Әлеумет

Махаббат, бақыт мекені

Махаббат, бақыт мекені

«Адам екі жағдайда, бірі – мамандық, екіншісі жар таңдағанда қателеспеуі тиіс», – деп жатады. Расында, мұндай қанатты сөз «қанатты» адам Тұрсынай Тілешованың маңдайына бұйырыпты. Ол өзінің өмірдегі шаттыққа толы шуақты күндерінің жемісін жары Досжан мен туған-туыстарының қолдауынан деп біледі.

Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында туып-өскен Тұрсынай Жуалы ауданы, Қарасаз ауылының азаматына тұрмысқа шығады. Көп ұзамай шаңырақтың шырағын жағып, дүниеге қос қызғалдақ Анель мен Аяна келді. Бүгінде олардың отау құрғанына 13 жылдың жүзі болыпты. Бақытты күндердің ақ таңын тұманға орап, аяқ астынан Тұрсынай дертке шалдығып, ауру алқымнан ала түседі. Сол сәт өзімен бірдей өзегі өртеніп, жанының бір бөлшегіне айналған сүйген жарым ойымауды, бәрінен биік тұруды үйретеді. Кез келген жағдайда қасынан табылып, қолдап-қолпаштап жүріп, бақытты етуге тырысады. Сыздаған жан жарасын бөлісіп, тағдыр теперішін бірге тік тұрып қарсы алады. Тұрсынай 170.2 төменгі аяқ артериясының облитерациялық атеросклерозы және PBA, екі аяқ-қолдың қалқымалы артериясының окклюзиясы, қан айналымының бұзылуы ауруының кесірінен қос аяғынан айырылады. Ол енді ең құрығанда протез аяқ киюге ұмтылып, санының қажетті бөлігін аман алып қалумен күреседі. Алайда, болмады. Асқынған ауру дегеніне жетті. Тұрсынай арбаға таңылды. Алайда Тәңір оның мүмкіндігін шектегенімен, махаббат берді. Басына бұлт үйірілгенде, жары қайраттандырды. Құстардың қайта оралмайтынын, қураған көңіл жібімейтінін түсінгенімен, көктемнің қайта келетінін сезіндірді. Тек алға, жарық күнге, шуақты өмірге ұмтылуға асықтырды. – Ең ауыр сәт аяғыңды жоғалтқан күн емес. Ең ауыр сәт менің кішкентай қос қызғалдағымның науқас анасына көмектесіп жүріп, ерте есейіп кеткені. Туған күн, 8 наурыз мерекелерінде, анасының жазылып, орнынан тұрып кетуін тілеген сәттерде, он ұмтылсам да, тұра алмайтынымды олардың нәзік жанына түсіндіре алмайтыным жаныма батады. Бұрын «Қалай болар екен?» деп қамығушы едім, енді міне кішкентайымның бірі шомылдырса, екіншісі үй тірлігіне көмектеседі. Ойын баласы емес, ойлы бала болып өсіп келеді. Бұл мен үшін өте ауыр. Соны байқаған күйеуім бірде базардан манекеннің екі аяғын әкеп беріп, соны балтырыма ықшамдап, кесіп, шақтап, аяқ киім кигізіп мені далаға алып шықты. Манекеннің аяғы мені сұқ көздерден солай құтқарды. Асыл жар, аяулы бала, ардақты ата-ене берген Аллаға мың мадақ айтамын. Менің жылауыма себеп жоқ. Тек, «баспалдақпен өздігінен жүре алатын арбам болса», «Көмек қолын созар, қайырымды жан табылса» деп армандаймын. Өйткені, мені сыртқа кіргізіп, шығару оңай болмай тұр, – дейді Тұрсынай. Бүгінде Тұрсынай ауыл тұрғындарына ақылы түрде компьютерлік қызметтің барлық түрін көрсетуді бастап кетті. «Ксерокс» жасап, «ламинат», түрлі фотосуреттер шығарады. Туған күндерге арналған ерекше тосын сыйлықтар ұйымдастырады. Мерекелерде сүйікті адамының суретімен әсем шыны аяқ жасайды. Бүгінде шыныаяққа тапсырыс берушілердің қатары көбейген. Тек ауыл тұрғындары ғана емес, аудан орталығынан және ауданға қарасты шет ауылдардан да тапсырыс көптеп түсіп жатады. Ал, шыныаяқтарды Шымкент қаласынан отағасы Досжан Сейделдаев жеткізіп тұрады. Бірде әлеуметтік желіде Меккеге жолдама беріліп жатқанын көріп, өз жағдайын жасырмай, барғысы келетінін жазады. Кейін расында «Елге көмек» қорының қолдауымен жолдамаға қол жеткізеді. Алайда, жалғыз бара алмайтыны тағы кедергі болады. Бірақ, бұл жолы жомарт жан Гүлмира Қарасайдың қолдауымен күйеуіне де жолдама сыйға тартылады. Сөйтіп, сүйген жары екеуі қасиетті мекенге барып келді. Махаббат пен бақыт құсы ұя салған бұл отбасыны алда ең ғажайып сәттер күтіп тұрғаны сөзсіз!  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ