Әлеумет

Қордай өңіріне танымал Хибраевтар

Қордай өңіріне танымал Хибраевтар

НОҒАЙБАЙДАЙ ТАРИХИ ТҰЛҒАСЫМЕН, КЕНЕН ӘЗІРБАЕВТАЙ ДАРА ДҮЛДҮЛІМЕН МАҚТАНАТЫН ҚОРДАЙ ЖЕРІНДЕ ДЕ ӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ, ІСІ ҰЛАҒАТТЫ ОТБАСЫЛАР АЗ ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ КӨШ БАСЫНАН ХИБРАЕВТАР ӘУЛЕТІН КӨРУГЕ БОЛАДЫ.Отағасы Шорабек Хибраев – жеке кәсіпкер. Еліміз тәуелсіздік алған тұстарда жаңашылдыққа бет бұрып, кәсіпкерлікке тәуекел еткен екен. Ол қадамы өз жемісін беріп келеді. Жекеменшік дүкені арқылы ауыл халқына қызмет етіп, мұқтаж жандарға үнемі қамқорлық көрсетіп келеді. Шорабек 1992 жылы жүрегін жаулаған ару Эльмира Жұмабекқызымен танысады. Таныстық махаббатқа ұласып, көп ұзамай екеуі отау құрып, шаңырақ көтерді. Эльмира босаға аттап келген күннен бастап, асыл жарының қабағына қарады. Өмірлік серігінің қасында жүріп, кәсібіне де болысты. Үйдің үлкендерін құрметтеді. Мұндай ибалы келін Шорабектің барлық жақын-жанашыр, туыстарына да ұнағаны анық. Содан бері де зымырап 31 жыл өте шыққан екен. Сыйластыққа, жарасымға, қуанышты сәттерге толы 31 жыл. Осынау бақытқа толы жылдарына Шорабек те, Эльмира да тәубе дейді. Эльмираның да қолұшын беріп, тілеулес болғаны себеп шығар, бұл шаңырақтың кәсібі алға жылжып, жолға қойылды. Үлкен қыздары Айдана Жамбырбай Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Агробиология және фитосанитария» факультетінде білім алған. Атап айтқанда, «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы бойынша жоғары білім иесі атанып, қазіргі таңда Қордай ауыл шаруашылығы колледжінде мұғалім болып еңбек етеді. Тұрмысқа шығып, екі ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Ортаншы қыздары Айзада Қырғыз мемлекеттік университетінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алған. Бірақ, ата-анасының жолын қуып жеке кәсіппен айналысып жүр. Кәсібін жолға қойса, болашақта жекеменшік балабақша ашу ойында жүрген көрінеді.

Еламан болса әскерге барып Отан алдындағы борышын Ұлттық Ұлан сарбаздары қатарында абыройлы өтеп, қазіргі таңда Қордай ауыл шаруашылығы колледжінде «Ветеринария» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Кіші қыздары Нурикамал №35 Рза Қунақова атындағы орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Эльмира Жұмабекқызы тағдырына риза екенін, осындай ұлағатты әулетке келін болып, Жаратушының берген ұл-қыздарын тәрбиелеп жатқанын айтады. Өмірлік жарының да іскер, білімді, салмақты, жан-жақты азамат болып кездескеніне шүкіршілік етеді.

Ал, отағасы Шорабек Хибраев: «Қазақ халқының әр шаңырағында тәрбие мен ұлағат тұнып тұруы тиіс. Ол ата-бабамыздан мирас болған асыл құндылықтар. Мен осындай жарасым мен сыйластық көптеген шаңырақтарда да бар. Біз сол көп жарасымды отбасының қатарындамыз деп ойлаймын. Жұбайым екеуміз перзенттерімізді ұлағатты, ибалы етіп тәрбиелеуге күш салдық. Оның өзі Тәуелсіз еліміздің дамуына деген тамшыдай үлесіміз деп ұғындық. Қазір перзенттеріміздің таңдаған жолдарына, тәрбиелеріне қарап, біздің еңбегіміздің зая кетпегенін түсініп жатырмыз. Ізетті, үлгілі болса үлкендерден үнемі алғыс алып жүреді. Тәрбиелі болса басқа кісілерге де көмегін тигізеді. Өздерінің кішкентай перзенттеріне жақсы өнеге береді. Оның барлығы ата-әжелерімізден келе жатқан тұнық тәрбиенің жалғасы. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Біз ұл-қыздарымыз жетілген сайын осы мақалдың растығына көз жеткізіп келеміз. Қазақтың әр отбасы бақытты, бай-қуатты болса екен», – деп ақ ниетін білдірді.

 

Қордай ауданы