Әлеумет

Қуат көзін арттыратын кез келді

Қуат көзін арттыратын кез келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізде жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру жалғасатындығын айтты. «Біз «Жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан, қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек», – деді Президент.

Орта Азияда ең ірі нысан болып табылатын күн электр стансасы Жуалы ауданында орналасқан. Яғни, онда жұмыс істеп тұрған «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күн электр стансасы сегіз жылдан бері толық қуатында жұмыс істеп келеді. Аталған стансаның алғашқы бөлігі 2015 жылы пайдалануға берілген. Ол жобаның жалпы құны 23,5 миллиард теңгені құрайды. Стансаға қажетті құрал- жабдықтар, фотоэлектрлі панельдер құрылыс алаңына Германиядан жеткізіліп орналастырылған. Жалпы алаңы 150 гектар алқапты алып жатқан «Burnoe Solar-1» күн электр стансасының қуаттылығы 50 мегаватт. Бұл стансаның тұсауы 2015 жылдың 2 шілдесінде қиылды. Ал, 2016 жылы «Burnoe Solar-2» күн электр стансасының екінші кезеңі басталып, оған алғашқы стансаның жанынан (Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты жер телімінен) 151,8 гектар жер телімі бөлінді. Оған бөлінген қаражат 25 миллиард теңгені құрайды. Аталған жобаның инвесторы «Самұрық Қазына-Юнайтед Грин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ал қаржыландыру көзі – Лондондағы «Еуропалық қайта құру және даму банкі». Бұл кешен аумағында «jinko Solar» компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі және «Sungrow» өндірісінің 16 инверторлық стансасы жұмыс істеуде. Стансаның екінші кезеңі 2018 жылдың қараша айында берілді. Бұл күн электр стансасындағы электр энергиясының жылдық қуаты сағатына 78,2 миллион киловатты құрайды. Бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған жоба да қазіргі уақытта толық қуаттылығында жұмыс істеп, күн сәулесінен электр энергиясын өндіруде. Содан бері күн электр стансасының табысы жыл санап артуда. Бүгінгі таңда 100 мегаватты құрайтын станса күніне 660-680 мың киловатт шамасында қуат өндіру әлеуетіне ие. Бұл қос күн электр стансасының жалпы жобалық құны 48 миллиард теңгені құрайды. Бұл 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ете алады. «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрлан Қапеновтың айтуынша, күн электр стансасының электр өндіру қуаты жыл санап арта түскен. Серіктестік бес жыл бұрын Еуропалық қайта құру және даму банкі EMEA Finance тарапынан «Burnoe Solar-1» жобасы бойынша «Күн энергиясы саласындағы үздік мәмле» номинациясы бойынша марапатқа ие болыпты. Бұдан бөлек, ауданда су электр стансаларын салу қолға алынған. Бастауын Алатаудан алатын Ақсай мен Көксай каналдары ауданның тіршілік көзі. Ақсай өзені Талас Алатауының баурайынан басталып, Теріс өзеніне қо сылатын өзен. Өзеннің тау баурайындағы ағысының арыны қатты. Сондай-ақ табиғаты таңғажайып, арынды өзеннің суы жаяуға ғана емес, аттылыға өткел бермейтін шатқалдың бірі – Көксай. Туристік орталыққа сұранып тұрған ол Жуалы ауданы ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарының мақтанышы. Онда болған адам шатқалдың қос беткейінде сыңсып өсіп тұрған арша мен шырша, бозарша және аққайыңдарын, кәусар ауасы мен мөлдір суын, алуан гүлдер өсетін көкшалғынын ешуақытта ұмытпайды. Оған шекара бойында қалған табиғаттың тамаша туындысы Көксай каньонын қосыңыз. Көкс ай өзенінің суын аудан диқандары ежелден егістігіне пайдаланып келеді. Бұрынғы одақ тарқаған тұста каналдың 12 километрі көрші Қырғыз елінің аумағында қалып қойып, диқандар судан айтарлықтай тапшылық көргені белгілі. 2015 жылы каналдың жаңа арнасын салуға Үкіметтен 5,2 миллиард теңге бөлініп, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан болатын. Одан кейін күн тәртібіне арыны қатты өзеннің суынан электр энергиясын өндіру мәселесі қойылып, оның басына су электр стансасы салына бастаған. Сөйтіп Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алынды. Ст анс аны с а латын инве стор табылып, 2018 жылы бұл жоба қаржыландырылған болатын. Оның құрылыс жұмысын «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС бастап та кеткен еді. Жоба бойынша канал бойынан су электр стансасының 4 каскадын тұрғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда бір электр стансасы тұрғызылған. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Австрия мемлекетінде жасалып, сол жақтан жеткізілген. Сондай-ақ, «Жамбыл электр желілері» ЖШС тарапынан электр бағандары орнатылып, сымдар тартылған. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтің айтуынша, Көксай каналы бойынан қуаттылығы 18 мегаватт шағын су электр стансаларының құрылыс жұмысын жүргізуге ауданның жер қорынан 1,71 гектар жер учаскесі 10 жылға жалға беріліпті. Көксайда «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС су электр стансасын салып жатқанына төрт жылдан асты. Жалпы, онда 2024 жылға дейін қуаттылығы тəулігіне 18 мегаватты құрайтын төрт электр станса салыну керек. Ол жобаның жалпы құны 13,2 миллион АҚШ долларын құрайды. Сол сияқты Ақсай каналының бойынанда қуаттылығы 1 8 мегаватты құрайтын кіші су электр ст анс асының құрылысы, аудан әкімдігінің №655 қаулысына сәйкес су электр стансаларының құрылысын жүргізу құқығы берілген. Инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ доллары. Дегенмен, бұл жобалар толыққанды жүзеге асырылмай тұр. Президенттің сөзімен түйіндейтін болсақ, «Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. бізде ондай мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті пайдалануға мүмкіндік беретін ресурста баршылық.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы