Әлеумет

Оқшау ғұмыр иелері

Оқшау ғұмыр иелері

Бала – бақыт кілті. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген де аталы сөз бар. Алайда, баланың бәрі тумысынан ақылды, білгір болмайтыны тағы белгілі. Өмір болған соң, адам баласы түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Түрлі тағдыр теперішіне төтеп беруге тиіс. Осы тұрғыда үлкендер жағы қандай жағдай болмасын, баланың басына қандай ауыртпалық түспесін, баланы «өмірдің гүлі» деп қабылдап, оның басына төнген түрлі дерт, қателік, кемшілігіне қарамай бауырына басып, кемшілігін түзетуге, ақыл-ойын дамытуға атсалысуға тиіс.

Ал, біз ерекше оқшау ғұмыр иелері – аутист балалар туралы не білеміз? Олардың басқа балалардан қандай айырмасы бар? Мұндай ерекше балаларға қандай қолдау көрсетуге тиіспіз? Біз де қоғамдағы басты сауалға айналған осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. Кішкентай балалардың ми қызметінің ауытқуы салдарынан, айналадағы адамдармен қарым-қатынасқа түсуін қиындатып жіберетін психикалық дамудың бұзылуын – аутизм деп атаймыз. Бұл дерт баланы өз-өзімен «жауып» тастайды. Олар көзге қарамайды, қолға сұранбайды, тамақ сұрап мазаламайды. Тіпті, өздерінің бір жері ауырса да сезбейді. Ондай балалардың назарын бір нысанға аудару немесе бір нәрсе үйрету өте қиын. Айтқан сөзге мән бермейді, сұрақтарға және атын атап шақырғанға көңіл аудармайды. Сондықтан, олар қандай сұрақ қойсаңыз да жауап беруге ұмтылмайды. Бұл дертке шалдыққан балалар ақпараттың көптігінен бойын ыңғайсыздық билеп, жан- жақтан қаумалаған жаңалықтардан қорғана береді екен. Өз бойындағы бар күшін қорғануға жұмсайды. Олардың тұйықтығы соншалық, сөйлемейді, жауап бермейді, үнемі өз әлемінде өмір сүреді. Ешкіммен жұмысы жоқ, өзімен-өзі жүреді де қояды. Тіпті, анасымен де байланысқа түсуі екіталай. Өйткені, олардың бойын үнемі қорқыныш билеп тұрады. Оларда мидың бір бөлігі нашар дамыса, екінші бір бөлігі өте жақсы дамитын көрінеді. Бүгінгі таңда ауытқуы бар балаларды қатардан қалдырмай, көңіл бөлу мақсатында облыс әкімдігі білім басқармасының «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы осындай ерекше балалардың ертеңі үшін қызмет етеді. Онда 553 бала тіркеліп, 121 бала түзету көмегін алуда. Оңалту орталығы ең әуелі әртүрлі себептермен басқа арнайы білім беру мекемелерінен түзету көмегін ала алмайтын, ақыл-ойында және психикалық дамуында ауыр және терең бұзылуы бар балаларға көмек көрсетеді. Орталықта мамандар балалармен ширақ, әрі эмоциямен құлшынып, түрлі ойынға құрылған әдіс-тәсілдерді қолданып өмірге бейімдейді. Баланы мекемеге қабылдау ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімімен психологиялық- медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы негізінде жүргізіледі. Әр бағдарламаның жүргізілуі 3 ай кезеңді құрайды. Дәріс аптасына 3 рет, 1 сағаты 36 сабақтан тұрады. Балаларға білім беру барысында міндетті түрде ата-аналар қатысады екен. – Орталықта 18 педагог қызмет атқарады. Қызметкерлер «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттырған педагогтер. Мұнда шалғай ауылдардан келетін балалардың ата-аналарына да «Қарқынды курс бағдарламасы» бойынша түзету жұмыстарын дұрыс жүргізуге бағытталған кеңестер беріліп, оқытылады. Әрбір бағдарламаны жүргізу үшін 3 ай уақыт қажет. Балаларға сабақ беру барысында «Оқыту дағдыларын дамыту», «Өмірлік дағдыларды дамыту», «Ерте қолдау», «Әлеуметтік дағдыларды дамыту», «Джаспер» және «Қарқынды курс» сынды білімді балалардың бойына сіңіруге тырысамыз, – деді орталық басшысы Эльнура Тортаева. Бүгінде орталық 18 жасқа дейінгі эмоционалды-сауық саласы мен мінез- құлқы бұзылған балаларды психологиялық- педагогикалық қолдауға атсалысады. Баланың жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін анықтайды. Отбасыларына тиімді көмек көрсете отырып, арнайы мамандардың жеке және топтық түзеу жұмыстарын жасап, әрбір бала мен ата- анаға кеңес беріп, баламен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік жасайды. Мұнда мамандардың кабинеттері яғни, психодиагностика, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру, оқу дағдыларды үйрену, «өмірлік дағдыларды дамыту», ерте жастан қолдау, «джаспер», интенсивті курс кабинеттері оңалту құрал-жабдықтарымен, әдістемелік материалдармен, әдеби және ойын арқылы дамытатын қажеттіліктермен жабдықталған. Ізденіс барысында біз деректерге сүйене отырып, аутизмнің пайда болу себептерін түсіндіретін ақпарат жоқ екеніне көз жеткіздік. Бұрын бұл дерт балалар қызылшаға және шошқаборлыққа (свинка) қарсы егілетін вакцинацияның салдарынан пайда болады деген болжам болғанымен, кейін мұндай болжам жоққа шығарылған. Ал, психоаналитиктердің ойынша, бала дүниеге келгеннен кейін, алғашқы даму кезеңіндегі «ата-ананың эмоциялық салқындығы» да балдырғанның немқұрайлы болып қалуына себеп болады. Ал, жаңа туған нәрестенің бойында осы ақау болса, үш жасқа дейін байқалады екен. Дүниеге келген нәрестенің ата-анасы бала ғұмырында қашан да маңызды рөл атқарады. Бесікке бөлеп, ас-ауқатын беріп отырып, баланың өзі шамалас құрдастарымен салыстырғанда дамуындағы тежелісті байқайды. Мұндай балалардың бір ерекшелігі олар күнделікті түрлі қылық жасамайды, керісінше, бір қылығын қайталай беретіндігімен ерекшеленеді. Сондай- ақ, күнде бір ойыншықпен жалғыз өзі ғана ойнайды. Және де олар толық бір ойыншықпен тұтас ойнамайды, керісінше тек бір бөлігімен ғана, мәселен тек басымен ғана ойнауы мүмкін. Егер баланың қайталанатын тәртібін өзгертуге тырыссаңыз, бала ондай өзгеріске дайын болмағандықтан, өте қиын қабылдайды екен. Сонымен қатар, олардың көбісінің зияткерлік қабілеттері қалыптыдан төмен көрінеді. Аутистердің кейбірі жоғары интеллектуалды болса, кейбірінің ақыл-ойы қатты тежелген болуы мүмкін. Бір қызығы, бала әлдеқандай салада мысалы, физика немесе музыкадан дарынды болады. Бірақ, қарапайым әлеуметтік және тұрмыстық дағдыларын білмеуі ықтимал. Бір байқалғаны – түрлі жағдайларда бір бала икемсіз де, әрі епті де бола алады. Олар қатты дыбыс шығаратын тұрмыстық заттардан мысалы, судың дыбысынан, қараңғыдан немесе жарықтан, жабық есіктерден қорқады. Негізі тәжірибелі маман ғана баланың аутизммен күйзелетінін анықтайды. Аутизмге шалдыққан баланы тәрбиелейтін отбасында әлеуметтік оқшаулану мен түсінбеушілік жиі кездеседі. Кейде аутист бала сырттай ерке және әдепсіз болып көрінеді. Көпшіліктің түсініспеушілігі теріс ниеті және бас тартушылық баланың және оның әке-шешесінің қоғамдық жерлерге шығуын тежейді. Бұл жағдай отбасының онсыз да ауыр көңіл-күйін қиындатады. – Тұңғыш ұлым аутист. Менің балам сияқты ауытқуы бар балалармен бірлесіп қыдырамыз, оларды біріктіріп ойнатамыз. Онымен жұмыс істеуге, қоғамнан бөлмеуге, ілім-білімге бет бұрғызуға жан-тәнімізбен бүкіл отбасымызбен кіріскенбіз. Қоғамның бір бөлшегі екенін сезіндіргіміз келеді. «Оларды тұйық әлемнен шығаруға болады» деген түсінікпен жүргенімізге 18 жылдың жүзі болды. Ең бастысы – шаршамай- шалдықпай, үйретуден жалықпау қажет. Олар тіпті көзімізге тік қараса қуанып қаламыз. Себебі, мұндай балалар көзге тік қарамайды. Ал, қараған жағдайда көз жүгіртіп қана өтуі мүмкін. Аутизмі бар баламды арнайы орталыққа мамандарға бердік. Сол жақтан білім алып, көп өзгеріп қалды, – дейді ата-ана Мейірім Ақанқызы. Мамандар расында аутист балалары бар отбасыларға өзара қарым-қатынас құрып, араласудың өте пайдалы екендігін айтады. Олар ортамен еркін араласып кете алмайтын, әлеуметтік дамуы бұзылған балалардың неврологиялық проблемасын шешуге бірден- бір тиімді тәсіл осы екенін айтады.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ