Бала көп, балабақша да көбейіп келеді
Бала көп, балабақша да көбейіп келеді
Күніне 30-35 сәби балабақша кезегіне қойылады
Елбасы жуырдағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында еліміздегі балабақша жетіспеушілігін таяу жылдарда жою бағытындағы жұмыстарға Ұлттық қордан 20 миллиард теңге бөлінетіндігін, жергілікті әкімдер жеке меншік секторларды тарта отырып, бұл іспен түбегейлі айналысуы керектігін де атап көрсетуі сала қызметкерлерін соны серпілістерге бастап отыр. Шынында да, бұл көпшілікті толғантқан басты мәселелердің бірі болатын. Бала тәрбиесінің қоғамымызда алар орны, жөні де бөлек. Тараз қаласында бүгінде мемлекеттік және жеке меншік негізде 60 балабақша мен 26 шағын орталық жұмыс істейді. Бұл, сөз жоқ, өңірде мемлекеттік «Балапан» бағдарламасын нақты іс жүзіне асырудың, толассыз еңбектенудің жемісті нәтижесі. Биыл 1500 балаға арналған орын ашу ойластырылып, қазірдің өзінде кезекте тұрғандарының 1513-і тиісінше орынмен қамтылды. Жалпы жыл басталғаннан соңына дейін барлығы 8 балабақша мен 2 шағын орталықты балалар игілігіне беру есебінен бұл меже толықтай орындалатын болады. Қазіргі таңда қала бойынша барлығы 17 068 бала балабақшаға барады. Осылайша, 1-6 жас аралығындағы тараздық бүлдіршіндердің 56,6 пайызы, 3-6 жас аралығындағыларының 77,6 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамтылуына қол жеткізіліп отыр. Бұл тұрғыда қамту көрсеткішінің 2011 жылдағымен салыстырғанда, 16,4 пайызға артқаны байқалады. Дейтұрғанмен, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында осыншама қыруар жұмыстар жүзеге асырылғанына қарамастан, кемуді айтасыз, керісінше бір ғана Тараз қаласының өзінде кезекте тұрған бүлдіршіндер саны бірнеше жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге дейін көбейіп отыр. Мұның шаһар халқының демографиялық өсімімен, экономикамыздың жақсара түсуімен, тұрғындардың тұрмыстары түзеліп, төлемақы қабілеттерінің артуымен, ұл-қыздарының жақсы ортада тәрбиеленуіне мән беруі, мәдениеті қалыптаса бастауымен де байланысы бар деп ойлаймыз. Балабақша кезегінде тұрғандар қатарын кемітудің пәрменді шаралары жыл бойы үздіксіз жүзеге асырылып та жатыр. Биыл төртінші тоқсанының өзінде мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне орналасу үшін 1680 (күніне шамамен 30-35) бала кезекке қойылды. Оларға жолдамалар бөлу тиісті мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес жүргізілуде. Балабақшаларға бүлдіршіндерді тұрақты және уақытша орналастыруға қабылдау бос орынның болуына қарай жыл бойы жүргізіле береді. Әлбетте, I және II топтағы мүгедектердің ұл-қыздары, көпбалалы отбасынан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім балалар, соғысқа қатысқандығына және мүгедектігіне байланысты жеңілдік пен кепілдік берілген тұлғалардың, әскери қызметшілердің балалары бірінші кезекте орын алуға құқылы. Орын бөлу жұмысын қоғамдық комиссия қадағалайды. Аталмыш құрылым құрамына қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен ата-аналар арасынан өкілдер енгізілген. Сондай-ақ, балабақшамен қамту бос орындар бойынша берілген сұраныс тізбесі негізінде жүргізіліп, қолда бар орын санымен шектелінеді және стандарт талаптарына сәйкестендіріледі. Мектепке дейінгі тәрбие мекемесіне орналасу үшін кезекте тұрған балалардың тізімі Білім және ғылым министрлігінің интернет ресурсының (www.edu.gov.kz) «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде орналастырылған. Сонымен қатар, кезегі келген балалардың тізімі былтырдан бастап баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып келеді. Соған қарамастан, тараздық ата-аналардың көбісі бүлдіршіндердің мектепке дейінгі ұйымдарға орналасуының жай-күйі жөніндегі ақпараттардан бейхабар екендігі де байқалады. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту, сондай-ақ, оларға тәрбие мен білім берудің сапалық деңгейін көтеру бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғастырыла бермек.
Гүлзия ЗӘУІРБЕКОВА, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы.