Әлеумет

Жер сілкінісі кезінде жұрт қалай қорғанады?

Жер сілкінісі кезінде жұрт қалай қорғанады?

Күні кеше көне шаһар Тараз қаласында «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында сейсмикалық жаттығулар өтті. Бұл күні жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар пысықталып, азаматтық қорғау күштерінің төтенше жағдай тұсындағы тиісті іс- әрекеттерге әзірлік деңгейі тексерілді. Жалпы, мұндай оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – халықты жер сілкінісіне дайындау, оларға қауіпсіздік мәдениетін үйрету әрі кейбір іс-әрекеттерді іс жүзінде жүзеге асыру.

Айта кетейік, сейсмикалық жаттығулар басталмас бұрын қаланың орталық алаңында техника мен жабдықтардың жай-күйі таныстырылды. Онда 35 бірлік техника мен авариялық-құтқару, коммуналдық қызметтер және медициналық бригадалардың жеке құрамының 99 қызметкері жұмылдырылған болатын. Бұл күні Жамбыл өңірі сейсмикалық қауіпті аймақ екендігі атап өтіліп, мұнда ауыр әлеуметтік-экономикалық салдары бар жойқын жер сілкіністерінің ықтималдығы өте жоғары болатындығы да айтылды. Азаматтық қорғау органдары мамандарының айтуынша, Таразда жыл сайын сейсмикалық жаттығулар өткізіліп, оның барысында авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдары, азаматтық қорғау қызметтері халықты эвакуациялау және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша практикалық іс-қимылдарды пысықтайды. – Жамбыл облысы сейсмикалық белсенділікке бейім. Рихтер шкаласы бойынша жеті-сегіз баллдық соққылар болуы әбден мүмкін. Осыны ескере отырып, екі нысанда оқу-жаттығулар өткізіледі. Олардың бірі – Тараз қаласының әкімдігі. Жеке құрам зардап шеккен халықты құтқару, эвакуациялау, медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша түрлі қызметтермен өзара іс-қимыл жасаудың практикалық дағдыларын пысықтауда, – деді Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының офицері Данияр Келис. Сонымен, «Жер-2023» тактикалық- арнайы оқу-жаттығуын өткізу шеңберінде өңір тұрғындарына теле-радио кешенінің көмегімен «Баршаның назарына!» атты белгі берілді. Бұдан кейін, оқу-жаттығу жоспарына сәйкес қала әкімдігінің қызметкерлері мен сондағы азаматтар эвакуацияланды. Ғимараттың ішіндегі барлық адамдар негізгі және көмекші қақпалар арқылы алдын ала белгіленген қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар, ғимараттың екінші қабатынан өрт сөндіру көлігін тарта отырып, шартты жәбірленуші эвакуацияланды. Құтқарушылар оны дереу білікті медициналық көмек көрсету үшін жақын маңдағы ауруханаға жеткізіп, ақ халаттыларға тапсырды. Бастысы, жаттығу өткізілген тұста қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында іргелес аумақ жергілікті полиция қызметкерлерімен қоршалды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаевтың пікірінше, заманауи жабдықтың болуына қарамастан, жер сілкінісі қашан болатынын және олардың қаншалықты күшті болатынын дәл анықтау қиын. Сондықтан қала тұрғындары үшін жер сілкінісі кезіндегі мінез-құлық ережелерін білу және нақты орындау маңызды. – Жер сілкінісі кезінде халықтың шамамен 30 пайызы зардап шегіп, ғимараттардың 50-60 пайызы зақымдалуы мүмкін. Сондықтан, қаланың шұғыл қызметтері қажетті көмек көрсетуге дайын болуы тиіс. Осы мақсатта тактикалық және арнайы жаттығулар өткізіледі. Нәтижесінде тұрғын үй және әкімшілік ғимараттар қирауы мүмкін болған жағдайда, халық жер сілкінісінен ең аз зардап шеккен ғимараттарға орналастырылатын болады. Сондай-ақ, шатырлы қала ашылады, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Н.Қалдыбаев. Бұл күні сондай-ақ Ерденбек Ниетқалиев көшесінің соңында да сейсмикалық жаттығулар өтті. Мұнда азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері коммуналдық және шұғыл ден қою қызметтерімен бірлесіп, жер сілкінісі салдарынан шартты түрде зардап шеккен адамдарды үйінділерден шығару бойынша жаттығуларын пысықтады.  

Есен ӨТЕУЛІ