Асыл мұраттар алға жетелейді
Асыл мұраттар алға жетелейді
Өткен аптада өңірімізге арнайы Астанадан атбасын бұрған республикалық ақпараттық топтың мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Серікбай Нұрғисаев Байзақ ауданында болды. Сарыкемер атындағы орта мектептің мәжіліс залына жиналған байзақтықтармен жүздескен мәжіліс депутаты Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы аясында атқарылуға тиіс жұмыстар легін сөз етті. – Қазіргі кездегі әлемдік экономикалық ахуал, геосаяси дағдарыстар, шикізат ресурстарына әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуі жаңа сынақтар мен жаңа экономикалық талаптармен беттестіріп отыр. Күні кешегі Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы әлемдік экономикалық ахуалдан туған азаматтарымыздың көкейлеріндегі сұрақтарға нақты жауап болды. Президент алдағы жылдарды жан-жақты экономикалық сараптай отырып, негізгі бағыттарды айқындап, Жаңа Экономикалық Саясатты жариялады. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті экономикамыздың күретамырына айналдыру мақсатындағы жұмыстарға жаңа қарқын бере отырып, кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеу қажеттілігі баса айтылды. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытудың кешенді жоспары, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылымдарды дамытудағы мақсаттарымыз экономикалық қана емес сонымен қатар әлеуметтік те жаңа серпін берері сөзсіз. Әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, баспана мәселесі және оның қатардағы азаматтарымызға, әсіресе жастарымызға қол жетімділігін қамтамасыз етуге байланысты Елбасы талаптары ерекше жауапкершілікпен және толық орындалуы керек – деді, С. Өрікбайұлы. Сондай-ақ, ол Президенттің 11 қарашадағы Жолдауы қаншалықты қарқынды және күтпеген жерден болса, атқарылатын жұмыстардың соншалықты маңыздылығын және аса жауапкершілікпен, жылдам, нәтижелі орындалуы тиістігін, оған әрбір ел азаматының үлесі керектігін де айтты. Бұдан соң халық қалаулысы тұрғындардың көкейдегі сауалдарына жауап бере отырып, олардың жай-күйіне назар аударды. * * * Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық топтың мүшелері Қордай ауданына келді. Олар бірнеше бағытқа бөлініп, ауылдық округтер жұртшылығымен кездесулер өткізді. Алғашқы күні Әділет министрлігі Сот актілерін орындау департаментінің директоры Жанат Ешмағамбетов пен облыстық әділет департаментінің басшысы Нұржан Егінбаев Қасық, Қаракемер ауылдары мен Гвардияшылар кентінде ардагерлер, мұғалімдер, жастар қамтылған ауыл тұрғындарымен кездесті. Қасық ауылдық мәдениет үйінде көп адам жиналған басқосуда Ж. Ешмағанбетов Елбасының биылғы Жолдауының ерекшелігі мен маңыздылығын атап көрсетті. Мемлекет басшысының Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі жақсартуға бағытталған бас құжат екендігін және ондағы басым бағыттарды атап көрсетті. Елбасы белгілеген жеті тапсырманың әрқайсысы бойынша жан-жақты түсініктеме берді. Кездесу барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайсан Әбдіматов Жолдауды қолдайтындығын білдірсе, Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шақтағы досы Тұрғанбек Тұрысбаев Елбасымен байланысты жайлардың барлығына қасықтықтардың ерекше ықыластық танытатынын айтты. Қаракемер ауылындағы кездесу Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектепте өтті. Нұржан Болатұлының түсініктемесінен кейін осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төлеев пен ауыл тұрғыны Нұрлан Бұрқыбаев ақпараттық топ мүшелеріне жан-жақты байыпты әңгімелері үшін алғыс айтты. Соңғысы елімізде мүгедектер мен жалғызбасты қарттарға, қамқоршысыз азаматтарға жасалып жатқан игілікті шаралардың көңілінен шығатынын, сондықтан Жолдауды отбасымен толық қуаттайтынын білдірді. Әскерилер қалашығындағы кездесу де белсенділік жағдайында өтті. Қонақтардан соң Отар ауылдық округі үйлестіру кеңесінің төрағасы Тұрысбек Мадышев Елбасының жаңа Жолдауы тұрғындар арасында кеңінен қолдау тауып отырғанын айтты. Ал Гвардияшылар кентімен іргелес «әскери кеңшар» елді мекенінің тұрғыны Қабдұлғазы Халитов аумақтық бөліністе Алматы облысына қарап келген өз ауылдарының қашан біздің облысқа берілетінін сұрады. Өйткені, ауыл көрші облыстың бағынысында болғанымен, ондағы тұрғындардың дені Жамбыл облысындағы ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейді. Оған бұл мәселеден облыс әкімі хабардар, алдағы уақытта үкіметтік деңгейде қаралуы тиіс деген жауап берілді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов пен облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысов Қордай ауылындағы «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжі мен аудандық аурухана ұжымдарымен кездесті. Студенттермен болған кездесуде Төлеген Қапақұлы Елбасы Жолдауының басым бағыттары туралы кеңінен түсініктеме бере келе, өз саласы бойынша азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеуде келесі жылы енгізілетін жаңа жүйе туралы әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, студенттерге елімізде орта техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары екенін, кәсіптік білім беру шығындарының елу пайызын мемлекет субсидиялайтынын ескертті. Сондықтан, жастардың осындай мамандықтарға да көбірек ден қоюы ең алдымен ертең жұмыс таппай қалудан сақтандырса, екіншіден еліміздің болашағы үшін де маңызды екенін түсіндірді. Соңында колледж директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Дамира Сүгірбаева ақпараттық топ мүшелеріне мазмұнды кездесулері үшін рахмет айтты Ал Қаржы министрінің орынбасары Ардақ Теңгебаев аудандық мәдениет үйінде, Ноғайбай және Қарасу ауылдық округтерінде Жолдауды насихаттау бойынша жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Қордай ауданы.
* * * Әлеуметтің әл-ахуалын жақсартуға бағытталған бағдарламалар өз нәтижесін беруде. Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген әлеуметтік нысандар бүгінде ауылдық жерлердің ажарын кіргізіп тұр. Көп жылдар бойы көпшіліктің көкейінде жүрген ауыз су мен газдандыру мәселесі де бірте-бірте шешімін тауып келеді. 2015 жылы Қордай, Меркі аудандарындағы елді мекендер мен Тараз қаласындағы «Арай» тұрғын үй алабына толықтай табиғи газ кіргізу қарастырылып отыр екен. Елбасы Жолдауын жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында Жамбыл жеріне келген республикалық-ақпараттық топтың мүшесі, Сенат депутаты Ертарғын Астаев Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында өткен жиында осыны айтты. «2013-2014 жылдарға тиісті қаржы бөлініп, негізгі жұмыстар атқарылды. Келер жылға 900 миллион теңге бөлу жоспарланған. Сонда «Арай» алабын газдандыру ісі толық аяқталады. Көпшіліктің көкейкесті мәселелерінің бірі – баспана жайына тоқталсам. Тараз қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандар әлі де көп. Десек те, «Бәйтерек» шағын ауданында 75 пәтерлік көпқабатты үйлер салынып, ең алдымен әлеуметтік қолдауды қажет ететіндерге пәтер беріліп жатыр. Олардың арасында жас отбасылар да бар. Елбасы биылғы Жолдауында тұрғын үй алуды мейлінше қолжетімді ету жолдарын қарастыруды тапсырды. Қазір түрлі санат бойынша берілетін пәтерлерді кімдер ала алатыны, құжат дайындауда қандай жеңілдіктер болатыны екшеліп, жаңа ереже дайындалуда. Жаңа жылға дейін бұл құжат облыс және аудан әкімдіктеріне жіберіліп, жұртшылыққа таныстырылады», – деді Ертарғын Кәкімбекұлы. Жиында институт оқытушылары мен студент жастар Сенат депутатына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өтініш-тілектерін жеткізді. Елбасы Үкіметке «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы бойынша нақты жоспар жасап, оны 1 қаңтардан бастап жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі. Тұрғындарды да қызықтыратыны осы. Жаңа жылдан бастап, қандай бағдарлы жұмыстар қолға алынады, соны білгісі келеді. Жалпы, кез-келген отбасының әлеуметтік жағдайын түзеуге тигізер ықпалы мол. Бастысы, әрбір азамат мемлекеттік құжатта басымдық берілген мәселелермен толық танысып, өз құқығының қалай қорғалатынын білсе болғаны. * * * Елбасы Жолдауын жергілікті жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында жерлесіміз Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев аудандық «Достық» мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. – Құрметті жерлестер, мен осынау табиғаты қатал да сұлу өлкеде туып-өскеніме қуанам. Әрқашан сіздермен кездесуге асығамын. Елге келіп ағымнан жарылып, сіздерге еркелеп, бір марқайып қаламын. Бұл жолы таңнан тұрып, ауданда соғылып жатқан, жаңа ашылған ғимараттарды араладым. Соның ішінде 280 орындық балабақшада болғанымда балғындар алдымнан «аталап» шығып, өнерлерін көрсетті. Бүлдіршіндер еліміздің Әнұранын асқақтата шырқағанда кеудемді мақтаныш кернеді. Ұлттық биіміз «Қаражорғаны» билегендеріне қарап сүйсіне түстім. Одан кейін жаңа ашылған 300 орындық мектепте де болдым. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің 23 жылында жеткен жетістігіміздің бір ғана көрінісі деп білемін, - деді Бақытжан Ертайұлы. – Тіл сөйлейді, жүрекпен сөйлеген сөз шындық. Мен талай елде болдым. Елімнің бүгінгі аяқ алысына қуанамын. Бүгінде Елбасы елімен мақтанады, біз Елбасымен мақтанамыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев не істесе де ел үшін, оның нұрлы болашағы үшін істейді. Елбасының халыққа жолдаған Жолдауы сондықтан да «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталып отыр. Жолдауда айтылған міндеттерді атқара отырып, өсіп келе жатқан жастардың жарқын болашағын қалыптастырарымыз анық. Оған аға буын өкілдері, қариялар мен елдің зиялы азаматтары үлес қосады деп сенемін. Бақытжан Ертаев жерлестеріне деген сағынышын жалынды сөздерімен аяқтаған соң, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мақсат Әбдібековті мінбеге шақырып, оның кеудесіне «Халықтар достығы» орденін салтанатты жағдайда тапсырды. Одан соң мінбеге ақпараттық топ мүшелері, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Серік Салемов пен аудандық мәслихаттың депутаты, «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев шығып, Жолдаудан туындайтын міндеттер мен бағыттарға тоқталды. Осыдан кейін жарыссөзге Жуалы ауданының Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Әбілқасым қажы Ергебеков шықты. Ол еліміздің Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы жетістігіне кеңінен тоқталды. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы бізді Мәңгілік Елге бастайтынын атап айтты. Ал Жуалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлнұр Қадырбек ел жетістігін білім және ғылым саласымен байланыстыра әңгімеледі. Залдан түскен жазбаша сұрақтарға Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев жан-жақты жауап берді. Жиынды аудан әкімі Батырбек Құлекеев қорытындылады.
Жуалы ауданы.
«Ақ жолдың» тілшілер тобы: Жанғазы АХМЕТ, Құрманбек Әлімжан, Ардақ Үсейінова.