Экономика

Ең үлкен бақытымыз – Тәуелсіздігіміз

Ең үлкен бақытымыз – Тәуелсіздігіміз

15Амангелді Зәуірбекұлы,«Сапақ датқа» ЖШС-ның директоры.

Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазақстан халқын құттықтап сөйлеген сөзінде Елбасы Н. Назарбаев «Тәуелсіздік толғауын» жолдады. Бұл сөз жүрегі елім деп соққан әр азаматтың ойынан шыққаны даусыз. Ұлт көшбасшысы бізді рухтандырып, жігерлендіріп қана қоймай, келешегімізді кемелді ету үшін алға қойған асыл мақсат-мұраттарды жүзеге асыруға жұртшылықты жұмылдырып келеді. Кеңестік дәуірде «шетелдерде кейбір іскер адамдардың жеке меншік дүкені де, жеке меншік емханасы да бар екен» дегенді естіп, таңқалушы едік. Еліміз Тәуелсіздігін алып, халыққа еркіндік тиген соң, сол жағдай біз үшін жаңалық болмай қалды. Алғашында не істерімізді білмей абдырап қалғанымыз рас. 1993 жылы мен де бизнеспен айналысуды қолға алдым. Жолаушы тасымалдайтын жеңіл автокөлік иелеріне патент, яғни, рұқсат лицензиясын беріп, алғашқы кәсіпкерлік қадамымды жасадым. Келер жылы «Зәуірбек» азық-түлік дүкенін, тағы бір жылдан кейін «Жалаңбас батыр» дүкенін аштым. Бұдан бөлек, үш дүкенімде күнделікті тұтыну тауарлары сатылады. 1997 жылы «Сапақ датқа» шағын базарын пайдалануға беріп, халыққа қызмет көрсетіп келеміз. Жалпы алғанда, 50 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Ұжымымда көп ұлттың өкілдері ынтымақпен тірлік кешуде. Мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлігімді дамыту мақсатында жеңілдікпен несие де алған болатынмын. Оның әрине, ісіміздің алға басуына көмегі тигенін айту ләзім. Енді, Алла қаласа, жеміс-жидекті қалбырлау цехын ашсам деген жоспарым бар. Ол үшін қазір дайындық жұмыстарын жүргізудемін. Тараз қаласы.