Әлеумет

Ветеринар - ауыр да жауапты мамандық

Ветеринар - ауыр да жауапты мамандық

Ауыл шаруашылығы саласы үшін төрт түліктің орны бөлек. Өйткені, қазақ үшін малдың жөні бір бөлек. Дүниесін төрт түлікпен түгендеп, соның ауру-сырқаудан амандығына шүкіршілік еткен. Қазақ мал жайын жақсы білген. Адам ауырса дәрігерге жүгінетіні секілді мал ауырса мал дәрігерінің қызметіне тәуелді екеніміз шындық.

Аграрлық саланың осы бір маңызды бөлігі ветеринар қызметіне тәуелді. Біз бала кезде қызыға тамашалайтын «Доктор Айболит» мультфилімінің кейіпкері секілді шаруа үшін мал дәрігерінің жұмысы маңызды. Жуырда облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен, Рысқұлов ауданының ветеринариялық станциясында баспасөз туры өтті. Іс-шараның мақсаты – облыс аумағындағы ветеринариялық мамандардың өз міндеттерін сапалы және уақтылы орындауы, жануарлардың аса қауіпті және адамдар мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардың алдын алу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосты. Бұл іс-шара Т.Рысқұлов ауданының ветеринариялық станциясы шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан бастау алды. Жиынды осы өңірдегі ветеринариялық станцияның директоры Серікбай Далибаев ашып, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы және диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілуі, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерек қорындағы «VetLab» модулінің жұмысына тоқталды. Ол ауру жануарларды санитариялық союға тасымалдау бойынша қызмет көрсетуді жүзеге асырады. «Бүгінгі күнде бұл салада 171 адам қызмет етуде. Олардың жылдық жалақы қоры 308 миллион, 284 мың теңгені құрайды. Жоғарғы білімді ветеринар маманның орташа жалақысы 143734 теңгені құраса, орта білімді ветеринар маманның орташа жалақысы 121630 теңге. Жоғарғы білімді 23 ветеринар маман, орта білімді 90 ветеринар маман бар», – дейді Серікбай Берікқожаұлы. Сондай-ақ, бас ветеринар кәсіпорын теңгерімінде 12 ветеринарлық пункт, 3 биотермикалық шұңқыр орналасқанын айтты. Бұдан бөлек, Ақбұлақ, Құлан, Өрнек ауыл округтерінде екі мал сою алаңы, Құлан ауылындағы 27 сібір жарасы ошағы бар. Барлық нысандар мемлекеттік тіркеуден өтіп, әділет басқармасы арқылы рәсімделген ветеринарлар 26 қызметтік автокөлікпен қамтылған. Кәсіпорын тарапынан ветеринар қызметкерлер акушерлік және хирургиялық құрал-жабдықтармен, термочемодандармен және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ветеринарларға жылына 1 рет жаздық арнайы киім, 2 жылда 1 рет қыстық арнайы киім беріледі. 2017 жылы кәсіпорынның ақылы қызмет көрсетуден түскен қаражат есебінен Құлан ауылдық округінде ветеринариялық пункт, ал 2020 жылы мал сою алаңы салынған. Бүгінгі күні жеке кәсіпкерлерге жалға берілген. Кәсіпорын «Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланыста жұмыс істеп, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруда. 2021 жылдан бастап қолдан ұрықтандыру жұмысын қолға алып, осы университет пен «Құлан ауыл шаруашылығы колледжімен келісімшарт жасап, 15 ветеринар маманды оқытып, қолдан ұрықтандыру маманы сертификатын алған. Ветеринарлық станцияның тыныс-тіршілігімен танысу барысында мамандардың итке жасаған операциясына куә болдық. Ит иесінің өтініші бойынша ұрғашы жануардың ұрықтанбауына яғни күшіктемеуіне жасалатын ота екен. – Бүгінде өңірімізде қаңғыбас иттер көп. Бұл солардың санын азайтудың жолы. Бұны стерилизация дейді. Жатырдағы аналық жұмыртқаны алып тастаймыз, – дейді мал дәрігері Рашит Сәрсенбек. Хирургия жұмыстарына ат салысып, тәжірибе алмасып жатқан дезинфектор маман Ануар Үкібаевта жануарларға ота жасаудың қыр-сырын көпшілікке түсіндіріп берді. Тұрғындардың сұранысы бойынша бұл қызмет тегін көрсетіледі. «Таңба» бағдарламасы бойынша жауапты маманы Төреғали Дәулетқазының айтуынша, Халықтың өтініші бойынша жануарлар арнайы тізімге алынып чип тігіп отырады екен. Ал, мал сою алаңында мүйізді ірі қара мал 1500 теңгеге сойылып, мүшеленеді екен. Сөйтіп жарамдылығын дәлелдейтін құжат беріледі. Сойылған малдың етіне мөр басып, базарларға, дүкендерге өткізуге жолдама жасалынып, мал иесі тұтынушыға күмән тудырмайтындай дәрежеде өз өнімін ұсына алады. Онда мал етін сақтайтын мұздатқышта қарастырылған. Аудан бойынша 2 мал сою алаңы бар екен. Бірі жеке кәсіпкер, екіншісі осы алаң. Жеке кәсіпкердің ақылы қызметі қымбат. – Аптасына 100 қой, 7-8 мүйізді ірі қара сойылады. Сойылған малдың барлығынан сынама алынып, оның ауыру емес екені тексеріліп, тіке Алматы қаласына жөнелтіледі. Соның барлығын біздің мамандар көзбен көріп, қолымен рұқсат қағаздарын жазып беріп отырады, – дейді С.Далибаев.  

Нұржан ӘЛІШ

Т.Рысқұлов ауданы