Саясат

Әлеуметтің әлеуетін жақсартатын болады

Әлеуметтің әлеуетін жақсартатын болады

Қазіргі таңдағы сарапшылардың айғақтауынша, ХХІ-ғасырдан бастап, байлық көзі – ынтымаққа, бірлікке, келісім-шарт жасауға, консенсусқа ауысты. Міне, осыны басқалардан бұрын түсінген біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын, Мәскеу университетінің ғимаратында бүкіл жұртты аузына қаратқан ең білгір ғалымдарды жинап алып, Еуразиялық Экономикалық Одақ құру туралы идеясын айтқан еді. Пікірді тура мағынасында түсініп, игі іс екенін мойындап тұрса да, егемендік «эйфориясымен» желіккен көп елдің басшылары, ол кезде аталы сөзге құлақ аспады. Ақыры, 2014 жылдың 29 мамыры күні Астана қаласында Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіруге үш ел президенті қол қойып, 2015 жылдың қаңтарынан бастап іске кірісетін болды. Бұл игі іске түсіністікпен қарап, қабылдаған әлем елдерінің қуанышында шек жоқ! Өйткені, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тауар айналымына, қызмет көрсету ісіне, адами капиталға және қаржы капиталына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болған – Қазақстан, Беларусь, Ресей аумағында шектеу қойылмайтын болады. Бұл – Қазақстанның тұтыну нарығы 170 миллион тауар тұтынушыға ұлғаяды деген сөз. Егер бұл одаққа еліміз мүше болмаса, Қазақстанда шығарылған тауарларды сатып алушылар саны тек қана 17 миллион адаммен шектелер еді. Еуразиялық экономикалық одақ жастарға кең жол ашып отыр. Өйткені, осы одақтың арқасында, жастар қай елде білім аламын десе де өз еркі. Одақ арқылы жастардың өрісі мейлінше кеңеймек. Осыны түсінуіміз керек! 170 миллион адамның бәсекесіне төтеп беру үшін, мына үш тетікті, үнемі есте сақтау, мұқият орындағанымыз ләзім. Біріншіден, күнделікті өндірісте пайдаланатын құрал-жабдықтар, жалпы технология заманауи, өте озық болуы шарт. Екіншіден, тауарды сапалы әрі өзіндік құнын басқалардан төмен етіп шығара білу керек. Үшіншіден, кәсіпкер жалпы іс адамы, үнемі өзін-өзі қамшылап, тәжірибесін, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Бұл ретте біз, жастарға сенеміз! Жас буынға сенім артамыз! Яғни, еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы келешек ұрпаққа өте тиімді. Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігін бүгінде әлем халықтарының дені түсініп отыр. Сондықтан да одаққа мүше болуға, қазір, 30 ел үміт артуда. Ал Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері одаққа кіруге қызу дайындық үстінде. Еуроазиялық экономикалық одақ Азия мен Еуропаның алтын көпіріне айналмақ. Қазірдің өзінде үш ел – Қазақстан, Беларусь, Ресей – Еуропа одағымен байланыс орнатып, олардың жіберген қателіктерін қайталамауға тырысуда. Әдетте, кез-келген жаңа іс, жаңа ой кедергілерге ұшырамай тұрмайды! Еуразиялық экономикалық одақтың оппоненттері бар. Олар Еуразиялық экономикалық одақ біртіндеп, ССРО-ға алып келеді деп, топшылайды. Ол ой мүлде негізсіз. Өйткені, СССР-лық экономикалық база жойылған. Жүз пайыздық мемлекеттік меншік жоқ. Дегенмен, ондай күмән-күдіктен арылу үшін, үш ел басшылары, Еуроазия одағының қаржы орталығы ретінде Алматы қаласын таңдады. Осыған орай, Тұңғыш Президентіміздің сөзіне жүгінсек: «Біз Егемендігімізді ешкімге бермейміз! Қазақстан, мәңгібақи Тәуелсіз ел болып қала береді!» Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ, тек экономика секторын, оқтын-оқтын білім, мәдениет, медицина салаларын ғана қамтиды. Ал саяси бостандықты, егемендікті, тәуелсіздікті – Еуразиялық экономикалық одаққа кірген елдер сақтап қалады! Міне, Мемлекет басшысы күні кешегі «Тәуелсіздік толғауында» да, отандық жетекші телеарналар тілшілеріне берген сұхбатында да осы мәселелерге айрықша тоқталып өтті. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде интеграциясыз алға басу қиын. Осы орайда Армения мен Қырғыстан мемлеттерінің де Экономикалық Одаққа кіруге талпыныс жасап жатқаны тегін емес. 2016 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің тауар айналымы – 900 миллиард долларға жетеді деген болжам бар. Бұл ынтымақтас елдер халықтарының әл-ауқаты күрт көтеріледі деген сөз!

Қуандық ТҰРДАЛИН,  ТарМПИ профессоры.