Адал азамат болса, әділдік орнайды
Адал азамат болса, әділдік орнайды
Осы Жолдаудан соң менде еліміздің жас өскелең ұрпағы ретінде ойға шомып, бала кездегі жаттап өскен Абай атамыздың шығармаларын еске түсіріп, қазіргі қоғам туралы ой жүгірттім. Абай атамызда адам жаратылысының жан сыры туралы жүйелі де, жемісті танымдар баршылық. Абай атамыз адамның толыққанды болуы туралы алыстан ақыл арбалаған жоқ, ол өзіне дейінгі өмір сүрген Жүсіп Баласағұнның кемел адам жайлы ой-пікірлерін әділет пен ақылдың сын таразысына салып, тұжырымдар жасады. Солардың бірі – Ескендір поэмасы деп білемін. Аталған поэмада Шығыста Ескендір Зұлқарнайын деген атпен белгілі, Еуропада Александр Македонский аталатын ежелгі грек қолбасшысының өмірі жайында аңыз жазылған, оның дүние жүзін жаулап алмақ болған шапқыншылық саясатын сынаған. Осыған орай поэмаға жас кезінде Ескендірдің досы болған ұлы философ-гуманист Аристотельді кіргізеді. Әңгімеде жауыздыққа жетелейтін тойымсыздық екенін көрсете келіп, әділдік, даналықты соған қарсы қояды. Қақпа мен адамның көз сүйегін символ ретінде алады да, ол жұмбақтарды ақылға шештіреді. Атап айтқанда: «Бұл – адам көз сүйегі», – деді ханға. Тоя ма адам көзі мың мен санға? Жеміт көз жержүзіне тоймаса да, Өлсе тояр, көзге құм құйылғанда. Кәпір көздің дүниеде араны үлкен, Алған сайын дүниеге тоя ма екен? Қанша тірі жүрсе де, өлген күні Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен. Аристотельдің даналық сөзі қанағатсыз Ескендірге ой салады, ол алған бетінен қайтады. Сөйтіп, ақын Аристотельге Ескендірді бағындырып, жауыздықты әділетке жеңгізеді. Абай атамыздың қайсібір шығармасынан ұғынатыным, атамыздың басты арманы әділетті қоғам құру болатын. Ал, Президентіміз Қ.Тоқаевтың əділетті қоғам құру мақсатымен үндескен биылғы Жолдауы Абай атамыздың арманының бірден- бір орындалу сатысы деп білемін.
Мұхтар СЫРЛЫБАЙҰЛЫ,
облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторы, қоғамдық кеңестің мүшесі.