Рухани құндылық ұрпаққа мұра
Рухани құндылық ұрпаққа мұра
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобынан – Айша Кеңесбаева, Лаура Ұзақбаева, Жанаргүл Садыкова, Айгерім Бейсембі, Камила Мырзабаева сынды теолог, дінтанушылар өңірдегі әйелдер қауымымен кездесулер ұйымдастырды. Бес күндік іс-шарада теріс діни ағымдардың белгілері, еліміздегі жалпы білім берудің зайырлы сипаты, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі ережелерін түсіндіру, дәстүрлі діндердің рухани құндылықтары туралы ақпараттар берілді. Сарапшылар діннің рухани-адамгершілік құрамдас бөлігі мәселелеріне, қазіргі қоғамдағы діндар әйелдердің рөлі мен әлеуметтік мәртебесін, сондай-ақ әйелдер арасында діни сауаттылықты арттыруға, деструктивті діни ағымдардың әсеріне қарсы тұру шараларына ерекше назар аударды. Жобаның спикері, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің исламтанушысы Айша Кеңесбаева: – Жамбыл облысына келудегі мақсатымыз – әртүрлі студент қыздарға, мектеп-гимназияларда, сондай-ақ жастар ресурстық орталығында Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет төңірегінде түсіндіру, діни сауаттылықтың маңызы, әлемдік діндер және әйел теңдігі, жас ерекшелік психологиясы, қоғамдағы әйелдің рөлі, жастарды жат ағымнан сақтау, рухани құндылықтарды түсіндіру, қыз балаларға өнегелі тәрбие беру тақырыптары төңірегінде әртүрлі кездесулер, дәрістер өткізу. – Бұл мәселелер әлбетте, ел ішіндегі дінге қызығушылық, сенім мәселесінде өздерінде туындаған сауалдар болса қайдан, қалай жауап алу керектігіне бағыт-бағдар беру, сондай-ақ, діни ұстанымның маңыздылығы, теріс ағымнан сақтану жолдары, адамның руханиятына әсер ететін әртүрлі сауалдар төңірегінде кездесулер болды. Бірінші кезекте айтқымыз келгені, ертеңгі саналы ұрпақ – бүгінгі білім алудан басталады», – деді. Түсіндіру тобы М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Жамбыл медициналық колледжі, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық гуманитарлық университеті, Болашақ колледжі, Аспара мәнерлік өнер және бизнес колледжі, «Һибатулла Тарази» медресесі, қалалық аурухана ұжымына, Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған лицей-интернаты, Асанбай Асқаров атындағы Меркі көпсалалы колледжіне, Меркі ауданы жастар ресурстық орталығы, Абылайхан, Момышұлы, Әуезов атындағы мектеп гимназияларға, Абай атындағы және Бірлесу-Еңбек ауылының орта мектептерінде әйелдер қауымымен жүздесіп, оларға рухани мемлекеттік зайырлы ұстанымның құндылықтары, сонымен қатар ұлттық тарихымыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы аясында семинар, кездесулер өткізді. Аспара мәнерлі өнер және бизнес колледжінің 1-курс студенті Айнұр Нұрышбаева: – Мамандардан әлеуметтік желілерде кез келген блогерлерді тыңдай бермей, оларды және оқыған ақпаратты қалай сұрыптау керек, қандай кітап оқу керек туралы ақпараттар алдық. Арабша сөздер жазылған видеоларды түсінбейтін болсақ, басқа біреуге таратпауымыз керек екен. Себебі, онда діни ағымдар туралы мәліметтер болуы мүмкін. Одан кейін кез келген психологтарды да тыңдамауымыз керек. Олардың ішінде дұрыс емес айтатын, басқа ағымға жетелейтін де курстар көп болуы мүмкін екенінен хабардар болдық, – деп құнды ақпарат алғанын айтты.
Назерке СӘНДІБЕК