Әлеумет

Ішек инфекциясынан сақтану маңызды

Ішек инфекциясынан сақтану маңызды

Денсаулықтың зор байлық екендігі анық. Тойғанын білмеген адам мен тазалықты сақтамаған адам түбі сол әдетінен зиян шегеді. Ішек инфекциясына шалдықпас үшін тазалықты сақтап жүру маңызды. Ал, денсаулықтың зор болуының тағы бір кепілі – тазалық сақтаудың негізінде жатыр. «Тазалық тұрған үйде ауру тұрақтамайды» деген аталы сөз осыдан қалса керек-ті.

Адамның іш-құрылысына зиян келтіретін ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы. Оның пайда болуына негізінен микроағзалардың бактерия, вирус сынды түрлері себеп. Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті. Облыс аумағында биылғы жылдың жеті айында өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда жіті ішек ауруларымен ауыратындар саны 22,15 пайызға өсіп, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші 57,06 пайыз болды. Жіті ішек инфекциялары Мойынқұм ауданынан басқа барлық аумақтарда тіркелді. Меркі және Талас аудандарында ауру төмендеп, қалған аудандар мен Тараз қаласында өсіңкі болған. 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы жіті ішек инфекциясы аурушаңдығының үлесі 78,82 пайыз, 1 жасқа дейін 21,15 пайызға жеткен. – Микробтар науқастардан және тасымалдаушылардан нәжіс, құсық және зәр арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Жіті ішек инфекцияларын қабылдағыштық өте жоғары болғандықтан, ересек адамдар мен балалар, әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады. Жұқтыру қаупі ағзаға түскен қоздырғыштың мөлшеріне, сондай-ақ, асқазан-ішек жолдарының барьерлік және ферментативті функциясына және ағзаның қабылдағыштығына байланысты. Ауру негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Инфекция жұқтырғаннан кейін иммунитет 3-4 айдан бір жылға дейін тұрақсыз болады, осыған байланысты, аурудың қайталануы әбден мүмкін, – деді облыстың бас эпидемиологы Гүлфайруз Мырзабекова. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, аурудың алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтап, тамақ ішердің алдында және дәретханадан шыққаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуып шығу, су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану қажет. Пайдаланудың алдында жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, қайнаған сумен шайып, тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдаланып, тамақты тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақтамау қажет. Ал, тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде ұстап, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбай, шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке ас үй жабдықтарын қолданып, шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау қажет. Ас үйі таза тұрған үйдің тынысының кеңдігі осыдан білінеді. Шомылу процесіне келер болсақ, арнайы белгіленген орындарда ғана шомылып, су қоймаларында және бассейндерде шомылған кезде ауызға судың кетпеуін қадағалап, үйді, ауланы таза ұстау қажет. Жеке гигиена тазалығын ұстанғандар бұл аурудан аулақ болады.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ