Саясат

Ынтымақ ырысқа бастайды

Ынтымақ ырысқа бастайды

6Мұхаббат ТҰРДЫЕВА, Махмұд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы

Ел ішіндегі саяси тұрақтылық пен өзара келісімнің арқасында барлық саланы қамтыған реформалар ойдағыдай жүзеге асырылды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды. Еліміз алыс-жақын шетелдермен терезесі тең дәрежеде ынтымақтастық орнатты. Қазақстанды әлем жұртшылығы тани бастады. Бүгінгі күні қол жеткізген жетістіктер мен бағындырған белестеріміздің барлығы осы тәуелсіздіктің арқасы деп нық сеніммен айта аламыз. Тәуелсіздіктің қаншалықты құнды, қаншалықты қымбат екеніне Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік жиында сөйлеген сөзінде де жан-жақты тоқталып өтті. Ерекше бір атап өтетін тағы бір мәселе, 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы болды. Бірегей бұл институт елімізде тұрып жатқан түрлі этностардың ынтымағы мен бірлігін нығайтып, елішілік татулықты бекемдеуде аса зор рөл атқарды. Бүгінде ерекше үлес қосып келеді. Соның нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсімі еселеп артты, экономика жедел қарқынмен дамыды. Кейіндеп Ассамблея конституциялық мәртебеге ие болды. Парламент Мәжілісіне Ассамблеядан тоғыз депутаттың сайлануы соған дәлел болып табылады. Тәуелсіздіктің арқасында еліміз көптеген шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатты. Бүгінде Қазақстан әлемнің 160-қа жуық мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнатып отыр. Мемлекет басшысының сыртқы саясатқа қатысты ұстанымы мен беделінің нәтижесінде еліміз өзінің мемлекеттік шекарасын айқындап және бекемдеп алды. Сондай-ақ, көптеген елдер Қазақстанды өздеріне сенімді серіктес ел деп санайды. Міне, осының барлығы Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін.