Жаңалықтар

Түркі жұрты төбесіне көтерген Тұрар

Түркі жұрты төбесіне көтерген Тұрар

26 желтоқсан – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туған күні

Тұрар Рысқұловты бүгінгі ұрпақ Кеңестер одағын құрушы, жалынды революционер ретінде ғана таниды. Өмірбаянына тереңірек үңілген адам оның түбі бір Түркі жұртының тұтастығын, түркі тектес халықтардың басын біріктіруді, олардың азаттығын ойлаған алғыр ойлы азамат, одақтық, ортаазиялық деңгейдегі саясаткер екенін танып біледі. Осындай тарихи тұлғаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «1927-1937 жылдардағы КСРО Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловқа дейін қазақ баласы дәл мұндай қызмет атқарып көрмеген болатын» деп өте жоғары баға берген болатын. «Халқым, сен аман бол, өзің барда менің де атым өшпес» деп соңына өнегелі өсиет қалдырған тұғырлы тұлғаның өмірі мен қызметі туралы жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» кітабында жан-жақты жазылған. Сондықтан, біз тарихи тұлғаның облысымызға қатысты қадау-қадау өмір-деректерін ғана сөз етпекпіз. Әкесі Рысқұл Жылқайдарұлы зорлық пен қорлыққа шыдай алмай Саймасай болысты атып өлтіріп, түрмеге жабылғанда, «Өштескен біреулер қастандық жасап жүре ме» деген қауіппен түрме бастығының тілін тауып, алты жастан асқанда анасынан айырылып, сәби күнінен-ақ өмірі аса бір қаталдықпен басталған кішкене Тұрарды абақтыға қасына алдырады. Жасынан зерек бала сонда хат танып, орысша үйренеді. 1907-1910 жылдар аралығында орыс-қырғыз мектеп интернатында, 1910-1914 жылдары Бішкектегі бірінші разрядты ауылшаруашылығы мектебінде білім алды. Самарадағы ауылшаруашылығы училищесіне емтихандарды беске тапсырса да «бұратана халықтың өкілі» ретінде оқуға қабылданбайды, сол сияқты 1915 жылы Ташкенттегі Мұғалімдер институты да Петроградтағы ағарту Министрлігі тарапынан жазған өтінішін қабылдамай тастайды. 1916 жылы тамыз айында Тұрар табандылығының арқасында сол институтқа оқуға рұқсат алды. Күнкөріс қамы үшін Тұрар оқумен қатар Ташкент қаласының іргесіндегі Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып жұмыс атқарды. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Тұрар оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылындағы нағашыларына келеді. Ол кезде Меркіде халық ашық түрде бас көтеріп, қарулы қақтығыстар орын ала бастаған. Тұрар Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің қозғалысына араласып, саяси бағдар береді. Сол шақта патша өкіметі Рысқұловты тұтқындап, оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жібереді. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң Тұрар Меркіде «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Осы жылдың жазында Тұрар Рысқұлов РСДЖП құрамына мүше болып қабылданады. Тұрардың саясаткерлік жолы осылай басталады. 1918 жылғы сәуірде Тұрар Рысқұлов Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орын-басары болып сайланады. Бұл кезде ол бар күш-жігерін халықты ашаршылық тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың қырқысын тыюға, жергілікті халық өкілдерін кеңестерге көптеп тартуға жұмсады. 1920 жылдың қаңтарында Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, Түркістан республикасының саяси-мемлекеттік егемендігі жолында табанды күрес жүргізеді. Қазақстандағы 1931-1932 жылдардағы алапат аштықпен белсене күрескен де осы Тұрар еді. Әсіресе, аштыққа қарсы жұмыс комиссиясының төрағасы ретінде тиісінше пәрменді шаралар қолданып, қиын-қыстау кезеңде 1,2 миллион халықты аштықтан арашалап қалғаны ерен ерлік екені даусыз. Ол Қазақстандағы аштық жайлы Сталинге 30 беттен тұратын хат та жазған. Темір жолды жағалап, Ресей ормандарын аралап, шашылып кеткен ағаштарды жинаған вагондар халық арасында «Рысқұлов вагондары» атанғандығы бізге тарихтан мәлім. В. Устинов өзінің «Тұрар Рысқұлов» атты еңбегінде көрнекті қайраткердің 1938 жылдың 10 ақпанында атылған күнге дейінгі өмірі мен қызметінің биохроникасын түзіп, бірқатар мәліметтер келтірген. Онда оның бұрын-соңды қазақ баласының қолы жетпеген жауапты ірі-ірі қызметтер атқарғандығы, жан-жақтылығы, іскерлігі егжей-тегжейлі баяндалады. Тұрар Рысқұлұлы 1920 жылдың ақпан айының басында Низаметдин Ходжаев екеуі В.И.Ленинге ІІІ Өлкелік мұсылмандар конференциясының шешімдерін жетілдіріп бекітуді сұранып, жеделхат жібереді, ал сол жылдың 24 мамырында ол екеуі Лениннің қабылдауында болады. 1924 жылдың қаңтар айының соңында Түркістан республикасы делегациясының құрамында В.И.Ленинді жерлеуге қатысады. Тұрар Рысқұлұлы 1924 жылдың қараша айында Моңғол халық революциялық партиясының ІІІ съезіне қатысады. Моңғол халық Республикасының бірінші Консти-туциясының жасалуына атсалысады, оның айтуымен мемлекеттің астанасы «Улан-Батор» аталады. Өмірінің бірнеше жылдарын Ташкент, Мәскеуде өткізген Тұрар Рысқұлұлы ең жауапты, жоғарғы қызметтер атқарады, Халық комиссарлар кеңесінің Бакудегі өкілі болады. Ашаршылық жылдарында ол Мәскеуде Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталиннің орынбасары қызметін атқарады. Сталиннің ұлттық саясатты бұрмалағанына шыдамаған шыншыл қайраткер Мәскеудің үлкен мінбесінен «Сталин қателеседі!» деген тарихи сөзді де айтқан. Тұрардың өмірдегі үзеңгілес серіктері тарихта белгілі Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Ораз Жандосов, Санжар Аспандияров, Мұхаметжан Тынышбаев, Нәзір Төреқұлов сынды қазақтың біртуар азаматтары болды. Ал Мұхтар Әуезовпен Тұрар сырлас болған. Кейінірек Тұрардың айтуы бойынша «Қараш-қараш оқиғасын» Мұхтар дүниеге әкелгенде тамаша туындыны ерекше тебіреніспен оқыған Тұрар егіле жылаған екен. Мұхтар Әуезовтің түрмеден босанып шығуына Тұрар Рысқұлұлы мен Ахмет Байтұрсыновтың ақыл-кеңесінің әсері болған. Абақтыдан өкпесіне суық тигізіп, сырқат болып шыққан Мұхтарды Қырымға емделіп қайтуға жолдама әперген екен. Сол сияқты «Алашордашыл» деп айыпталған Ахмет Байтұрсыновты да екі рет түрмеден құтқарып қалған деген де деректер бар. Тұрар Рысқұлов білім мен мәдениет ордаларының бой көтеруіне, өнеркәсіп орындарының ашылуына тікелей басшылық жасады. Солардың ішіндегі ең елеулісі – Түрксіб темір жолының құрылысына сіңірген еңбегі еді. Орта Азияның теміржол құрылысын қажетті шикізаттармен жабдықтайтын 26 өндіріс ошағының ашылуы Тұрар Рысқұлұлының елге сіңірген еңбегінің айғағы болса керек. Оның ішінде Түлкібасыдағы әк зауыты, Жуалы ауданы Бурно-Октябрь елді мекеніндегі 1930 жылы құрылған каучук өнеркәсібі, Шақпақтағы жетімдерге арналған балалар үйі де бар еді. Табиғаты тамаша Ақсу-Жабағылыны мемлекеттік қорыққа айналдырып, қамқорлық жасаған да Тұрар болатын. 1922 жылы Түрксіб темір жолының Жуалы жеріндегі Боранды (Бурное) және Күркіреусу бекеттерінің арасындағы жер телімі пайдалануға берілген кезде Тұрар Рысқұловтың тікелей өзінің нұсқау беруімен, қабылдау комиссиясының құрамына қаңлы Бәйелұлы Сауранбай секілді болыстар да енгізілген. Ал Семей жақтан тартылған темір жол бұрынғы Луговое жеріндегі Айнабұлақта түйіскен кезде Рысқұлов үлкен митинг өткізіп, ең соңғы рельстің күміс шегесін өзі қаққан. Жазушы Кәрім Баялиев «Жасарған Жамбыл жерінде» атты кітабында: «Күйік асуының орта шеніндегі бастаудан қашан да жолаушы үзілмейді. Ерсілі-қарсылы үзбей ағылған авто-машиналардың көбі осы бастауға тоқтап өтеді. Бұл жерде қайнардан сусындап, тынығып отыратын орындар бар. Осы бастау да көне тарихтың куәгері есепті. Көне көзді қариялар осындағы әрбір тастың сырын ашады. «Анау тасқа Тұрар Рысқұлов әлденеше рет отырған...» деген секілді сөздерді естисіз» деп жазады. Әйгілі жазушы Жуалы ауданына жапсарлас, шекаралас қырғыздың Шекер деген айылында дүниеге келген Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» атты кітабында да темір жол құрылысы мен ондағы оқиғалар терең баяндалады. 1923 жылы Тұрар Қазақстанның студент жастарын Берлинде білім алуға жіберу туралы бастама көтерген. Ол Еуропадағы білім беру жүйесін өз көзімен көргеннен соң туындаған арманы болатын. Соңыра Мәскеуде «Шығыс» баспасын құрғанын, Шығыс халықтарының мәдени-рухани құндылықтарын дамытуға ұйытқы болғанын, Шығыс кино өнерін дамытуға қосқан үлесі, геология құрылымын ашып, қазба байлықтарын игеруге жол салғанын, Үлбідегі гидростанцияның, Шымкент қорғасын зауыты, Қарағанды, Кузбас көмір өндірісін ашуға қосқан еңбектерін бүгінде екінің бірі біле бермейді. Тұрар Рысқұлов атылардың аз-ақ алдында Кисловодскіге қысқа мерзімге демалуға келген еді. Оның мұнда келу себебі – Орта Азия мен Қазақстандағы революциялық қозғалыстың тарихына байланысты қолжазбаларымен жұмыс істеу болды. Есіл ер бұл мақсатына жете алмады. Бұл кезде, қуғын-сүргіннің өршіп тұрған шағында ақпарат құралдарында «ұлттық утопистерге» қарсы бағытталған материалдар жиі-жиі жарияланып тұратын. Оның ішінде 1920-1921 жылдардағы жіберген кінәсі үшін Тұрар Рысқұловтың да аты аталған еді. Сондай күндердің бірінде яғни, 1937 жылдың 21 мамыры күні Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны тез арада тұтқындап, Мәскеудегі саяси тұтқындарға арналған Лубянка түрмесіне жабады. Бұл түрмеде Тұрар сегіз айға жуық не түрлі азапты бастан кешірді, ақыр аяғында жан төзгісіз қинаудан кейін 1937 жылы 1 маусымда ақыл-есі кіресілі-шығаcылы жағдайда «революцияға қарсы бухариндік-рыковтік орталықпен байланысын мойындап» Ежовтың атына жазылған хатқа қол қояды. 1937 жылы қазанда Тұрар Рысқұловтың «Итти-фат-ва-Тарихи» аталатын ұлттық ұйыммен байланысы бар, Советтік Түркістанды Англияның протекторятына бермекші болған деген «ісі» аяқталып, оған КСРО-ның Қылмыстық кодексінің ең қатал 58-1, 58-8, 58-9, 58-11-баптары бойынша айыпталды. Ал 1938 жылдың 8 ақпаны күні Мәскеуде Ульрихтың төрағалық етуімен 14 минуттық сот болды да, Тұрар Рысқұловты ең жоғарғы үкім – ату жазасына кесті. Үкім 10 ақпан күні орындалды. Бір деректерде Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды делінеді, бірақ, оның атылғандығы ақиқат. Бір өкініштісі, Тұрардың тарих пен экономика саласындағы еңбектері әдеби мұралары Мәскеудегі және Ташкенттегі мұрағаттары әлі толық зерттелген жоқ. Тек, 1994 жылы Тұрар Рысқұлұлының 100 жылдығына орай үш томдығы ғана жарық көрді. Бүгінде облысымыздың Луговой ауданына Тұрар Рысқұлұлының есімі берілді. Тараз қаласында, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданының орталығы Ванновкада еңселі ескерткіштері орнатылды. Ванновка селосына Тұрардың есімі берілді. Сол жерде тұғырлы тұлғаға мұражай ашылды. Қорыта айтқанда, бір ақиқат бар. Ол – Тұрардың отар-шылармен айқасып өткені, түркі тектес туысқан халықтардың өзара ынтымақ-бірлігі жолында жан аямай күрескені, өз жұрты – қазағына қарқарадай қорған бола білгендігі. Өз ұлтының рухы мен намысындай болған Тұрардай ұлы тұлғаны ұлықтау дегеніміз – ол қазақ сынды ұлтты ұлықтау. Оның «Түркістан, тұтас бол, Түркі тілдес түгел бол» деген жалынды сөзі қай дәуірде де ұрпағының ұраны болып қала берері даусыз.