Жаңалықтар

Қазақстан Еуразия құрлығында басты аграрлық орталыққа айналу қажет

Қазақстан Еуразия құрлығында басты аграрлық орталыққа айналу қажет

Осындай стратегиялық мақсатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойды.

Шынында да, бүкіл әлем Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде танып біледі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның 100 миллион адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндіктері бар. Бірақ ол мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Осыған байланысты Президент бірнеше нақты мақсаттар қойды: – Біріншіден, сапалы азық-түлік өнімдерінің үлесін (ет, сүт, астық) алдағы 3 жылда 70 пайызға жеткізу. Ол үшін салық саясатын қайта қарастырып, өзгерту. – Екіншіден, ауыл шаруашылығы саласында ірі компанияларды көбейту. Бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды тарту. – Үшіншіден, отандық кәсіпорындарының (мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі сүт-тауар фермаларын салу тәжірибесі) жетістіктерін үлгі ретінде барлық аймақтарда пайдалану. – Төртіншіден, «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру. – Бесіншіден, ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозған. Осыған байланысты жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңарту қажет. – Алтыншыдан, ауыл шаруашылығы жаңа технологияларға, инновациялық амал-тәсілдерге сүйену керек. Сондықтан аграрлық ғылымды дамыту, жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығының талаптарына бейімдеу – өзекті мәселе. – Жетіншіден, егін шаруашылығында өзгерістер жасау керек: Егіс түрлерін көбейту, көбірек пайда әкелетін дақылдарды егу, жаңа сұрыптарды шығару, диқандарды жергілікті сапалы тұқыммен қамтамасыз ету. – Сегізіншіден, әлеуметтік маңызы бар ауыл шаруашылығы тауарларының бағасын тұрақтандыру. Мысалы, Жамбыл облысының халқы бұл тауарлардың 19 түрімен былай қамтылған: 8 түрімен – 100 пайыз, 9 түрімен – 50 пайыз, күріш – 0 пайыз (Қызылорда облысынан алынады), қара құмық – 0 пайыз (Солтүстік Қазақстаннан алынады). Баға мәселесін мемлекеттік органдар әкімшілік ресурстарды пайдаланып шеше алмайды. Оған көзіміз жетті. Бағаны тұрақтандыру тікелей азық-түлік келісімшарт корпорациясының құзырында болу керек. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығын дамыту – біздің стратегиялық мақсатымыз. Қазір әлем халқы азық-түлік дағдарысын бастан кешіп жатқанда, Қазақстанның дамуы ауылдың жағдайына тікелей байланысты.  

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті.