Әлеумет

Жазушымен жүздесу

Жазушымен жүздесу

Оңтүстіктегі рухани орда Алматы шаһарындағы Ұлттық кітапханада белгілі балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жас мерейтойына орай «Дарынымен дараланған дарабоз» атты дөңгелек үстел өтті.

Жазушы, жерлесіміз Пернебай Дүйсенбиннің есімі оқырманға ұзақ жылдардан бері таныс. Қаламгер елдің ішінде, шағын қала Жаңатаста тұрса да, атағы мен абыройы, қайталанбас көркем шығармалары әлдеқашан алты Алашты аралап кеткен. Ол 1979 жылы республикалық «Жалын» журналына жарияланған «Жұлдыздар неге жылайды?» атты лирикалық повесімен-ақ әдебиетсүйер қауымды елең еткізген болатын. 1990 жылдан КСРО, 1994 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генаралдар», «Ән салыңызшы, әке!», «Елгезек ертегілер елінде», «Арай таңның алауы», «Зертөбе» әдеби-көркем кітаптардың авторы. Сонымен қатар, 2003 жылы «Шежірелі Сарысу», 2007-2015 жылдары «Үркердей болып көшкен жұрт», «Сарысунама», «Шеркешнама» томдықтарын оқырманға ұсынды. Республикалық, халықаралық әдеби байқауда бәйге алған повестері 6 жинаққа енген. 2013 жылы республикалық «Дарабоз» бәйгесінде бас жүлде алған ертегісі орыс тіліне аударылған. 2015 жылы «Есен сау жүріңізші, асыл ата!» повесі үшін республикалық «Дарабоз» байқауында 533 автордың арасынан дараланып, тағы да бас жүлдені иеленген. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің және бірнеше медальдардың иегері. Сарысу ауданының Құрметті азаматы. «Жұмбақ жұлдыз сәулесі» (прозалар жинағы) және «Балдәуреннің бұлтсыз аспаны» (балаларға арналған проза) екі томдығы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Биыл осынау бедел белесіндегі белгілі балалар жазушысы 80 жасқа толып отыр. Қаламгер мерейтойы өзінің туған жері, қадірлі Сарысу, қасиетті Әулиеата жерінен бастап, еліміздің бас қаласы Астанаға дейін жалғасуда. Күні кеше елорда төрінде жазушының өзі һәм ұстанымынан ұлағат түйген шәкірттері бас қосқан тағылымды жүздесу өтті. Басқосуды Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, жазушы, публицист Қали Сәрсенбай ашып беріп, жүргізіп отырды. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып мерейтой иесінің шығармашылығына жан-жақты тоқталып, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын жеткізді. Белгілі өнертанушылар, ғалымдар, өнер майталмандары төбе көрсеткен жүздесуде жазушылар Бейбіт Қойшыбаев, Мағира Қожахметова, әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова сөз тізгіндеп, қаламгердің қазақ әдебиетінің қазынасын толықтырған мұраларына жоғары баға берді. Ал, Пернебай Дүйсенбиннің ұстаздық ұлағатынан нәр алған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, ҚР мәдениет және білім беру салаларының үздігі Торғын Смайлова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші Саян Ақмолда, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Исатаева сынды шәкірттері ән мен күйден шашу шашты. Жазушының кіндік қаны тамған киелі өлкеден келген жерлестері – Сарысу ауданы, Жайылма ауылдық округінің әкімі Жандарбек Смағұлов, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман және Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депуататы Айтбала Жолмаханова қаламгердің жаңа жасымен құттықтап, туған өлкенің сәлемін жеткізіп, шығармашылығына шалқар шабыт, толағай табыстар тіледі.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ