Әлеумет

Шымшық апа әулеті

Шымшық апа әулеті

«ОТАН – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ» ДЕЙДІ. ШЫН МӘНІСІНДЕ СОЛАЙ. ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕН СОҢ, ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНУ, ОТБАСЫҢМЕН ӨСІП-ӨНУ, ҰЛ-ҚЫЗЫҢДЫ ҰЛАҒАТТЫ ЖОЛҒА ТӘРБИЕЛЕУ – ЖЕҢІЛ МІНДЕТ ЕМЕС. ОТБАСЫНЫҢ АСҚАР ТАУЫ БОЛЫП ЖҮРГЕН ҮЛГІЛІ ӘКЕЛЕР МЕН ШАҢЫРАҚТЫҢ СӘНІ БОЛЫП ЖҮРГЕН ҰЛАҒАТТЫ АНАЛАРҒА ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТСЕ ДЕ АРТЫҚ ЕМЕС.Бірнеше жылдан бері елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланып келеді. Міне, осы байқау көптеген үлгілі отбасын елге танытты. Өңіріміздегі өнегелі отбасының бірі – Балуан Шолақ ауылындағы Мадалиевтер отбасы. Бұл отбасын ауылдастары «Меценаттар әулеті» деп те атайды. Ол туралы кейінірек айтармыз. Бұл әулеттің отағасы, Алатаудай асқар тауы Нұрмаханбет Мадалиев ақсақал еңбек жолын осы ауылда (бұрынғы Ақтөбе ұжымшары) көлік жүргізуші, механизатор болып бастапты. Кейіннен ауыл шаруашылығы техникумында білімін жетілдірген Нұрмаханбет қызметке де араласқан. Ұжымшардағы тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі, ұжымшар төрағасының орынбасары болады. Зейнетке шыққаннан кейін «Қалқа» шаруа қожалығын ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Аудан орталығы Төле би ауылынан сыйымдылығы 40 адамға арналған монша салдырады. Ал, ең бастысы, Нұрмаханбет ақсақал өмірлік жары Шымшық әже екеуі он ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 30 немере, 21 шөбере сүйді. Баршаға ұлағатымен танылған, Шу ауданының Құрметті азаматы болған Нұрмаханбет ақсақал 2017 жылы 78 жасқа қараған шағында өмірден озыпты.

84 жасқа қадам басқан Шымшық әже әлі де ширақ. Еңбек жолын ұжымшарда жұмысшы болып бастаған әжеміз әр жылдары тәрбиеші, тауарлы-сүт фермасының зертханашысы болып тер төккен. «Алтын алқа» иегері «Зерде», «Алтын алқалы аналар» кітабына енген, «Алтын жұлдыз» медалінің иегері, Шу ауданының Құрметті азаматы.

Шымшық әже әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Перзенттеріне ел үшін еңбек етуге, қайырымдылық жолға бағыттап келеді. Ардақты ананың айтуымен кәсіпкер перзенттері Балуан Шолақ ауылындағы аз қамтылған Дәрменбековтер отбасына, Бәйдібек ауылынан Оңланбековтер отбасына, Көктөбе ауылынан Ақсақаловтар отбасына демеушілік көмек көрсетіп, үй алып берген. Баспаналы болғандарына отбасылар қалай қуанды десеңізші! Одан бөлек, Мадалиевтер әр жылы ауылдың 20 тұрғынын өз қаражаттары есебінен Түркістан қаласына саяхатқа апарып тұрады.

Бұл әулеттің үлкен перзенті Құрманғазы Мадалиев 1983 жылы Алматы медициналық институтын бітірген. Медицина ғылымының кандидаты, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақ ғылыми ішкі және жүрек ауруларын зерттеу институты клиника бөлімі басшысының орынбасары. Інісі Қанат та жоғары білімді медицина маманы. Қазіргі таңда Алматы қаласында жеке тіс клиникасында дәрігер, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері.

Әулеттің үлкен қызы Дина жоғары білімді теміржолшы. Шу темір жол станциясында қауіпсіздік инженері болып 30 жылдан астам қызмет атқарған. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер, мейрамханалар жүйесінің директоры.

Бұл әулеттің Құрманәлі, Бағдат атты перзенттері ауыл шаруашылығы бойынша жоғары білімді мамандар. Құрманәлі отбасылық «Қалқа» шаруа қожалығының тасын өрге сүйресе, Бағдат «Байлық» шаруа қожалығын абыройлы басқарып келеді. Өзге ұл- қыздары сауда, есепші-экономист мамандықтары бойынша жоғары білім алып, кәсіпкерлік саласында табысқа кенеліп отыр. Ағасы Құрманәлімен бірге «Қалқа» шаруа қожалығында еңбек етіп жүрген Сағадат Мадалиев – Шу аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкерлерге берілетін «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері. Ал, әулеттің кенжесі Дана Нұрмаханбетқызы Алматы қалалық өрттен сақтандыру мекемесінде аға инженер болып еңбек етеді.

Мадалиевтер әулетінің немерелері де үлгілі жолды жалғап келеді. Атап айтқанда, Шымшық әженің 5 немересі мемлекеттік қызметші болса, сондай-ақ, дәрігер, жеке кәсіпкер, ұстаз немелері де бар. Бірқатары жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. «Өмірде қолдан келіп жатса, қайырымдылықтан асқан ізгі іс жоқ. Балаларыма қайырымдылықты көп жасай беріңдер деп өсиет айтып отырамын. Осы күнге жеткізген, бала-шаға, ұрпақтан қызық көрсеткен Аллаға сансыз шүкір. Еліміз аман, халқымыз қуатты болсын. Күніміз бейбіт, аспанымыз ашық болғай», – дейді ардақты әже.

 

Шу ауданы