Құқық

Есірткінің заңсыз айналымы қатаң бақылауда

Есірткінің заңсыз айналымы қатаң бақылауда

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп отырғанын атап өткен болатын. Президент қазіргі ахуал өте күрделі екеніне айрықша тоқталып, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқанын жеткізді.

– Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет. Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн, – деді Мемлекет басшысы. Жалпы, бүгінгі таңда өңір аумағында есірткі қылмысымен күрес жүйелі жалғасуда. Бұл ретте облыс прокуратурасы есірткі құралдарының, олардың аналогтары мен прекурсорларының психотроптық заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою әрі оған қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Дәл осы мақсатта «Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Ерекше тоқталсақ, өңірдің 138 мың гектарында жабайы қарасора өседі. Атап өтерлігі, бірқатар есірткі құралдарын дайындауда қарасора шикізат көзі саналады. Облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп- тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Нұрсұлт ан Хус аиновтың айтуынша, осы жылдың 8 айында есірткінің заңсыз айналымына байланысты 413 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, оның 309-ы сотқа жіберілген. Нәтижесінде 203 күдіктіге қатысты айыптау үкімі шыққан. – Заңсыз айналымнан 119 килограмм гашиш, 745 грамм героин, 968 килограмм марихуана, 5,7 тонна қарасора, 807 килограмм канабис шайыры, 2 килограмм апиын және 59 килограмм синтетикалық есірткі тәркіленді. Межелі міндеттерді іске асыру барысында Байзақ ауданында синтетикалық есірткі өндіру бойынша жасырын зертхана анықталып, оның 5 мүшесі ұсталды. Олардан 34 килограмм «мефедрон» психотроптық заты тәркіленді. Ал, Тараз қаласының аумағына героин есірткі затын өткізген 8 адамның қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ, Жамбыл ауданының тұрғынынан 1,7 тонна каннабис өсімдігінің есірткі заты тәркіленді. Аталған қылмыстар үшін күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына сотты болуы көзделген, – деді Н.Хусаинов. Айта кетейік, синтетикалық есірткіге тәуелді адамдардың өмірі тым қысқа болады. Бұл наркологтар жүргізген талдау нәтижесінде белгілі болып отыр. Шын мәнінде, есірткі қолданушылардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 10 жылға жуық болса, ал «синтетикалық нашақорлардың» өмір сүру ұзақтығы 4 жылдан аспайды екен. Естеріңізде болса, облыстық прокуратура бұған дейін «Narko Shekteu Taraz» телеграм-ботын іске қосып, бір айдың ішінде синтетикалық есірткілерді жарнамалайтын 1116 заңсыз сайтты бұғаттаған еді. Осы ретте облыстық прокуратура қызметкерлері ата-аналар мен жұртшылықты қырағылық танытуға шақырады. Прокурорлар балалардың уақытын, олардың физика лық және психоэмоционалды жағдайын бақылап, балалардың салауатты өмір салтына деген ұмтылысын дамытуы керектігін айтады.  

Есен ӨТЕУЛІ