Болмысы бөлек Боранқұл
Болмысы бөлек Боранқұл
Облысымызға есімі кеңінен белгілі білікті басшы, аймақтың автомобиль жолы саласын өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан, ел игілігі үшін елеулі еңбек сіңірген Боранқұл Малғараұлы Елубаев тірі болғанда биыл 70-ке толатын еді. «Қазақ ССР-нің Құрметті жолшысы» осы салада 32 жыл еңбек еткен кезде облыста республикалық және жергілікті мәнде жаңадан жүздеген шақырым жерге жол салынуына басшылық жасады. «Алматы-Ташкент» автомагистралінің жобасы Б. Елубаевтың басшылығымен талдап жасалды. Канаданың Монреаль қаласында өткізілген жолшылардың Дүниежүзілік конгресіне Б. Елубаев Қазақстан атынан қатысып қайтты. Ол көптеген білікті мамандар баулып, тәрбиеледі. Солардың бірі әрі бірегейі – «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бұрынғы директоры, қазір Алматыда осы салада басшылық қызмет атқарып жүрген Ержан Жасыбаев. Ержанның бастамасымен және демеушілігімен Боранқұл Малғараұлының өнегелі өмір жолы, атқарған қызметі және жол саласына енгізген жаңалықтары туралы кітап жазылған болатын. Оның авторы – журналист Ақылжан Мамыт. Таяуда кітап Алматының «Мирас» баспасынан жарық көріп, Таразда тұсаукесері өтті. Оған Боранқұл Елубаевтың замандастары, әріптестері және ағайын-туыстары қатысты. «Қазақ ССР-нің Құрметті жолшысы» Жолдас Балқыбеков, ардагер жолшы Бекболат Сарманбетов, «Жамбылжол» ЖШС директоры Асылбек Тайпақов, Ержан Жасыбаев, «Қазақавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Берік Желдікбаев және Боранқұлдың ұлы Бақытжан мен қызы Зәуре сөйлеп, кітаптың тәрбиелік мәні, Борекеңнің адамгершілік қасиеттері және елге сіңірген еңбегі жайлы әңгімеледі. Атпал азаматқа ас беріліп, Құран бағышталды.
Абзал Ақжолов, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы.