Қазақ боксын әлемге танытқан
Қазақ боксын әлемге танытқан
Серік Өмірбеков туралы жинақ жарық көрді
Негізі, бізде ел абыройын асқақтатқан, мақтанышымызға айналып жүрген спорт саңлақтары туралы көп жазыла бермейді. Мерзімді басылым беттерінде жарыққа шыққаны болмаса, олар жайлы жазылған дүниелердің біртұтас болып жинаққа айналып, көпшілік оқырманға жол тартып жатқанын ілуде бір көзіміз шалады.
Әріптесіміз, облыстық «Ақ жол» газетінің Талас, Сарысу аудандарындағы меншікті тілшісі Сәулембай Әбсадықұлының жуырда жарық көрген «Серік – қазақтың батыры» атты кітабы осы сауалдың бір түйінін тарқатқандай болды. Қаламы қарымды журналистің «Формат-Принт» баспасынан басылған жинағында Кеңес үкіметі кезінде қазақ боксын әлемге танытқан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің кіші чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Серік Өмірбеков туралы тарқатыла баяндалған. Онда баһадүр бабалардың жалғасындай болған, қазақ боксының тарланы С. Өмірбековтің спорттағы сан қилы ерліктері, әсерге толы кездесулері, шаршы алаңдағы арпалыстары, әлемнің әр түкпіріндегі ұмытылмас сапарлары хақында айтылған. Жинақты оқыр болсаңыз он үш естелік-әңгімеге арқау болған шығармалардың бір-бірін толықтырып тұрғанын байқау қиын емес. Әсіресе, «Кәрістер құда түсті», «АҚШ аттай қалады», «Өмірін өзгерткен мадияр елі» секілді тағы басқа да шығармалар оқырманды бірден баурап алып, боксшының жан сырына тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жинақ арасында спорт саңлағының өмірінің әр кезеңінен сыр шертетін, оның танымал тұлғалармен таныстығы және достастығы хақында хабардар ететін шежірелі суреттер де өз ретімен орналасқан.
Тілі жатық қаламгер С.Әбсадықұлының бұл дүниесі қалың оқырманға арналған. Айта кету керек, автордың аталмыш кітаптың жарыққа шығуына демеушілік жасаған Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлына ықыласы шексіз.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».