Денсаулық саласы депутаттар назарында
Денсаулық саласы депутаттар назарында
Ал, біздің облыстың денсаулық саласындағы қазіргі жағдай қандай деген сауалдың да маңызы зор. Кейбір алыс аудандағы шағын елді мекендер мейірбикемен қамтылмаған. Бірқатар үлкен ауылдардың өзінде аурухана толық деңгейде жұмыс істемей, бағалы медициналық қондырғылар, жылжымалы медициналық автобус кешендері қызметін толық атқармай отыр деген ақпарат бар. Сондықтан болар, «Аmanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы депутаттық фракция отырысында аталған партияның облыс бойынша Сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы жөніндегі Жол картасындағы 2023 жылдың 8 айында көрсетілген көрсеткіштердің орындалуы қаралды. Облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиевтің қатысуымен өткен жиынға облыс әкімдігі денсаулық басқармасының басшысы Жанар Оспанова қатысып, халық қалаулылары алдында есеп берді. Жанар Мықтыбекқызының айтуынша, облыс бойынша Сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы жөніндегі Жол картасында денсаулық сақтау саласында 11 тармақ жоспарланған екен. Қазіргі таңда оның 3 тармағы орындалып, 8-і орындалу үстінде. Мәселен, 56-тармақ бойынша Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында бір ауысымда 250 келушіге арналған орталық аудандық емхана пайдалануға берілген. Жобаның құны 454 миллион теңге. Сондай-ақ, Шу ауданы, Төле би ауылында 48 орындық балаларды оңалту орталығы салынуда. Биыл қазан айында ашылады деп жоспарланыпты. Биыл І жартыжылдықта облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы пайдалануға берілген. Алты ғимараттан тұратын бұл құрылыстың құны 13 миллиард 987 миллион теңгеге түскен. Ал, 57-тармақ бойынша Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылында 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Қазіргі таңда құрылысы 50 пайыз жүргізілген. Сонымен қатар, 58-тармаққа сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдарға облысымызда 4,8 миллиард теңгеге 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, 59-тармақ бойынша – 3, 60-тармақ бойынша – 10 нысанның қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Жол картасының салаға қатысты өзге тармақтары медициналық құрылғылармен қамту, жылжымалы медициналық кешендердің қызметтерімен халықты қамту, жедел медициналық цифрландыру, аудандар бойынша телемедицина арқылы онлайн-консультациялар санын ұлғайту мәселелеріне арналыпты. Сонымен қатар, жыл сайын кемінде 160 медицина қызметкерін жұмысқа орналастыру, шетелдік жетекші медициналық клиникаларда кәсіби құзыреттілікті арттыру үшін дәрігерлерді оқыту мәселелері де назардан тыс қалмаған. Бұл жағынан облыста көрсеткіш жаман емес. Биыл 207 медицина қызметкері жұмысқа жаңадан орналасқан. Оның ішінде 71-і Тараз қаласынан, 136-сы аудандардан жұмыс тапқан. Жанар Мықтыбекқызы осылайша атқарған жұмыстарын баяндады. Дегенмен, баяндама соңында депутаттар оған бірнеше сауалдар қойды. Мәселен, меркілік Гүлжан Ержанқызы аталған ауданның Жауғаш батыр ауылында 30 үй тұратынын, ол ауылға мейірбике қаралмағанын айтты. Меркіде медициналық нысандарға құрылыс жүргізіліп жатқандықтан, қазіргі уақытша көшірілген жері қолайсыз екеніне тоқталды. Ал, Мойынқұмнан сайланған депутат Бақытжан Қалымбетов аталған ауданда ауылдардың арасы қашық екенін, жаңа автокөлік бөлінісі кезінде бұл жағдай ескерілсе деді. Ал, Сарысудан сайланған депутат Айтбала Жолмаханова ауданда жылжымалы дәрігерлік автокөліктің істемей тұрғанын, Саудакент ауылындағы аурухананың екінші бөлігі тозығы жетіп, онда қымбат құрылғылар ескерусіз жатқанын, жылжымалы медициналық машиналардың ауылға бармайтынын айтты. Ал, Тараздан сайланған Эльмира Қойлыбаева 2500 бала оқитын мектепте 2 мейірбике ғана жұмыс істейтінін, медицина мамандарының санын көбейтсе деген ойын жеткізді. Ал, депутат Оралхан Дәуіт Тараз қаласындағы бұрынғы қалалық перзентхананың бүгінгі жай-күйі туралы сұрады. Басқарма басшысы бұл сауалдарға да жауап берді. Ол: «Жауғаш батыр елді мекені бойынша бір штат бекіту заң аясына сай келмейді. Бір штат ұстау үшін 50 үйден артық тұрғын болуы керек. Дегенмен, біз айыппұл арқаласақ та ол ауылға мейірбике бөлуге ықпал етеміз. Саудакент ауылдық ауруханасының тозып тұрған бөлігі бойынша тікелей жұмыс істеймін, зерделеймін. Сарысуға бөлінген аудандық жылжымалы медициналық автомашина ауылдарға айына екі мәрте ғана шығуы тиіс. Заңдылығы солай. Басқа уақытта олардың атқаратын өзге қызметтері бар. Тараз қалалық бұрынғы емхана COVID-19 кезінде күндізгі стационар ретінде пайдаланылды. Қазіргі таңда №5 емхананың теңгеріліміне беріліп отыр. Солар қадағалайды, ол нысан қараусыз қалмайды. Ал, 2500-3000 оқушысы бар мектептерге мейірбикелерді көбірек бөлуге болады. Бізде орта буын медициналық мамандардан тапшылық жоқ. Бірақ, оларды біліктілігін арттырып барып жіберу керек», деді. Жиынды «Аmanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Дауыл Бейсенқұлов жүргізіп отырды. Депутат Арман Еділбаев сөйлеп, түрлі алқалы жиындарда талай атқамінерлер сынға ұшырап жататынын, соңынан олардың жазаланғаны туралы ештеңе айтылмайтынын айта келіп, сынға ұшыраған басшыларға талапты күшейту керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы секілді үлкен құрылымдарға депутаттар комиссия мүшесі болса деген ұсынысын білдірді. Ал, Қордай ауданынан сайланған депутат Айман Серікқызы аса маңызды ағын су мәселесін көтеріп өтті. Сондай-ақ, депутаттар жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың да есебін тыңдады. Оның айтуынша, «Аmanat» партиясы Жол картасы аясында жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру мақсатында 2023 жылы жергілікті жолдарды жөндеуге 24,9 миллиард теңге бөлінген. Биыл «Өңірлерді дамыту» және «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 4,4 километр көше жолдары, 11,4 километр қайта жаңғыртумен қамтылатын болады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 33 жоба немесе 223,6 километр облыстық және аудандық маңызы бар жолдар жөнделетініне тоқталды. Жиын соңында депутаттар басқарма басшысына сауалдар қойып, автомобиль жолдарына қатысты да бірқатар сын-ескертпелер айтты.
Есет ДОСАЛЫ