Экономика

Өсімтал бау өсіргіңіз келсе... түріктерден үйрену керек

Өсімтал бау өсіргіңіз келсе... түріктерден үйрену керек

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласына қолдау молынан жасалып жатыр. Оның ішінде өсімтал бақ өсіру, сүтті-тауарлы фермаларды қаржыландыру мәселесі де назардан тысқары қалған емес.

Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мәселесі «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ төрағасы Н. Сарыбаевтың қатысуымен өткен жиында тағы да нақтылана түсті. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов ашып, жүргізіп отырды. Аграрлық сектор мамандары қатысқан жиында сөз алған «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ төрағасы Нармұхан Сарыбаев өсімтал бау-бақша өсірудің маңыздылығын егжей-тегжей әңгімелеп берді. Бір анығы, биыл аталмыш қор арқылы өңіріміздегі шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлерге 2,4 миллиард несие жеңілдетілген пайыздық үстемемен беріліпті. Жиында Нармұхан Сарыбаев: «Жалпы сүтті тауарлы фермалардың жұмысын жандандыру, тамшылатып суару технологиясының тиімділігін түйсініп, әрмен қарай кеңінен пайдалану, өсімтал бауларды құру еліміз үшін үлкен жұмыс саналады. Біз шағын бес гектарлық жері бар алма бауларын қаржыландыруды ұмытпауымыз керек. Айталық бес гектарлық алқаптан он шақты жері бар қожалық иесі несие алған күннің өзінде сол жерлер бір-біріне жақын орналасса, ол жалпымызға тиімді болады. Оның сыртында жерді үнемдеу деген бар. Бәрін ойластырып істеу қажет. Айталық, баудың инфрақұрылымы да назардан тыс қалмайтыны аян. Бүгінгі таңда көшеттер шет елдерден әкелінеді. Егер соның бәрі өзіміздікі болса, шығын да азая түспек. Ол күнге де жетеміз. Бұл несие лизингке жатпайды. Тек, жер мемлекеттік қор арқылы көрініс тапса ғана, несиені лизингтік түрде алуға мүмкіндік тумақ» дей келе, өсімтал бақ өсіру арқылы біз сырттан келетін бау-бақша өнімдеріне бәсекелестікті арттыра алатынымызды сөз етті. Мұнан кейін Түркияның Анталия қаласындағы «Анадолы» компаниясының өкілі Хош Дурмуш сөз алып, слайд арқылы өзінің бау-бақшасының бүгінгі келбетін көрсетіп, одан өнікті өнім алудың жолдарын айтып берді. Қажет болса, бірлесіп жұмыс жасауға болатынын да сөз етті. Соңыра «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ мен облысымыздың агросекторын дамытуға орай жасалған екі жақты келісімге қол қойылды. Иә, әлемде алманы сыртқа ең көп экспорттайтын Қытай болса, сондай көшбасшылардың санатына Түркия елі де енеді. Олардың тиімді әдістерін өз қажетімізге жаратқаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».