Жаңалықтар

Жаңа бағыттарды айқындады

Жаңа бағыттарды айқындады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жаңа Жолдауында елдің мүддесіне қатысты барлық мәселелер егжей-тегжейлі қамтылды. Мемлекет басшысы ауылшаруашылық саласына ерекше басымдық бере сөйледі.

Президент қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе су екенін айтып, су шаруашылығына қатысты Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын айтты. Бұл диқандар үшін аса қуанышты жаңалық. Аталған министрліктің құрылуы су тапшылығын мүлдем жоймағанмен, тіршілік нәрінің тиімді жұмсалуына ықпал ететіні анық. Президент өзекті мәселелерді айта келіп: «Машина-трактор паркі әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналды. Сондықтан, жыл сайын 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздің техника өндірушілері мен шаруалардың да мүддесі ескерілгені жөн. Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр. Тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткеру саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті жоспарлар қабылдаған жөн», деп атап өтті. Аудандарда қызмет атқарған азамат ретінде ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері маған да таныс. Машина-трактор паркін жаңарту мәселесі ауыл шаруашылығындағы барша азаматтарға қуаныш сыйлайтыны анық. Себебі, тозған техникалармен құлашын жазып жұмыс істей алмайтыны рас. Президенттің жаңа Жолдауы жаңа бағыттарды айқындап, тұрғындарға ерекше серпіліс берді. Енді нақты тапсырмалардың жүзеге асуымен Жолдау талабы орындалып, Президент мақсатының барысы айқындала түсетіні ақиқат. Бұл ретте біздің Әулиеата өңірінің де қосатын үлесі ерекше мол. Осы жолда аянбай еңбек етуіміз – ендігі міндет.  

Бақытжан ҚАЛЫМБЕТОВ,

облыстық мәслихаттың депутаты.