Саясат

Өнер мен білім өрге сүйрейді

Өнер мен білім өрге сүйрейді

9Жұмахан Жантелеев, аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы.

Қай заманда да дамудың жолы өнер мен білім болып қала бермек. Өзге елмен иық тірестірудің жолы – жас ұрпаққа саналы білім беріп, өнерге баулу. Отандық білім беру жүйесі өрге басқан сайын ел экономикасы артады, ұлттың өнері асқан сайын көкжиегі кеңейе түседі. Сондықтан, білім беру үрдісінде бүгінгі қол жеткізген табыстармен тоқтап қалуға болмайды. Біздің міндетіміз – жастарды неғұрлым өнерге баулып, спортқа тартып, білімге құштар қылып өсіру. Өнерге жақын баланың жаны – ізгі, шыныққан жеткіншектің – дені сау, білімдінің – алды жарық. «Табысқа тоқмейілсімей, кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – ортақ парыз. ХХI ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп беріп, ең дамыған елдердің біріне айналу – ортақ жауапкершілік. Біз халқымыздың қаһармандық тарихын жасампаздық тарихына ұластырдық. Әлемдегі ең мықты 50 елдің сапына еркін қосылып, енді ең қуатты 30 елмен иық тірестіруге бет алдық». Елбасымыздың Тәуелсіздік толғауындағы осы сөзі терең ойға батырады. «Жеттім деген жығылар, толдым деген төгілер» деген Төле би бабамыз. Бүгінгі жетістіктерді малданып, ертеңгі күнді ойламау – қамсыздық. Ғылым мен техника жедел дамып жатқан заманда білім жүйесін де жаңғыртып отыру қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, рухы биік, еңсесі тік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Елдің мәртебесі асқақ болуы үшін бізде қазір бәрі бар. Бірақ, барды бағалап, дамытуды, өнер мен білімді өрге сүйреуді қаперден шығармауға тиістіміз. Меркі ауданы.