ДӨСКЕ АТАНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
ДӨСКЕ АТАНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
Үлкені Көрпеш ұзақ жыл сауда саласында еңбек етті. Онан кейінгі қызы Күлбала да малшы ретінде өмірін еңбекке арнады. Өмірін малшылыққа арнаған Наурызбай Дөскеұлы да бұл күнде бақилық. Алайда, оның бес ұл-қызынан тараған ұрпақ өсіп-өркендеуде. Осы Наурызбайдың келіншегі Фатима ертеректе облыстық кеңеске депутат болғаны да бар. Сонда Дөске қарт та, Пашира апа да келіндеріне тілеулес болған. Сол Наурызбай баласынан тараған ұрпақ та бір қауым десек артық емес. Немересі Елдос Наурызбай – кәсіпкер. «Орнында бар оңалар», деген осы болса керек. Сондай-ақ, Үшарал ауылында тұрған, сауда саласында еңбек еткен Үрбағила Дөскеқызы да бұл күнде бір әулеттің ақылшы анасы. Одан тараған ұл-қыздар, немерелер бақытты әулетті думанға бөлеп келеді. Үрбағиладан кейінгі Үрбала туралы да осылай айтуға болады. Үрбала өмірін білім саласына арнап, қырық жыл ұлағатты ұстаз болды. Өмірлік жары Қызайымбек екеуі бес ұл- қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың көпшілігі ана жолын қуып, ұстаз болды. Дөске атаның кенже қызы Гүлсара да денсаулық сақтау саласына еңбегін арнап, ұл-қыздарын өсіріп, бақытқа кенеліп отыр. Дөске атаның қызметке араласқан перзенттері де бар. Қозыбай Нақыпов Қаратау тау-кен институтын бітіріп, бар ғұмырын тау-кен, құмның қойнауындағы қазыналарды зерттеуге арнады. Ол әуелі Қаратау қаласындағы шахтада еңбек етті. Кейінгі жылдары Тараз қаласына ауысып, мемлекеттік қызметте еңбек етіп, облыс аумағындағы тау-кен жұмысының өркендеуіне ерекше үлесін қосты. Мойынқұмда Ақбақай кен орны ашылғанда, ол жаққа да талай рет іссапарға барып, үнемі үлгілі жұмысымен ерекшеленіп, жақсы қырынан танылды. Тау-кен саласына қатысты жауапты орындардан, облыс әкімінен алған Құрмет грамоталары, марапаттары жеткілікті. Жары Әсем екеуі үш ұл-қызды тәрбиелеп, өсіріп, бұл күнде немеренің қызығын көріп отыр. Дөске ата – бақытты кісі. Өзі қарт болғаны өз алдына, қыздары мен ұлдарының абыроймен зейнетке шыққан сәтін көрді. Ағыбай Дөскеұлы қызметін құрылыс саласына арнады. Олжас кезінде Өскемен қаласындағы құрылыс институтын тәмамдап, құрылыс прорабы мамандығын иеленді. Ағыбай Нақыпов ұзақ жыл Тараз қалалық құрылыс тресінде аға прораб болып еңбек етті. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Ағыбай Нақыпов «Маман» деген фирма ашып, өзі директоры болып сайланды. Сол құрылыс фирмасы осы күнге дейін жұмысын сәтті жалғастырып келеді. Ағыбай Дөскеұлы басқаратын құрылыс фирмасы Тараз қаласында және облысымыздың аудандарында бірнеше ірі құрылыстарды салып шықты. Тараздағы көптеген мейрамхана, монша, жеке зәулім үйлерде, түрлі нысандарда Ағыбайдың ерекше қолтаңбасы бар. Үшарал дейтін қазыналы, тарихи ауылдың дана қариясы болған Дөске Нақыпұлы мен Пашира әжеден өсіп-өнген ұрпақтың бүгінгі өркендеген келбеті осындай. Дөске қария тоқсан жасына дейін Үшаралда өмір сүрді. Өмір бойы тұрған, өскен, өнген жерін қимады. Бірде Үшаралдағы үйінің маңындағы қырға Дөске ата шығып, ойға шомып отырады. Сол кезде бір жиені қыдырып келіп, нағашысына сәлем беріпті. Сонда тоқсанға жақындап қалған нағашысы Дөске ата: «Е, е, өтті дәурен осылай. Анау жатқан менің ізім. Мен басқа әлемге кеткенде ол із болмайтын шығар» деп болжам айтқан екен. Баланың көңілі қалада екенін меңзегені. Бірақ, Дөске ата туып-өскен Үшаралды перзенттері де ұмытып кеткен жоқ. Барып, үлкендерге сәлем беріп тұрады. Жақында ұл-қыздары Үшаралда әкелеріне арнап үлкен ас беріп, ат шаптырмақ ниетте. Ұрпағынан қызық көрді, ұрпағымен мың жасады деген осы шығар.
Есет Досалы.
Талас ауданы.