Әдебиет

Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова оқулары өтті

Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова оқулары өтті

«…Жыр – менің планетам:

бәрі осында жиғаным, тергенім де, сезінгенім, сүйгенім, сенгенім бе, мінезім бе, болмыс па, кермек үн бе – бәрі осында, басқасы қалды құмда» деп жырлаған қазақтың әйгілі ақыны, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова тірі болғанда бұл күнде жетпіс беске толар еді. Осыған орай, Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Фариза оқулары» көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың жалынды жырларын халық арасында кеңінен тарату мақсатына негізделген шара өңірімізде алғаш рет өтіп отыр. Десек те, бұл байқау биыл ғана дүниеден озған әз ақынның оқырманының қарасы қалың екенін бірден аңғартты. Шараға қатысушылар мен қонақтар алдымен Мәдениет үйінің фойесінде ақынның шығармаларынан жасақталған кітап пен сурет көрмесін тамашалады. Одан кейін ретро стильде қойылған жастардың театрландырған көрінісі көпшілікті баурап алды. Көріністе ақынның табиғат, махаббат, туған жер тақырыптарындағы өлеңдерінен үзінділер оқыған жастар өз сүйіспеншіліктерін сездіріп, Фариза Оңғарсынованың портретін гүлге көмкерді. Бұдан соң үміткерлер өз өнерлерін ортаға салды. 15-29 жас аралығындағы 22 қатысушы ақынның отансүйгіштік рухты оятар, туған халқын сүюге, құрметтеуге арналған бір шығармасын және еркін тақырыпта бір өлеңін мәнерлеп, жатқа оқыды. Байқау барысында ақынның сөзіне жазылған және оған арналған әсем сазды әуендер қалықтап отырды. Ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, «Дөңгеленген дүние» республикалық газетінің меншікті тілшісі Эра Орманова бастаған қазылар алқасы үміткерлердің өлеңді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына назар аударды. Нәтижесінде Нұрай Сапарбекова жеңімпаз атанып, жүлделі 1-орын мінберінен көрінсе, Аят Асқарбекұлы 2-орынға лайық деп табылды. Мейіржан Мелдіқұлов пен Саяжан Батырша 3-орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Кешті қорытындылар сәтте Эра Орманова Фариза Оңғарсынова жайлы жастарға татымды естеліктер айтты. Сондай-ақ, ол өзінің «Имандылық ғасыры» атты жыр кітабын оқыған поэзия падишасының: «Ақ орамалың желбіреп, халқыңды рухани сусындата бер!» деген ақ батасын да еске алды. Көпшілік кешке тыңғылықты дайындалған қаладағы мәдениет қызметкерлеріне риза болысты. Мұндай рухани кештердің өскелең ұрпақтарға берері мол.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».