Әлеумет

Аурудың алдын алатын «ақылды сағат»

Аурудың алдын алатын «ақылды сағат»

Ұлтымыздың рухани құбыласы, тағылым шұғыласы хәкім Абай өзінің он сегізінші қара сөзінде «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі – ақымақтық» деген болатын. Дәл осы ұлағатты ұстаным өскелең ұрпақ үшін өзекжарды өнеге болғаны абзал. Себебі, қас пен көздің арасында қарыштап дамып жатқан қазіргідей уақытта елдің атын асқақтатар ғылымсүйер жастар ауадай қажет.

«Заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз бек мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жалпы, біз алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймауымыз керек, бірақ ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш- жігерімізді салуымыз қажет. Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеген еді. Расында ғылыми жетістіктерсіз өркениетке аяқ баспайтынымыз ақиқат. Қолдау болса ел ішінде ғылымға құштарлығы жоғары жастар аз емес. Тіпті мектеп қабырғасында жүріп қоғамға қажетті дүниелерді жасап жүрген жастарымыз да жетерлік. Солардың бірі облыстық дарынды балаларға арналған лицейдің оқушылары – Дулат Исабек пен Әдия Тұрсынбай. Олар небәрі үш айдың ішінде жүрек ауруларын алдын ала анықтайтын смарт сағат ойлап тапты. Сағат адамның дене температурасын, жүрек қағысы мен қан қысымын анықтап, қауіп туындаған жағдайда белгі береді. – Қазіргі таңда жастардың арасында да, үлкендерде де жүрек талмасымен ауыратындар көп. Дер кезінде дәрігерге жете алмай, қажетті емін ала алмай жүргендер қаншама. «Басты байлық – денсаулық» деп халқымыз айтқандай, ең бастысы еліміздің амандығы қашанда маңызды. Сондықтан да осы сағатты ойлап табуға күш салдық. Қазіргі таңда небір смарт сағаттар бар, бірақ ол кешенді түрде жалпы мақсатта пайдаланыла береді. Бірақ дәл адамның денсаулығын қадағалайтын заманауи техникалық жүйе жоқ. Сондықтан біз үш айдың көлемінде өзіміздің смарт сағатты жасап шығардық. Көптеген осы секілді сағаттардың үлгісімен жан-жақты танысып шықтық. Осы сағатпен бірге жұмыс істейтін арнайы қосымша бағдарламаны да өзіміз жасадық. Сағат адамның қан қысымын, қан құрамындағы оттегі көрсеткіштерін, жүрек соғысын қадағалап отырса, нәтижесін бағдарламаға жібереді. Ал бағдарлама өз кезегінде адамның өмір көрсеткішін саралап, шешім шығарады. Егер адамның көрсеткіштерінің бірі төмендеп кетсе, бағдарлама өз бетімен жедел жәрдем қызметіне хабарласып немесе науқастың жақындарына хабар береді. GPS арқылы науқастың мекенжайын да дәл көрсетеді. Оған қоса әрбір науқасқа дәрігер белгілеген дәрілерді ішуді де өз уақытысында дабыл қағып ескертіп отырады. Қазақстанда дәл біздің сағат секілді құрылғы жоқ. Тіпті шетелде, дамыған елдерде де дәл осы принциппен жұмыс жасайтын құрылғы әлі қолданыста жоқ. Бұл жобаны әлі де жетілдіре түскіміз келеді. Мектепті аяқтаған соң еңбек жолымды ғылым саласымен байланыстырып, IT саласының маманы болуды армандаймын, – дейді 10 сынып оқушысы Дулат Исабек. Смарт сағат адамның қандағы оттегі коэффиценті мен дене қызуынан бастап, жүрек қағысына дейін анықтап береді. Құрылғы қосымшасы жасанды интеллект арқылы жұмыс істейді. Ал жобаның соавторы Әдия Тұрсынбай аталмыш мектептің бар-жоғы 8-ші сыныбында оқиды. Ол бұған дейін де халықаралық ғылыми байқауларда бағын сынап, марапаттарға ие болған. Жас өнертапқыш алдағы уақытта смарт сағаттың қолданысқа еніп, ел игілігіне жарайтынына сенімді. – Әзірге біздің жобамыз тек андройд смартфон мен планшеттерге ғана қолжетімді. Алдағы уақытта «App Store» қосымшасына да енгізсек деп отырмыз. Жобамызды жүзеге асыруға ата-анамыз бен ұстаздарымыз көп қолдау көрсетті. Қазіргі таңда жастардың арасында заманауи смарт сағаттар трендке айналғаны белгілі. Біздің сағатымыз сән үшін емес, жанның амандығы үшін кәдеге жараса дейміз. Дейтұрғанмен смарт сағатты көшеге тағып жүруге де қолайлы. Тіпті алдағы уақытта сағаттың көлемін кішірейтіп, пайдаланушыларға барынша ыңғайлы сақина түрінде жасасақ деген жоспарымыз бар. Тіпті оны дамытып, су өтпейтін, кез келген жерде пайдалануға болатындай етіп жасауға ниеттіміз. Ең бастысы идеямыз жүзеге асты. Қазіргі таңда облыс әкімінің тарапынан жобамызды сынамадан өткізу үшін денсаулық сақтау басқармасына тапсырма берілді. Енді таяуда жергілікті емханаларда тәжірибеден өтетін болады. Көптеген науқастар денсаулығына байланысты сұрақтар үшін емханаға барады. Өздеріңіз білетіндей әрбір емханада кезек көп, күтуге тура келеді. Біздің жобаның бағдарламасында дәрігердің кеңесі ретінде кез келген сұраққа жауап алуға болады. Бұл бір жағынан науқас пен дәрігердің уақытын үнемдейді, екіншіден екі арадағы байланысты жақсартады, – дейді жас өнертапқыш Әдия Тұрсынбай. Егер жас өнертапқыштардың жобасы қолданысқа енгізілсе, ол біздің өңір үшін ғана емес, жалпы отандық медицина саласы үшін олжалы болары сөзсіз. Бас-аяғы үш айдың ішінде осындай бастаманы қолға алып, жүзеге асырған жас өнертапқыштар алдағы уақытта ел ғылымына өлшеусіз үлес қосады деген сенімдеміз.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ