, асыраушы саланың өнімділік ауқымын арттыру, тауар өндірісін жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Аймақ басшысы өз сөзінде жас ұрпаққа саналы тәрбие берудің маңыздылығын да айрықша атап өтті. Мұнан соң ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі күйші Әбдімомын Желдібаев өңірдің экономикасымен қатар мәдениеті мен руханиятын қатар дамытуға басымдық беруді атап өтсе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлерді сауықтыру мәселесін көтеріп, тегін ем шаралары кезіндегі қызмет сапасының сын көтермейтінін, аймақ ардагерлері үшін ұзақ өмір сүру орталығы қажет екенін жеткізді. Ақын Шырын Мамасерікова өңір қаламгерлерін қолдауға қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Облыстың Құрметті азаматы Сағынхан Әміреқұлов кадр саясатына қатысты, ал Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы идеология мәселесіне айрықша мән берудің маңыздылығына тоқталды. Жазушы өз сөзінде жергілікті ақын-жазушылардың мәселесін айтатын адам болу керектігін, ол үшін облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары тағайындалуы қажеттігін жеткізді. Ардагер журналист Бекет Момынқұл Бауыржан Момышұлының алда 115 жылдығы келе жатқанын, осыған орай өңірлік жоғары оқу орындарының бірінде батырдың атымен арнайы стипендия тағайындалса деген ұсынысын айтты. Облыс басшысы басқосуда көтерілген бұдан басқа да мәселелер жіті назарында болатынын атап өтіп, рухани әріптестік байланыс аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жемісті жалғасын табатынын жеткізді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ