Керімқұл БЕГАЛИЕВ,аудандық мәслихаттың депутаты, «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы. Президентіміздің Тәуелсіздік толғауында айтылған, көңілге қуаныш ұялататын әрбір сөзін әр азаматқа жетік түсіндіру мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топтар еліміздің түкпір-түкпірлерін аралауда. Сол топтың мүшесі әрі аудандық мәслихаттың депутаты ретінде мен де бұл игілікті іске өз үлесімді қосудамын. Нақтырақ тоқталар болсам, жақында Жуалы ауданының Бәйтерек ауылдық округінде Т. Тастандиев атындағы орта мектепте ауыл тұрғындарымен кездесу өткіздік. Онда Елбасы Жолдауында айтылған жеті басым бағытты, оның ішінде өзіме жете таныс ауыл шаруашылығы жөнінде жерлестерге жан-жақты түсіндірдім. Мұнымен қоса, кешегі батыр бабалар өсиет еткендей Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі, сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі болған Тәуелсіздік атты тәтті ұғым жөніндегі Елбасы жария еткен Тәуелсіздік толғауына да тоқталдым.
Ал аудандық мәслихаттың депутаты Зайыр Сұлтанмұратов дағдарыстар ұзаққа созылмайтынын, әлемдік экономикадағы қиындықтарды еңсеруімізге, әлемдік нарықтардағы бағалардың тұрақтануына, экономикалық жобаларымыздың жүзеге асырылуына орай, біз міндетті түрде өсім қарқынын қайта оралтатынымызды Елбасы өзінің Тәуелсіздік толғауында айтқанын ауылдықтардың есіне салды. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, Жолдауда айтылғандай, алдағы жылы елімізде 67 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға және мұғалімдердің жалақысы 29 пайызға өсетінін жеткізді. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің де еңбекақысы жоғарылап, жәрдемақылардың көлемі де артатыны баршамыз үшін қуанышты хабар екендігін атап өтті.
Жуалы ауданы.