Тарихи тұлға тұғыры
Тарихи тұлға тұғыры
Басты күрежол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бойында орналасқан тарихи тұлғаның тұғырлы ескерткіші хандықтың қазығы қағылып, тұңғыш рет туы тіктелген өңір жұртшылығы үшін өнегесі зор, шарапаты мол шаралар легіне ұласты. Қазақ тарихы үшін есімі ерен, ерлігі мәңгі қайраткердің батырлығы турасында тағылымды естеліктер айтылып, рухына тағзым жасалды. Айтулы шараға ауданнан шыққан қайраткерлер, сан-салада сүбелі еңбек етіп жүрген майталмандар, атқамінер азаматтар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ескерткіштің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалып, М.Әуезовтің «Хан Кене» театрландырылған қойылымы сахналанды. – Бұл ескерткіш Кенесары ханға деген қалың қазақ елінің құрметі деп білемін. Тарихқа бір сәт зер салсақ, империялық отарлау кезеңде халқымыз небір қиындықты бастан кешті. Бір тұстан отарлау саясаты қарқынды жүріп жатса, оңтүстіктен Орта Азия хандықтарының да қазақ жеріне деген қысымы күшейген болатын. Осындай қысылтаяң кезде Кенесары ханның қолбасшылық қабілеті, үш жүздің біраз бөлігін бір тудың астына біріктіре білуі – қасиетті жеріміздің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне жол бермеді. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқарды. Кенесары Қасымұлы өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді. Осылайша оның басты мақсаты – Қазақ хандығын қалпына келтіру болатын. Бүгінде міне, Кенесары ханның ұлы арманы орындалып, еліміз Тәуелсіздігін алып, өз алдына мемлекет болып қалыптасты. Енді бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепіліне айналған елімізде ұлыларымызды ұлықтап, оларға лайықты құрмет көрсету – біздің парызымыз деп білемін. Кенесары хан күллі қазаққа ортақ тұлға. Оның есімі ел есінде мәңгі сақталып, әрбіріміздің жүрегімізде жатталуы тиіс. Кенесары ханның ұлт азаттығы жолындағы ерліктері мен оның тұлғалық бейнесі ұрпағымызға үлгі болып қала береді, – деді салтанатты шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен. Салтанатты шара барысында қоғам қайраткері Рахматілдә Рахманбердиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сейдахан Бақторазов тарихи тұлғаның ұлт-азаттық көтеріліс көсемі ретінде жасаған ерлігі, соғыс тактикасы мен тағылымды шешімдері тұрғысында әңгіме өрбітті. Ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метрді құрайды. Оның ішінде тұғыры – тастан, мүсіннің негізгі бөлігі – мыстан жасалған. Жобаның орындаушысы да Меркі ауданының түлегі, мүсінші Темірхан Көлжігіт. Салтанатты шара соңында жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қайраткер рухына тағзым етті.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ