Саясат

Мемлекет басшысы Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданды қабылдады

Мемлекет басшысы Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданды қабылдады

Президент, ең алдымен, Хакан Фиданды Түркияның Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтап,  оның қазақ-түрік қатынастарын одан әрі дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толатынын атап өтіп, бұл бауырлас мемлекет үшін тарихи белес екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Түркия – біздің аса маңызды стратегиялық серіктесіміз екеніне назар аударып, екі ел басшыларының кездесуінде жоғары деңгейдегі көптеген уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.

Өз кезегінде Хакан Фидан Мемлекет басшысына Президент Режеп Тайип Ердоғанның сәлемін жеткізіп, Түркия тарапы ортақ күш-жігердің нәтижесінде екі елдің өзара ынтымақтастығын, сондай-ақ аймақтық және халықаралық аренадағы әлеуетін бұдан да жоғары деңгейге жеткізуге ниетті екенін айтты. Сонымен қатар ол Президент Режеп Тайип Ердоғанның биыл қараша айында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында өзара стратегиялық қарым-қатынас мәселелерін кеңінен  талқылауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Akorda.kz