Әлеумет

Өнегесі мол отбасы

Өнегесі мол отбасы

ОТАН – БАРЛЫҒЫМЫЗ ҮШІН ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ. ОТАНДЫ СЫЙЛАУ ОТБАСЫН АРДАҚТАУДАН БАСТАЛАДЫ. ӘР ОТБАСЫ – ОТАННЫҢ БІР БӨЛШЕГІ. ОТБАСЫ ЖАЙЛЫ ЖАЗЫЛҒАН ОЙЛЫ ӨЛЕҢДЕР БАРША ЖҮРЕКТЕРГЕ ОЙ САЛАТЫНЫ АНЫҚ.

«Отан – отбасынан басталады», – десек, мемлекеттің беріктігіне, өсіп-өркендеуіне ұлағатты отбасылардың үлесі көп. Сондай қастерлі шаңырақтың бірі – Қарасаз ауылындағы Орынбаевтар отбасы. Бұл отбасы туралы кеңінен әңгімелеп, ерекше ой толғасақ та артық емес. Біз бұл үлкен әулеттегі берекені аулаға кіре берістен-ақ байқадық. Ақсақал атасы немересіне жүгенді қалай тоқуды үйретіп жатса, ақ жаулықты әжесі немере қызына асты қалай әзірлеудің кейбір ерекшеліктерін түсіндіріп жатты. Ойын баласы жасындағы жүгіріп жүрген бүлдіршіндердің жүзінен шаттықпенен қуаныш байқалады. Отағасы Әбілдабек Орынбаев ақсақал 85 жасқа аяқ басыпты. Әулеттің ғана емес, ауылдың ақ баталы ақсақалына айналып отыр. Әбілдабек ақсақал өмірінің қырық бес жылында темір тұлпарды тізгіндеген. Қыстың бұрқасын боранында да, жаздың шіліңгір шілдесінде де еңбектен аянып қалған жоқ. Үнемі көлігін тоқтатпай, межелі міндеттің биігінен көрінді. Ал, Әбілдабек қарияның Құдай қосқан қосағы Күлжан Өтепбергенова қазіргі таңда 84 жасқа таяды. Зейнетке шыққанша кеңшарда сауыншы болып істеді. Күлжан әже жас күнінде бір өзі 27 сиырды қабақ шытпай сауып, озат сауыншы ретінде аты шыққан. Қашанда өз міндетін орындап, жауапкершілігі бар жұмыстың бел ортасында жүрді. Ауыр бейнеттен тартынған емес. Әбілдабек ақсақал мен Күлжан апа 12 ұл-қызды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Өздері адал еңбектен бас тартпаған қарт кісілер перзенттерін тәрбиелеуде де үлгі-өнегелерін аяп қалған жоқ. Үлкен перзенттері Сембек Бауыржан Момышұлы ауылында ұзақ жыл мұғалім болып жұмыс істеген. Бұл отаудағы келіндері Айзаданың да мамандығы – мұғалім. Қыздан тұңғыш перзент Ләззат та ағылшын тілі пәнінен сабақ берсе, оның жұбайы Амангелді – озат механик. Бұл әулет күйеубала мен келінді де ерекше құрметтейді. Сондықтан, ұл-қыздары туралы айтқанда олардың отбасына да көңіл бөліп отырады екен. Гүлзат қыздары да – Меркі ауданында мұғалім. Оның өмірлік серігі Қабылбек мәдениет саласында тер төгіп жүр, өзінің ортасына өнер адамы ретінде танымал. Жеңіс те өзінің тұрағын Астанадан тапты. Ел Президентінің Мәдениет орталығында жұмыс істейді. Жұбайы Сабираның да қолға алған кәсібі жүзеге асып, кәсіпкерлікте өзінің соқпағын тауып келеді. Сәуле де Президенттің мәдениет орталығында еңбек етіп келеді. Райхан Түркістан облысы, Келес ауданына тұрмысқа шығып, бақытын отбасынан тауып отыр. Тағы бір қыздары Гауһар Түркістан қаласында тұрады. Жолдасы Бекболат полиция саласында еңбек етіп, абырой биігінен көрініп, зейнетке шыққан. Осы әулеттің тағы бір қызы Гүлмира көршілес жатқан Қоңыртөбе ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі. Гүлмираның үлкен әулеттен өнеге алып өсуі атқарған жұмысына да оң әсерін тигізіп отыр. Бір ауылдың мәдениетіне қатысты тынымсыз жұмыста жүрсе де, отбасына көңіл бөліп, ұл-қыздарының тәрбиесіне де уақыт табады. Гүлмираның өмірлік жары Қанат Наушабаев – ауданға танымал кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты. Үлкен әулеттің бір бұтағы Бақыт та бірқатар бауырлары секілді өмірін Астана қаласымен байланыстырып отыр. Келіншегі Зағира болса – мектепте мұғалім. Қайрат та кәсіпкерлікті таңдаған. Оның жары Ақерке – балабақшада озат тәрбиеші. Бұл ұлағатты шаңырақтың бір перзенті Қанат Тараз қаласындағы «Арай-2» шағынауданында тұрады. Кәсіпкерлікке біраз жылдан бері ден қойып, қазіргі таңда шағын сыр зауытын ашып отыр. Қазіргі таңда зауыты қалыпты жұмыс істеп, жұмысы жолға қойылып келеді. Құдайдың бергені болар, келіншегі Айнұр үш перзенттен кейін үшемді өмірге әкелді. Қазір 6 ұл-қыз өсіріп, «Күміс алқа» иегері атанды. Жапырағын кеңге жайған бұл әулеттің кенже баласы – Марат. Марат қазіргі таңда қара шаңырақта Әбілдабек ақсақалдың қолында тұрады. Жеке кәсіпкер, егін егіп, мал өсіріп отыр. Түсінгенге ол да – үлкен жұмыс. Мараттың келіншегі Анаргүл мектепте мұғалім болып, бала тәрбиелеу жолында тер төгуде. Марат пен Анаргүл 5 ұл-қыз тәрбиелеп, соларға ақылшы болып жүр. Бізбен әңгімесінде үлкен әулеттің отағасы Әбілдабек Орынбаев: – Отбасының құндылығы мен татулығы өте құнды, аса бағалы. Асыл жарым Күлжан Өтепбергенқызымен отау құрғаныма 65 жыл болып отыр. 65 жыл бойы шәй деспей, тату- тәтті күн кешіп келеміз. Алтыннан ардақты ұл- қыздарымыздан саналы ұрпақ өсіп-өніп келеді. Барлығына да шүкір деп, қанағат етеміз. Бұл күнде міне ақсақалдық жасқа да жеттік. Ауылдағы шақырған жиынға барып, жастарға ақылымызды айтып тұрамыз. Оларға жақсы жағынан үлгі болғымыз келеді. Жас отбасыларға өзіміздің өмір жолымыздан өсиет, өнеге айтудан жалықпаймыз. Жастарға сөзіміз үлгі болса – өзімізді бақытты сезінеміз. Ақсақал ретінде ауылдың қоғамдық жұмысына белсене қатысамыз. Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы – өз ісін білетін, іскер басшы. Үнемі шаңырағыма келіп сәлем беріп, амандасады. Округтің бірқатар жұмыстарын баяндап, көпті көрген қария ретінде менімен де ақылдасып отырады. Нұртаза Омаров секілді белсенді ардагермен ауылдың қоғамдық жұмыстарында бірге жүрміз. Ауылда өнегелі жас отаулар көбейе берсе деген тілегім бар, –дейді.  

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы