Әлеумет

Азаматтық форум – алуан пікірлер алаңы

Азаматтық форум – алуан пікірлер алаңы

Халық ішіндегі түрлі мәселелердің шешімін табуға ықпал етіп, саяси үкіметке тәуелсіз жұмыс істейтін азаматтық қоғам мемлекеттің дамуына өз үлесін қосады. Азаматтық қоғамның дамуының бірден-бір көрінісі азаматтық форум десек, артық емес. Елімізде 2003 жылдан бері тұрақты түрде Азаматтық форум өткізіліп келеді. ХІ азаматтық форум биыл Тараз қаласында ұйымдастырылды.

«Мемлекет. Қоғам. Бизнес. Әділетті Қазақстанды құрудағы әріптестік» атты ХІ-ші Азаматтық форум үш секциямен басталды. «Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі» тақырыбындағы секцияға басқарма басшылары, Азаматтық қоғам өкілдері, Тараз қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, этномәдени бірлестік төрағалары қатысты. Үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жүрген жұмыстары арқылы қоғамның өркендеуіне қосқан үлестері, алдағы уақытта нендей өзекті мәселелерді ескеру керектігі айтылды. Келесі «Бизнес, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдар арасындағы диалог» тақырыбындағы секцияда да елеулі мәселелер талқыланды. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, бизнес және үкіметтік емес ұйым өкілдері, «Анаға тағзым» орталығының қызметкерлері қатысқан бұл секцияда кәсіпкерліктегі де, мемлекеттік қызметтегі де алуан түрлі мәселелер төңірегінде қызу пікірталас туды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тақырыбын қозғаған үшінші секцияға Тараз қаласы мен аудан әкімдері және басқарма басшыларының баспасөз хатшылары, қоғамдық кеңес төрағалары, облыстық телеарналар мен баспа газеттерінің бас редакторлары, Тараз қалалық және аудандық баспа басылымдарының бас редакторлары қатысып, билік пен бұқара арасындағы ашық байланысты кеңейту жолдары сөз болды. Осы секцияға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымоваға қазіргі уақытта ең өзекті болып тұрған су тапшылығы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудағы кедергілер жөнінде сауал қойылды. – Су тапшылығына байланысты осы облыста 6 ауданда төтенше жағдай жарияланды, қазір ондағы зардап шеккен шаруаларға көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай неден туындады, бұл бағытқа бюджеттен ақша бөлінді, бірақ оған тікелей жауапты кім? Өз міндетін дұрыс атқара алмай, сондай ахуалға жеткізгені үшін ол тұлға жауапқа тартылуы керек қой. Міне, осы жайттарды көтеріп, депутаттық сауал жолдадым. Тек су тапшылығы емес, жалпы барлық салада да мәселе туындауына себепкер болған басшылық жауапкершілікке тартылмаса, іс оңбайды, қателік қайталана береді. Жауапкершілігін шын ұғынса, басшылық та халыққа нақты не керек, соған қарай әрекет етіп, ақылды шешім қабылдайды. Біздің облысқа су беретін қырғыз елінде де су тапшы болды. Осының бәрін ескеріп, алдын ала амалын жасап, диқандарға мол суды қажет ететін егіндікті көп екпеуді ескерту керек еді. Міне, енді ертерек ескерілмегеннің кесірінен шаруалардың қаншама еңбегі еш кетті. Шаруаларға су жеткізетін канал салу үшін шетелден несие алынды, ол қарызды қайтару керек, оның пайыздары өсіп жатыр. Ал, сол несиеге салынып басталған каналдар межеленген уақытында аяқталған жоқ. Жасап жатқан жұмыстарының сапасы да төмен. Медицина саласына келер болсақ, қазір денсаулық сақтау ісінде жағдай қиын. Президенттің тапсырмасымен дәрігерлердің, мейірбикелердің жалақысы көтерілді, бірақ оған қаржы қаралмай, басқа бағытқа жоспарланған қаражат жұмсалуда. Халық тарапынан да дертін анықтау үшін арнайы аппараттарға түсуге көптеп кезек күтетіні, сөйтіп жүргенде ауруды асқындырып алатыны сөз болып, медицина саласына сын көп айтылады. МӘМС жүйесін енгізгенде көзделген мақсаттар әлі жүзеге аспай тұр. Парламентке келгенде алғашқы депутаттық сауалым да осы медицина ісіндегі түйткілдерге байланысты болған еді, – дейді депутат әрі тәжірибелі дәрігер Гүлдара Алданышқызы. Өз облысымыздың азаматтарымен қоса еліміздің 8 өңірінен ішкі саясат басқармасының өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысқан Азаматтық форумның пленарлық отырысы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің кіріспе сөзімен басталды. – Азаматтық форум азаматтық қоғам дамуының негізгі серіктесі. Аталған форумның аясында үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым, халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың негізгі тетіктері болып табылатынына сенімім мол. Азаматтық қоғам өзіндік ой-пікірлері мен бағыты айқындалған, қызметін заң аясында жүзеге асыратын орта қалыптастыратыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деді. Әлеуметтік, экономикалық дамудың демократиялық құндылықтарының ел игілігіне айналуындағы алғышарттардың бірі азаматтық қоғамның белсенділігінің нәтижесі. Республика бойынша 23335 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, біздің өңірде 878 ұйым бар. Оның бес жүзге жуығы облыстың түрлі саласында белсенді жұмыс істеп отыр. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері президенттік сайлауда, жалпыхалықтық референдумда, Мәжіліс және барлық деңгейлі мәслихат сайлауларында бақылаушы, сарапшы ретінде жұмыстарын көрсетіп жүр. Олар халықтың маңызды мәселелерін көтеруде де белсенділіктерін жылдан жылға арттырып келеді. Дегенмен де бұл бастамашылық сындарлы диалог ретінде жүзеге асуы керек деп есептейміз, – деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев форум жұмысына сәттілік тіледі. Елімізде азаматтық сектор жұмысының даму барысын, қоғамдағы ашық диалогтың қалыптасуы турасында Мәдениет және ақпарат вице-министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров мәлімдеді. Бәріміздің ортақ үйіміз мемлекетіміздің нық қадам басып, өркендеуі үшін азаматтық қоғам белсенді болуы керегін тілге тиек еткен Республикалық Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева үкіметтік емес ұйымдарға міндеттелер жауапкершілік жоғары екеніне тоқталды. Облысымыздың мақтанышы, қайсар жан Анар Бексұлтанова өзінің мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысып, кәсіп жүргізіп, «SHEBER SHANYRAQ» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етіп отырған іскерлігіндегі тәжірибесімен бөлісті. Сан алуан қоғамдық мәселелер талқыланып, айтылған пікірлерді, форум қатысушыларынан қабылданған ұсынымдарды оқыған «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан форумның эстафетасын Қарағанды қаласына берді. Өз тарапынан қосқан өткір ұсынымдарын бағалаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Исламбек Дастанды өзіне штаттан тыс кеңесші болып, қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырды. Ел ішінде жастар тәрбиесінде, ата-ана жауапкершілігін анықтауда, заң талаптарының сақталуын бақылауда, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруда, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға бейімделіп, еңбекке араласуында бастамашы болып, белсенді жұмыс істеп жүрген қоғамдық ұйымдар баршылық. Әрине, ұйым ретінде тіркелгенімен нақты жоспарға сай жұмыс жүргізе алмай жүргендер де жоқ емес. Міндетін адал атқарып жүрген үкіметтік емес ұйымдарды марапаттап, олардың өнегелі істерін басқаларға үлгі ету де форумда назардан тыс қалмады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып жүрген азаматтық қоғам өкілдері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Облыста 20 жылдан астам уақыт қоғамдық бірлестіктің жұмысын үзбей жүргізіп жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы берілді. Тағы бір топ қоғамдық ұйым өкілдеріне Республикалық Азаматтық альянсының Алғыс хаты салтанатты түрда табыс етілді. Сондай-ақ, форум барысында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету шараларын, соның ішінде гранттарды қаржыландыру және маңызды жазбаларды жүзеге асыру мақсатында өңірдегі бірнеше ірі кәсіпорындармен үш жақты меморандумға қол қойылды. Форум екі аудиторияда үкіметтік емес ұйым өкілдеріне арналған шеберлік класстарымен жалғасты. Өзге өңірлерден келген меймандарға облыс орталығының көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылып, «SHEBER SHANYRAQ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің, «Асар» мүгедектер орталығының және «Анаға тағзым» орталығының жұмыстары таныстырылды. Форум аясында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты көрме қойылды.  

Қамар ҚАРАСАЕВА