Қастерлі әрі құдіретті құндылық
Қастерлі әрі құдіретті құндылық
«Тіл туралы» Заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деген. Әрине, ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Ұлт анасы тіл болып есептеледі. Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Ол тілдерді қолдану мен дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларынан да көрініс тапты. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тіліне деген қамқорлық аз болған жоқ. Қазақ тілінің дәрежесін осы құжаттарда көрсетілгендей деңгейге жеткізсек, көңіліміз жұбанар еді. Себебі, ұлттың болашағын, елдіктің ертеңін, ұрпақтың келешегін ойлаған әрбір саналы азамат бұл жайдан сырт қалмас. Егемендігімізді алғаннан кейін мәдениетімізге, әдебиетімізге, салт-дәстүрімізге, тілімізге айрықша мән беретін күн туды. Қазір елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге де, мемлекеттік тілді дамыта түсуге де ешқандай кедергі жоқ. Жыл сайын қажетті қаржы да бөлініп жатыр. Қызметшілерді мемлекеттік тілге жедел үйретудің орталықтандырылған желісінің негізі қаланды. Шығарылған сөздіктер, ғылыми әдебиеттер мен оқу құралдарының да таралымы тұрақты өсуде. Мәселен, «Орфографиялық сөздігі» – 100 000 таралыммен, «Орфоэпиялық сөздігі» – 100 000 таралыммен, «Фразеологиялық сөздігі» – 50 000 таралыммен, «Диалектологиялық сөздігі» – 50 000 таралыммен, «Тұрақты теңеулер сөздігі» – 50 000 таралыммен, «Синонимдер сөздігі» – 50 000 таралыммен, «Экономикалық орысша-қазақша сөздігі» – 20 000 таралыммен, 50 мыңға жуық сөз қамтылған «Қазақша-орысша сөздігі» – 100 000 таралыммен, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» – 100 000 таралыммен, «Орысша-қазақша сөздігі» 100 000 таралыммен жарық көрді. Бүлдіршіндерге, кәсіби мамандыққа сәйкес мемлекеттік қызметшілерге арналған оқу-әдістемелік кешендер де жеткілікті жарық көрді. Азаматтардың құқықтары мен заңнамалық негізі бар. Кез келген тілді меңгеру мәселесіндегі басты шарт – адамның өзінің ішкі ой-ниеті мен қажеттілігі. Жетпей тұрғаны – адамдардың ықыласының аздығы. Осы ықыласты оятып, қазақ тілін қоғамдағы бірінші қажеттілікке айналдыру керек. Қазақ тілі – өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Тіл халықпен бірге өмір сүріп, дамиды, яғни, тіл – әрбір халықтың дербес ұлт екендігінің анық куәсі. Себебі, әр ұлттың тілі – сол ұлттың болашағының мықты діңгегі. Ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзінде терең астар, үлкен мән жатыр. Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктіруші құндылықты факторға айналу қажет.
Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» аудандық бөлімшесінің меңгерушісі.
Жуалы ауданы