Әлеумет

Төле биде тындырылған тірлік көп

Төле биде тындырылған тірлік көп

Шу ауданы, Төле би ауылдық округінің әкімі Азамат Ошанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында округте атқарылған жұмыс барысына тоқталды. Оның айтуынша, округте 22300 тұрғын бар. Жалпы, өткен жылы 13 көпқабатты тұрғын үйдің айналасындағы жолдар мен 19 көшеге асфальт жабыны төселген. Ол 27,6 километрді құрайды. Әлеуметтік нысандарды жылыту жүйесін қатты отыннан газға ауыстыру бойынша, Төле би ауылында М.Мақатаев, Е.Бекмаханов, М.Әуезов атындағы орта мектептері мен 250 орындық «Айналайын» балабақшасын газға қосу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріліпті.

Биыл жергілікті бюджет есебінен көшелерді жөндеуге және басқа да жұмыстарға 58 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен 20 көшенің жолы жөнделді. Жалпы, округ бойынша білім ошақтарында 3840 оқушы білім алса, мектепке дейінгі мекемелерде 950 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар, денсаулық саласында аудан орталығында 2020 жылы 250 келушіге арналған жаңа емхана пайдалануға берілсе, биыл аудандық орталық аурухананың жанынан 48 мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы салынуда. Сондай-ақ, округте барлығы 44 тарих және мәдениет ескерткіштері есепке алынған. Оның ішінде жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енген 10 тарихи және мәдениет ескерткіштер болса, социалистік еңбек ерлерінің 33 бюсті мен бір ХІІ ғасырдағы археологиялық ескерткіш – қорғаншы бекінісі. Оларды күтіп ұстау жұмыстарына да жылда тиісті көңіл бөлініпті. Төле би ауылында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында барлығы 10 спорт нысаны жұмыс істейді. Инфрақұрылымды дамыту бойынша, өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізуге жер кезегіне 2321 азамат тіркелген. Төле би ауылында өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін «Батыс» тұрғын аумағынан 147,73 гектар жер телімдері бөлінген. Қазіргі кезде жаңа тұрғын үй алқабына электр желілері тартылып, су құбырлары мен табиғи газ тартылыпты. Аудан орталығында орталықтандырылған кәріз жүйесіне 12 көпқабатты үй мен 5 заңды тұлға жалпы 65 абонент қосылып, жұмыстар жалғасуда. Округ тұрғындарының және шаруа қожалықтарының жеке меншігіндегі мал басы түгелдей есепке алынып, жылдың басына мүйізді ірі қара 4077 бас, қой мен ешкі 17994 бас, жылқы 519 басты құраған. Өткен жылы шаруа қожалықтармен 40,1 миллион теңгеге 6 ауыл шаруашылығы техникасы алынған, оның 2-еуі трактор, 4-еуі тіркеме. Сонымен қатар, 26 шаруа қожалыққа мал өсіру үшін 141,9 миллион теңге жеңілдетілген несие беріліпті. Жиында Азамат Ошанов журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.  

Есет ДОСАЛЫ