«Ақ жол» ажарлана түсті
«Ақ жол» ажарлана түсті
Мадина Үсіпбаева, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының аға оқытушысы.
Бұл шағын мақаланы жазу көптен ойымда жүр еді, сәті бүгін түскендей. «Ақ жол» газеті 92 жылдан бері облыс тұрғындарына өңір жаңалықтарын жариялап рухани дүние ұсынуда. Қазіргі таңда осы газетті оқитындар саны күннен-күнге артып келе жатқаны анық. Өзім туралы айта кететін болсам, сонау 1958 жылы мектеп табалдырығын аттап, теледидар, телефон деген құрал жоқ кезде тек кітап пен газет оқып өскен ұрпақтың бірімін. Ата-анам да коммунистік партия мүшесі болған соң үйге ұзын-саны оннан аса газет-журнал жаздырып алатын. Сол басылымдарды оқи жүріп, мектепті тәмамдадым. Арманым ұстаз болғандықтан, астанамыз Алматыдағы ҚазМУ-дың механика-математика факультетін бітірдім. Содан бері саналы ғұмырымды жас ұрпақ тәрбиелеу жолына арнап, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ұстаздық етіп келемін. «Ақ жол» менің асыға күтіп оқитын газетім десем, артық айтқандық емес. Себебі, жұмыстан шаршап шыққанда газетті ашып, жанымызда жүрген жақсы адамдар жайлы жазылған мақалаларды оқығанда едәуір қуанып қаламын. Ал, қуаныш қашанда адам жүрегіне жылылық, жігер сыйлайтыны кәміл. «Ақ жол» газеті әсіресе, жаңа басшы Көсемәлі Сәттібайұлы келгелі жаңа серпін алуда, алғашқы және соңғы беттері түрлі-түсті болғаны көз тартады. Әрине, оған жаңа технологиялардың да көмегі бар екендігі даусыз. Ішкі айдарларындағы мақалалар да ауыз тұшытарлық. «Даналық дәні» айдарымен бірінші бетте жарияланып тұратын халық мақалдары да керемет! Облыста, қаламызда болып жатқан барлық іс-шаралардан берілетін хабарлар да қажеттілік, себебі, оқырман жетістікке жеткен адамдар туралы оқи отырып, жақсы істерге қызығады, сондай болуға ұмтылады деп ойлаймын. Негізі, мен жұмыс істейтін «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының ұжымында көптеген оқытушылар «Ақ жол» газетіне жылда жазылып, тұрақты оқырманы болып келеміз. Мен газет ұжымына шығармашылық табыстар тілей отырып, істері үлгі ұстаздар туралы және студент жастарға берілетін психологиялық көмектер жайлы мақалалар жазылса деп тілеймін.