Әлеумет

Құқықтық тәртіпті күшейту қажет

Құқықтық тәртіпті күшейту қажет

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алғашқы жұмыс аптасын облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың, мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті өкілді органдардың жұмысымен, олардың бүгінге дейін атқарған қызметі мен алдағы жоспарларымен танысудан бастады.

Атап айтсақ, өңір басшысы облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиевтің қатысуымен өткен жиында өңірде көппартиялық жүйені қалыптастыру мәселелері, тұрақты комиссиялар қызметінің нәтижелері, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамытудағы мәслихаттың рөлі төңірегінде пікірлесті. Аталған жиынға облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары да қатысты. Жиын барысында Ербол Шырақпайұлы өкілетті органның рөліне тоқталып, алдағы уақытта да олардың атқарушы билікпен өзара ынтымақтастықта бірлесе жұмыс істеу қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Руслан Мелдебековті қабылдады. Руслан Мелдебеков өңір басшысына бүгінге дейін тексеру комиссиясы тарапынан атқарылған жұмыс барысын қорытындылап, мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларының нәтижесінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер туралы баяндады. Оның айтуынша, осы күнге дейін мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелеріне сәйкес 10 мемлекеттік аудит және сараптамалық- талдау іс-шараларын жүргізген. Мемлекеттік аудитпен 238 461,6 миллион теңге қаражат қамтылып, нәтижесінде 572 бірлікті құрайтын рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар, 30 бірлік жүйелік проблемалар мен кемшіліктер және 45 601,9 миллион теңгенің бұзушылықтары анықталған. Лауазымды тұлғалардың тарапынан заңсыз іс-әрекеттердің орын алуына байланысты процессуалдық шешім қабылдау үшін 3 материал құқық қорғау органына жолданды. Аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік аудит объектілерінің 40 қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 70 қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 35,3 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевты да қабылдады. Олар кездесу барысында жастар тәрбиесі жұмысын күшейту, ел Президентінің Жолдауынан туындайтын мәселелерді шешуге ардагерлерді тарту бойынша ардагерлер ұйымдарының міндеттері туралы пікір алмасты. Сондай-ақ, аға ұрпақтың мүддесін қорғайтын мәселелер де сөз болды. Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы ардагерлердің саяси үдерістерден шет қалмай, барлық маңызды қоғамдық шаралардың тікелей қатысушысы екенін, олардың гүлденген Қазақстан құрылысына үлес қосқанын және қосып жатқанын атап өтті. Бұл күні аймақ басшысы қоғамдық кеңес төрағасы Марат Әбдірайымовты да қабылдады. Күн тәртібіне азаматтық қоғамды дамыту мәселелері қойылды.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ