Әлеумет

Отанына адал азаматтар

Отанына адал азаматтар

Кез келген топта, ортада, бөлімде жол бастап, жөн көрсететін бір капитан болады. Бірақ, бұл қатып қалған өмірлік қағида емес. Оған Тараз гарнизонының әскери қызметшілері – Атахановтар отбасы дәлел бола алады. Олардың отбасылық командасында бірден екі капитан бар. Бастысы, шені бір офицерлердің мақсаты ортақ. Ол мақсат – Отан алдындағы парыз.

Ерлі-зайыпты әскерилердің екеуі де «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс полкінде қызмет етеді. Қызмет бабындағы тегі мен шендері бірдей болғандықтан, жұмыс барысында күлкілі сәттер де болады екен. Мысалы, әскери бөлімде кезекші офицерге капитан Атахановты шақыру тапсырылғанда, оған үнемі: «Дина ма, әлде Баходир ме?» – деп нақтылап сұрауға тура келеді. Кейде түсінбеушілік туындайды, ақыры екі капитан Атахановтар командирге келіп, күту залында кімнің шақырылғаны белгілі болады. Бірақ, бұл ерлі-зайыптылардың өздері үшін ешқандай қиындық тудырмайды, олар мұндай сәттерді күлімсіреп қабылдайды. Себебі, екеуінің де тағдырын тоғыстырған әскери қызмет болды. Қарулы Күштерге қызметке шақырылған Баходир жас офицер ретінде психологиялық тестілеуден өтіп, штаттық әскери психологпен сұхбаттасуға келеді. Ал ол психолог өзінің болашақ жары Дина болып шыққан. «Дина менен психологиялық тестілеуден өтіп, жаңа жерге қалай қоныстанғанымды, бөлімшенің жағдайына қалай бейімделгенімді сұрады. Мен барлық сұрақтарға шынайы жауап бердім, сауалнамалар мен тест үлгілерін мұқият толтырдым. Сосын осы қызға деген алабөтен сезімді бастан кеше бастадым», – деп еске алады Баходир Атаханов. «Алғаш жолыққанда бұл менің болашақ күйеуім екенін сезгендей болдым. Әңгімеміз бірден жарасып, сөйлесе бастадық. Кеңседегі диалог тез арада мөлдір романтикаға айналды. Баходир өз сезімін ашық айтты. Көп ұзамай үйленуге ұсыныс жасады. Бұрын тегім Сейітқасымова болатын. Шаңырақ көтергеннен кейін отағасының тегіне ауыстым. Қазір біздің бірге болғанымызға он жылдан асты. Баламыз Тимур өсіп келеді, қазір 9 жаста, – дейді Дина Атаханова. Баходир мен Дина бір әскери бөлімде қызмет еткенімен, жұмыс барысында ерлі-зайыптылар бір-бірін үнемі көре бермейді. Себебі, әркімнің өзіне жүктелген міндеті бар. Мәселен, капитан Дина Атаханова – байланыс полкінің психологі. Оның жұмыс күні әскери қызметшілермен жұмыс істеумен, әңгімелесумен және психологиялық тестілеу мен тренинг өткізумен өтеді. Әскери психологтың жұмысы әскери ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық климатты құруға және сақтауға көмектеседі. Ал, капитан Баходир Атаханов байланыс полкінің автоматтандырылған басқару жүйесі бөлімінің бастығы. Оның саласы – компьютерлер, схемалар, IT-технологиялар. – Менің қызметтік міндетім – бөлімшедегі автоматтандырылған басқару жүйесінің жұмысын қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Таңертең ұйқыдан тұрғанда жаңа күн басталғанына қуанып, жұмысқа зор ынтамен барамын. Қызметте мені әрқашан жаңа тапсырмалар күтіп тұрады, олар міндетті түрде орындалуы керек. Сондай-ақ, жұмыс күні біткен соң үйге, отбасыма асығамын, – дейді офицерлер отбасының отағасы. Дина офицердің жары ғана емес, офицердің қызы. Оның ата-анасы әскери дәрігерлер болған, сондықтан ол бүкіл балалық шағын гарнизондарда өткізген. – Көптеген әріптестер жолдасыммен бір бөлімшеде қызмет ету қандай екенін жиі сұрайды. Бірлескен қызмет тіпті отбасымызды нығайтады деп мен әрқашан жауап беремін. Біз бір-бірімізді түсінетіндіктен, әркімнің өз жауапкершілігі бар екенін білеміз, бір-біріміздің еңбегімізді сыйлаймыз. Алдағы уақытта ұлымыз да біздің жолымызды қуып, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әскери борышын өтейді деп сенемін, – дейді Дина. Осылайша әскери қызметтің арқасында бір-біріне, әскерге, әркімнің кәсібіне мейірімділік танытатын берік отбасының шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейіп келеді. Ал, бұл отбасылық командада екі капитан болуы ешқандай ережені бұзбайды, өйткені олардың отбасында бір ғана ереже бар, ол – махаббат, өзара түсіністік және құрмет. Алда қызметте жаңа кезең келеді, содан кейін Атахановтар отбасында екі майор болады. Айтпақшы, ағылшын тілінен «maior» сөзі «негізгі» деп аударылады. Бұл екі офицер де Отан алдындағы парызын, отбасы бақытын әу бастан негізгі құндылық деп санайды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ