Әлеумет

Көп көкейіндегі күрделі мәселе

Көп көкейіндегі күрделі мәселе

Тағы бір жаңа оқу жылы басталды. Әрине, жаңа оқу жылының жаңалықтары, жаңа талаптары болатыны анық. Ұстаздармен қатар шәкірттердің де әр кезеңге жаңаша мақсатпен қадам басатыны қуантады. Дегенмен, жыл сайын оқу жылымен бірге дауға айналатын мәселе бар. Ол оқушы қыздардың оранып жүруі немесе хиджап мәселесі. Бұл бүгінде күрделі мәселенің бірі болып тұр.

Аталған мәселеге орай, еліміздің Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та әлеуметтік желіде пікір білдірген болатын. «Мектепке оқушылардың барлығы мектеп формасымен келуі керек. Барлығы заң аясында болуы тиіс» деді министр. Ал, сол әлеуметтік желі арқылы хиджапқа қатысты «айқай-шу» шығарып, шулатып жатқандар да бар. Қазір хиджап кию, оранып жүру мәселесі бойынша қоғам пікірі екіге жарылып отыр. Алайда, Қазақстан ислам мемлекеті емес, зайырлы мемлекет екенін де назарда ұстаған жөн. Біз Тараз қаласындағы бірқатар мектеп басшыларымен де хабарласқан едік. Тараз қаласындағы №47 мектеп-гимназия директоры Айжан Әбдешова еліміздің Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар» ережесіне сүйенетіндерін айтты. «Анасы оранып жүргенмен, қыздарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Бізде ондай қыздар тіркелмеген», – деді директор. Оқушысы көп білім ошағының бірінен саналатын Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияның директоры Мұрат Тұрысбек те ондай мәселе туындап тұрмағанын, барлық шәкірттер оқушыларға арналған талапқа сай киініп жүргенін айтты. Біз мұндай мәселенің шариғатта қалай екенін имамдардан да сұраған едік. Жуалы ауданындағы «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбек: «Мүмкін болса, балиғат жасқа жеткен қызға орамал тағып, қымтанып жүрген дұрыс. Шариғатта да осы жағы айтылады. Бірақ, тәртіпке бағынбай, жанжал шығаруды да ислам діні құптамайды. Сондықтан, мектептің тәртібіне бағынған оқушылардың ұтары көп» деді ол. Тараз қаласының тұрғыны Айжамал Рүстемова да аталған мәселеге байланысты өз пікірін айтты. «Мен жетпіс жастан асқан әжемін. Ұл-қыздарымнан Жаратушы берген біраз немерелерім бар. Немере қыздарыма ақылымды айтып, тәртіпке бағыну керектігін түсіндіріп отырамын» деді ол. Шын мәнінде де мектептің өз тәртібі бар. Оқушылардың міндеті – сапалы білім алу. Себебі, мектеп діни орын немесе діни оқу орны емес. Сондықтан да тәртіпке бағынған жөн болады. Біздің мақаламыз көпшілікке ой салса, мақсатымыздың орындалғаны. Мектеп мұғалімінің міндеті сапалы білім беру. Мұғалім міндеті – хиджап кигізу емес. Мектеп негізінен білім беретін орын. Шариғаттың үкімі жүретін мекеме емес. Сондықтан, мектепте осы саланың министрі бекіткен тәртіпке бағынған дұрыс. Орамалға оранғаннан оқушы қыздың білімі артып кетпейді. Білім оқуға ден қойған жерде артады. Ата-аналар мен оқушылар осы мәселенің аражігін ажыратып, дұрыс түсінгендері жөн дер едік. Әсіресе, оранған қыздардың ата-аналары бұл мәселені тереңірек түсініп, оқушы қыздарын әрі-сәрі күйге түсірмегені дұрыс болар еді. Себебі, соңғы сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед «Қытайдан болса да, білім алыңдар» деп хадисінде бекерге айтқан жоқ. Қазір сәт сайын өркендеген заманда оқушылардың киімді қалай кигені емес, білімді қалай түйгені маңызды. Осы жағын есімізден шығармағанымыз жөн. Ұлттық құндылықтар қашанда бағалы. Әжелеріміз кимешек киді, аналарымыз орамал тартты. Солай болды екен деп, мектеп партасында отырған қыздарды уайымдатып, орамалға орап қойғанымыз жөн болмайтыны анық. Себебі, әр сыныптағы 25 оқушының ішінде сол қыздың жалғыз өзі ғана орамалмен отыруы мүмкін. Бұл жағдай оранған оқушыны да ыңғайсыз жағдайға қалдыратыны анық. Бұл ретте кейбір ата-аналардың ойларын өзгертіп, мектептің тәртібіне бағынғандары жөн. Қоғамдағы тәртіпке бағыну да көпшілік үшін маңызды.  

Есет ДОСАЛЫ