Саясат

Мақсат – айқын, міндет – зор

Мақсат – айқын, міндет – зор

10Нұржан ЕГІНБАЕВ, облыстық әділет департаментінің басшысы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы бүгінде әлемдік экономиканың әлі де қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қоймаған, оның үстіне геосаяси жағдайдың күрделене түскен кезеңінде жария етілген құнды құжат ретінде қабылданып отыр. Осындай алмағайып уақытта Елбасы – Ұлт Көшбасшысы абдырап қалмай, алға басудың тура жолын көрсетіп берді. Жаңа Жолдаудың мерзімінен бұрын жария етілуі де сондықтан. Президент Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдына қандай да қаржылық қиындықтарға қарамастан барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету туралы нақты міндет қойды. Сонымен қатар, экономиканы әрі қарай қайта құрылымдау үшін резервтерді пайдалану қажеттігін баса айтты. Бұл орайда мемлекет мүмкіндігі көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын тиісті мақсаттарға бағыттауды тапсыруы – көптің көңілін тасытуда. Бұған Мемлекет басшысының Жолдауын тұрғындарға кеңінен түсіндіру мақсатындағы ақпараттық-насихаттық топ құрамында Шу ауданында болғанымызда айқын көз жеткіздік. Елбасы өз Жолдауында Инфрақұрылымдық дамудың жоспары Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры болатындығын айта келіп, жеті басым бағытты атап көрсетті. Соның бірі ретінде Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігіне айрықша тоқталды. Бүгінде Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілген. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. Шын мәнінде, шағын және орта бизнес экономикалық өсімнің басты драйвері ретінде қалыптасып, жыл санап өркен жаюда. Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен саланы серпілту бағытында қыруар жұмыс атқаруда. Осы орайда облыстық әділет департаменті мен оның құрылымдық бөлімшелері шағын кәсіпкерлік субъектілердің дамуына мемлекеттік қызметтер көрсету арқылы елеулі үлес қосып жатқанын айта кеткен жөн. Қолданыстағы заңнамаларға 2012 жылдың 24 желтоқсанындағы енгізілген өзгерістерге сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу, құрылтайшымен (құрылтайшылармен) тіркеуші органға ҚР Әділет министрлігімен бекітілген нұсқаға сәйкес кәсіпкерлік қызметін бастағандығы туралы хабарлама ұсынылады. Кәсіпкерлік қызметін бастағандығы туралы хабарламамен бірге заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін алынатын мемлекеттік баж төленгендігі туралы түбіртек немесе өзге құжаттың көшірмесі беріледі. Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкілдіктерін мемлекеттік тіркеу кезінде Жарғы (Ереже) ұсынылмайды.Қазіргі таңда, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу заңнамаларын жетілдірумен қатар, өзге де мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру іс-шаралары жүзеге асырылуда. Мысалы «Электронды үкімет» порталында (www.egov.kz) заңды тұлғаларды тіркеу саласы бойынша шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаны электронды түрде тіркеу 1 күн мерзім ішінде жүзеге асырылады.Кәсіпкерлік субъектілері тіркеуші органға қайырылмастан, кез-келген жерден заңды тұлғаны тіркеу арыздарын жолдауларына болады. Электронды тіркеудің басымдылығы, бұл – құжаттарды жинау, сонымен қатар, ХҚКО-да кезекте тұру қажеттілігінің болмауында. Мұның өзі қаншама уақытты үнемдеп, тиімділікке бастайды. Заңды тұлғаларды тіркеу (қайта тіркеу), олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамаларын беру де электронды форматта іске асуда. Қазіргі таңда облыс аумағында 2013 жылдың 1 қаңтарынан бүгінгі күнге дейін 660 шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға тіркелген. Оның ішінде 505 заңды тұлға «Электронды үкімет» порталының мүмкіндігін пайдаланған. Сондай-ақ, бүгінде мемлекет тарапынан әкімшілік заңнаманы жетілдіру мақсатында тиісті реформалау жүргізіліп жатқаны белгілі. Жаңа «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекс 2015 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді. Кодекс шеңберінде айыппұлдар мөлшерінің 50 пайызға төмендетілуі де шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың нақты көрінісі. Міне, Елбасымыз жария еткен «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясаты біздің дүниежүзіндегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу жолындағы ауқымды қадамымыз. Мақсат – айқын, міндет – зор. Ендеше, оны жүзеге асыру әрбіріміздің азаматтық парызымыз.