Тәңіршілдікті дінге жатқызуға бола ма?
Әуелі біз дін сөзінің ұғымын біліп алғанымыз жөн болар. «Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал «діннің» термин ретіндегі мағынасын, Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықтарды, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннаттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсететін ұғым жүйесі деп түсіндіруге болады.
Дін Жаратушыдан жеткен қасиетті ұғым жүйесі болғандықтан, өзге күштің дінге ұқсас жүйе ойлап шығаруға немесе діни үкімдерге әлдеқандай өзгеріс енгізуге ешқандай да құқы жоқ. Тіпті, пайғамбарлар да мұндай құзыретке ие емес. Дін – Алла Тағаланың таңғажайып даналыққа құрылған жаратылысының алдындағы адамның мақсат, міндеттерін айқындап береді.
Адам баласы тек ішіп-жеу, саят құрып сайрандау, бірін-бірі өлтіру үшін ғана жаратылмаған. Керісінше, адамзаттың Ұлы Жаратушысына құлшылық ету үшін ғана жаратылғандығын «Зарият» сүресіндегі мына бір: «Мен жындар мен адамдарды тек қана маған құлшылық етулері үшін жараттым» деген аят арқылы нақты білеміз.
Дін – пайғамбарлар арқылы адамдарға жеткізілген Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан тұратындықтан, тек уаһиге ғана сүйенеді. Діннің ең басты ерекшелігі осы уаһи арқылы келуінде. Басқалай болған жағдайда, яки дін негізі уаһиге құрылмаса, Алла құзырында иләһи (құдайлық) дін болып саналмайды. Ондай дін «жасанды дін» деп аталады.
Ұлы Жаратушының бар екендігіне сенгенімен, оған қалай құлшылық ету керектігін адам ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар келіп отырды. Өйткені, сылтау мен желеуге бірден-бір тосқауыл ретінде әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға сылтау айтпауы үшін жақсы хабар жеткізуші, астамшылық еткендерді ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік. Алла аса үстем, хикмет иесі» («Ниса» сүресі, 165-аят), – дейді.
Алла қайсыбір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені, Алла өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермегендіктен, адамдар Аллаға қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын деп, Аллаға серік қосу немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін еді. Сол себепті Құранда: «Пайғамбар жібермейінше ешкімді жазаламаймыз» («Исра» сүресі, 15-аят), – деп анық ескертілген.
Демек, Ұлы Жаратушы өзінің діни шариғатын жібере отырып, соңында исламмен тәмамдаған. Ал, исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге аян.
Ислам – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы иләһи дін. Ислам өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла исламнан өзге дінді қабыл етпейді. «Әл-Ғимран» сүресінің 19-аятында: «Күмәнсіз Алланың құзырындағы дін – Ислам» деп ескертсе, аталған сүренің 85-аятында: «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, одан ол әсте қабыл етілмейді. Ол ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» – дейді.
Бір дінді дін деп атай білу үшін Құдай түсінігі, пайғамбар, періште, қасиетті кітабы (жазба мәтіндер), моральдық қағидалар, заңдары, қасиетті күндер мен мейрамдар, ораза, қажылық, құрбандық, садақа, неке, құлшылық, ғибадатхана, дін қызметкері секілді діни атрибуттар қажет. Ал, мұндай атрибуттар болмаса, онда ол наным-сенім немесе ырым болып есептеледі. Наным-сенім мен дінді шатастыру үлкен қателік. Егер барлық наным-сенімді дін ретінде есептесек, онда жер бетінде әр ұлттың, тайпа, рудың бір-бір діні бар деген сөз. Расында солай ма?
Енді тәңіршілдікті алатын болсақ, жоғарыда айтылған мәселелерді ой таразысына салғанымызда қандай дінге жатады? Тәңіршілдікті дін деп атауға бола ма? Әрине, жоқ. Тәңіршілдік дін емес – наным-сенім. Тәңіршілдік – түркі халықтарының исламға дейінгі негізгі діни нанымы. Табынудың басты объектісі – Тәңір. Тәңірі (көне түркі тілінде – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіз күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі. Тәңірмен қатар Жер, Су құдайы да түркілер үшін – табыну объектісі. Бұдан шығатын қорытынды – тәңіршілдікте үш құдай түсінігі бар деген сөз. Тәңіршілдікті өзге діндермен салыстарғанда дін санатына жатпайтындығын аңғару қиын емес. Мәселен, Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды, құлшылық жасауды талап етпейді. Күнделікті құлшылығы мен ғибадатханасы болмаса, ол қандай дін болмақ? Тек Құдайды еске алып қою – ол дін емес, наным.
Философ ғалым Ғарифолла Есім тәңіршілдік мәселесін қозғай келіп: «Түркілердің адамзат өркениетіне қосқан ең үлкен үлесі – Тәңір идеясы. Тәңір идеясын монетеистік сипаттағы мәдени танымның негізі деуге болады. Жалпы, Тәңір мәселесінде ғылымда әр текті пікірлер баршылық. Менің де бұл мәселеде өз түсінігім бар. Тәңірді біз сипаты арқылы танимыз. Ал Тәңірдің сипаты – көк. Басқаша айтқанда көк Тәңірдің эпитеті. Сонда «көк» дегеніміз не? Біреулер көк деген аспан десе, «көкті» эпитет дегенге тоқтайды. Менің пікірімше, «көк» дегеніміз «аспан» емес. Себебі, «көк» деген өсіп-өну деген мағына беретін ұғым. «Көк» сөзі де осы тәрізді Тәңірдің сипатын ашады. Тәңір – жаратылыс, ол көк, яғни мәңгі өсіп-өне беретін қуат. Тәңір деген дін емес», – дейді.
Көк Тәңірге сену тек түркілерге ғана тән наным емес. Мұндай сенімдер барлық құрлықтарда, әсіресе, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Аустралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған тәңір культі. Л.Гумилев ежелгі қытайлықтарда түрік ұғымындағымен бірдей көк тәңір нанымы болғанын растайды.
Олай болса, тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтардың, соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Жоғарыда аталған елдердің ешбірі екі мың, үш мың жыл бұрынғы ата-бабаларының наным-сенімдерін жаңғыртуға құлықты емес. Себебі, ол нанымды дін деп атауға келмейді. Ал, біздегі Әуезхан Қодар секілді кейбір азаматтарымыз тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта тірілтпек. Ол кісінің нені көздегенін түсіну қиын. Түркі халықтарының ешбірі «Біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екендігін ескерсек, расында да ақиқат дін болса, өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды?
Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келді. Қала берсе, әлемге әйгілі көптеген ғалымдарды шығарды. Отырар, Түркістан секілді руханиятқа бай қалаларымызды, әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Иүгүнеки, Хусамиддин Сығанақи, Хибатулла әт-Тарази, Абай, Шәкәрім, Ыбырай қазақ даласынан, ұлтынан шыққан мақтаныштарымыз. Олар асыл дінімізге де қызмет етті. Олардың жазып кеткен кітаптары да – жас ұрпақты адастырмайтын шамшырақ.
Ержан АМАНБАЕВ,
Тараз қалалық орталық «Әулие ата» мешітінің Бас имамы.
Comments are closed.