Ауырмасын... жүрек
Ауырмасын... жүрек
Елімізге танымал оташы, ғалым, денсаулық сақтау жүйесінің білікті ұйым-дастырушысы, академик, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Сейітхан Жошыбаевтың осыдан жеті жыл бұрын Тараздағы Т. Рысқұлов атындағы шипа-жайдың бір қанатын жалға алып ашқан жеке меншік кардиохиругиялық орталығы аз ғана уақыттың ішінде аяғына тік тұрды. Мұнда 2008 жылдан бері өңірімізден тыс Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласынан, тіпті, көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан секілді республикалардан квота арқылы келген екі мыңнан астам сырқаттың жүрегіне ашық ота жасалыпты.
Мұнда қазір 60-тан астам медициналық қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында екі медицина ғылымдарының докторы, профессор, екі кандидаты, сондай-ақ, төрт резидент, екі докторант және екі магистрант бар. Олар шет мемлекеттердің алдыңғы қатарлы емдеу клиникаларында тағылымдамадан өтіп, біліктілігі мен шеберлігін шыңдау үстінде.
«Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» болып қайта құрылған мекеме осы жылдың қыркүйек айынан бастап жеке арнайы ғимаратқа да көшірілген-ді. Бұрынғы балабақша ғимараты негізінде емханаға лайықталып күрделі жөндеуден өткізілген үш қабатты жаңа нысанның жалпы аумағы бес мың шаршы метрді құрайды. Бұған дейін де аты алысқа танымал болып үлгерген, ендігі жерде өз қызметін жеке меншік серіктестік негізінде салынған жаңа жайда одан әрі жемісті жалғастырғалы отырған орталықта емделуге сұраныс көбеймесе, азаймайтыны белгілі. Жаңа емдеу мекемесі заманауи медициналық құрылғылармен бұдан әрі де жарақтандырыла бермек. С. Жошыбаевтың жуырда Тәуелсіздік мерекесі күні Елбасы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталуы да орталықтағы еңбек ұжымының қуанышын еселей түсті. Осымен байланысты өткен сенбіде Тараздағы «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ғимаратының таныстырылымы ұйымдастырылды. Емделушілердің туған-туыстарымен кездесуіне, серуендеуіне арналған екі бірдей «қысқы бақ» холлдары келушілерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Осындағы кітапхана да сирек медициналық ғылыми әдебиеттермен жабдықталған. Емхана 60 төсектік, екі орынды комфортты палаталардан тұрады. Отадан кейінгі санаттағы сырқаттар жақындарымен он-лайн режімінде байланысқа да шыға алады. Айтпақшы, орталықта облысымыздың емханалары жолдамасымен келгендер (балалар мен ересектер) үшін тексеруден өту тегін жүзеге асырылады. Осы күні орталықтың мәжіліс залында өткізілген брифингте Сейітхан Жошыбайұлы өзі басқаратын кардиохирургиялық орталықтың қалыптасып, дамуы жөнінде жан-жақты мәлімет беріп: – Менің өз Отаныма, туған еліме оралуым Елбасының тапсыруымен жүзеге асырылған «Қазақстан Республикасында кардиология мен кардиохирургияны дамыту туралы 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» қабылдануымен тұспа-тұс келді. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қамқорлығы мен өзі бас болып қадағалауының арқасында осындай биік дәрежеге жеткенімізді, әлемдік деңгейге көтерілгенімізді айрықша атап айтқым келеді. Бізде енді кардиохирургиялық қана емес, трансплантологиялық емшаралар да жүзеге асырыла бастайтын болады. Адам ағзаларын, оның ішінде бүйректі, бауырды, жүректі, өкпені алмастырып салу операциялары жасалады. Былайша айтқанда, еліміздегі бірегей үлгілік-тәжірибелік, ғылыми-әдістемелік орталыққа айналдырылмақ, – деп ағынан жарылды. Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан, Астана мен Алматы қалаларынан Парламент депутаттары Алдан Смайылов, Серікбай Нұрғисаев, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов, белгілі балалар хирургі, академик Камал Ормантаев, тағы басқалары бастаған аға, іні әріптестері, дос-бауырлары келіп құттықтап, ұжым басшысы мен қызметкерлерінің қуанышына ортақтасты.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».