Саясат

МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕН АШЫЛДЫ

МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕН АШЫЛДЫ

6Құс – қанатсыз, ағаш жапырақсыз болмайтыны сияқты, адамзат баласы тарихсыз болмайды ғой. Егер өткенді еске алар болсақ, тәуелсіздігіміздің өзі нағыз Отанын сүйген азаматтардың жанқиярлық ерліктерінің һәм еңбектерінің арқасында келді. Осынау егемендікті ата-бабаларымыз армандап өтті емес пе? Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың бастама көтеруімен, осы өңірден шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлеріне арнап ескерткіш-мемориал ашу шынында да ұрпаққа өнеге боларлық патриоттық шара болды.

Меркі ауылындағы орталық саябаққа бұл күні халық көп жиналды. Өйткені, осы өңірден 56 Еңбек Ері, төрт Кеңес Одағының Батыры шыққан екен. Енді міне, олардың барлығының есімдері мәрмәр тасқа өшпестей етіп жазылыпты. Кешеннің ашылу салтанатында облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов, аудан әкімі Б. Көпбосынов, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қ.Иманалиев, Сұрат ауылынан келген Социалистік Еңбек Ері Ырзабай Шаңбаев сөз сөйледі. Олардың жүрек түкпірінен шыққан мағыналы сөздері Ұлы Отан соғысы мен тылдағы азаматтардың ерлік істерін бір сәт көз алдымызға әкелді. Иә, ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран. Сонымен, ескерткіш-кешеннің лентасы қиылып, жиналғандар өмірден озған Ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды, артынша олардың рухына Құран бағышталды. Әскерилер салют берді. Содан кейін аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиналыс өтті. Онда аудан әкімі баяндама жасады. Аудандық мәслихаттың шешімімен он адамға ауданның Құрметті азаматы деген атақ берілді. Мерекеге орай бір топ азамат облыстың және аудан әкімі мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Салтанатты жиналыстан соң көпшілік қауым облыстық филармония әртістерінің концертін тамашалады.

Сейсен Қожеке, «Ақ жол».

Меркі ауданы.