Салық жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды
Салық жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды
Жалпы, салық мемлекеттік бюджеттің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Ал, мемлекеттік бюджет өз кезегінде мемлекеттің өзіне жүктелген қызметтерін сапалы және толыққанды жүргізуіне мүмкіндіктер туғызады. Осыған орай елімізде қабылданған салық жүйесін реформалауды тоқтатпай одан әрі заман талабына сай өзгертулер мен толықтыруларды жүргізудің қажеттілігін атап көрсетті. Салықтардың кейбір түрлерін, атап айтқанда корпоративтік салықтың бір бөлігін жергілікті бюджетте қалдыру жергілікті атқарушы органдардың дербес шешім қабылдауына, ол қаражаттарды кезек күттірмейтін шараларды жүзеге асыруға жұмсалуына мүмкіндіктер туғызатын пайдалы тұстарын атап айтты. Шындықты айтатын болсақ, бүгінде еліміздегі кәсіпорындар жоғары салық салуды болдырмау үшін аз пайда табуға мүдделі немесі мәжбүр болуда. Себебі, салық саясатының негізгі мақсаты экономиканың сапалы өсуі мен оны әртараптандыру емес, керісінше салық түсімдерін өсіру арқылы бюжеттегі қаражатты молайту арқылы бюджет тапшылығын жоюға бағытталған. Сондықтан, салық жүйесі экономикамыздың дамуына ынталандыруды қалыптастыру үшін қызмет етуі қажет. Ол үшін тиімділігі төмен салықтарды қысқарту арқылы салық ауыртпалығын жеңілдетуді және салық жүйесін оңайлатуды жүзеге асыру қажет. Жалпы, бүгінде салықтық жеңілдіктердің 200-ден астам түрі бар. Осы жеңілдіктердің жиынтық ақшалай көлемі де аз емес. Салық кодексінде бизнестің жекелеген санаттары үшін белгіленген арнайы салық режимдері (АСР) қарастырылған. Бұл режим шағын бизнес субъектілері мен жеке кәсіпкерлерге салықтарды жеңілдетілген жолмен есептеуге және төлеуге мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Алайда, бұл жеңілдіктер өз кезегінде шағын бизнес өкілдерін іріленуге немесе орта бизнес санатына көшуге ынталандырмайды. Екінші жағынан бұл жеңілдіктер ірі компаниялардың бірнеше кіші заңды тұлғаларға немесе жеке кәсіпкерге бөлінуге, яғни ұсақталуына жол береді. Осы жоғарыдағы келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында Жолдауда салықты жеңілдету мәселесін дұрыс жолға қою керектігі айтылды. Мемлекет басшысы салықтық жеңілдіктердің көлемін кем дегенде 20 пайызға, ал салық есептілік формаларын 30 пайызға қысқартуды ұсынды. Сонымен қатар, елімізде прогрессивті салық салуды енгізуді жылдамдату қажеттілігін атап айтты. Бұл өз кезегінде салықтың «әділеттік» қағидатына сәйкес айтылып отырған мәселе болып табылады. Елімізде салық төлеу мәдениеті әлі де болса төменгі деңгейде қалып отыр. Салықтан жалтару, оны дер кезінде толық төлемеу фактілері әлі де болса орын алуда. Мемлекет басшысы осы мәселеге тоқтала келе «Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер және жолдар деген сөз», – деді. Әлемнің дамыған елдерінде салықты төлеу мемлекетті қолдауды білдіреді. Сондықтан, салықты дер кезінде және толық төлеу еліміздің әр азаматының, әр кәсіпкердің мемлекет алдындағы борышы болуға тиіс. Жолдауда осы мәселені жүзеге асыру көзделген.
Мұрат ЖҰМАДІЛДАЕВ,
Экономика ғылымының кандидаты, аға ғылыми қызметкер. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты.