Жаһан

Экономиканың әлеуетін көтеруге бағытталған негізгі құжат

Экономиканың әлеуетін көтеруге бағытталған негізгі құжат

Еліміз соңғы екі жылда жаңа кезеңге қадам басты. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», саяси жаңғыру бағдарын қайта жаңғыртты. Осылайша, болашағымызды бағдарлап, қадамымызды нықтап алдық. Саяси жаңғырудың келесі бір белесі – экономикалық өзгерістер. Осы орайда, Президенттің кезекті Жолдауы алдымызға жұмыр жоспар мен мығым мақсаттарды бағдарлап берді.

Жоспар нақтыланбай, мақсат айқындалмайды. Өткенге көз жүгіртпей, болашаққа бет бұру мүмкін емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы әр Жолдауында дамудың жаңа бағыттарын белгілеп, экономиканы көтеруге ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл ең алдымен, халықтың әлеуметтік жағдайын күшейтуге ықпал етуде. Мемлекет басшысы белгілеп берген бағыттардың басым көпшілігі жүзеге асты. Мәселен, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің еңбекақылары да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ, игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағытта «Amanat» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының жұмысын айтпай кетпеске болмас. Біздің өңірде аталған комиссияның күшімен өткен жылы 200 мыңнан аса гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, биыл жыл басынан бері 94 мың гектар жер қайтарылды. Ал, келесі жылдың соңына дейін игерусіз жатқан тағы 106 мың гектар жер қайтарылмақ. Расында, Мемлекет басшысы ұсынған жаңа саяси құжаттың мән-маңызы айрықша. Себебі, оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді. Ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Онда еліміздің экономикалық бағдары анық көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын ілгерілетуде ауыл-аймақты дамытуға ден қойып отыр. Бұл бағытта да Үкіметке «Ауыл аманаты» жобасын ары қарай да жандандыру туралы нақты тапсырмалар жүктеді. Біздің өңірден бастау алған тың бастаманың қазіргі аяқ алысы жаман емес. Бүгінгі күні облыста аталған жоба аясында жоспарланған қаражаттың 11,5 миллиард теңгесі аударылып, несиелерді мақұлдау және есепшоттарға аудару процесі жүруде. Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі мәселелердің бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні белгілі. Президент Жолдауында бұл мәселеге тектен-тек тоқталған жоқ. Себебі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Жолдауда Мемлекет басшысы бұл мәселеге де баса назар аударып, 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керектігін жеткізді. Президент айтқан бастамалар партия назарында болады. Партияның сайлауалды бағдарламасында Байзақ ауданында «Ақмола», Меркі ауданында «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3», Қордай ауданында «Қалғұтты», «Ырғайты» су қоймаларының құрылысын жүргізу қаралған. Сонымен қатар, қазір қолданыстағы Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ», Қордай ауданындағы «Қарақоңыз», Сарысу ауданындағы «Ынталы» қоймалары жаңғыртылатын болады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта партияның қатаң бақылауына алынбақ. Еліміздің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі аз емес. Әлемдік аренада ойып тұрып өз орнымызды нақтыладық. Дегенмен, еліміздің басты байлығы береке-бірлігімізде жатыр. Сондықтан, бабалар аманатына адалдық танытып, табанды еңбек етуіміз қажет.  

Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВ,

«Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы.