Әлеумет

Қауіпсіздік – әркімнің өз қолында

Қауіпсіздік – әркімнің өз қолында

Кейінгі кезде газ баллон жабдықтарымен жұмыс істейтін автокөліктердің қатары артты. Осыған орай, адам өміріне қауіп төндіретін және материалдық шығынға әкеп соқтыратын төтенше жағдайлар да көбейді. Мәселен, биыл 8 айда облыста 105 автокөліктегі өрт оқиғасы тіркелген. Өткен жылы 109 автокөлік отқа оранған. Биыл болған автокөлік өртінен келген шығын 26 миллион 240 мыңнан астам теңгені құраған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев мәлімдеді.

Ағын су да талай жанның өмірінің ерте қиылуына себеп болып келеді. Шомылу маусымы кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы рейд ұйымдастырғанымен, абайсызда суға кетіп, мәңгілікке көз жұмған қайғылы оқиғалар жалғасуда. Бұл туралы аталған департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариев баяндады. — Жүргізіліп жатқан іс-шараларға қарамастан, облыс аумағында биылғы 25 тамыздағы жағдай бойынша шомылу маусымында су айдындарында 4 оқыс оқиға тіркеліп, 5 адам қаза болды, оның ішінде үшеуі бала. Оқиғалар Байзақ, Жамбыл, Шу аудандары мен Тараз қаласында орын алды. Статистикамен сөйлесек, 2022 жылғы 1 маусымнан 31 тамызға дейін облыстағы су айдындарында 3 суға бату фактісі тіркеліп, онда 4 адам қаза болды, оның екеуі бала. Оқиғаның орын алуына шомылу кезінде балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру, жүзу кезінде өз күшін бағаламау, жабдықталмаған орындарда шомылу және балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған. Осы жайттарға байланысты Төтенше жағдайлар комиссиясының кезектен тыс отырыстары өткізілді. Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 364, 412 және 440-баптары қолданылады. Жергілікті полиция қызметімен бірлескен рейдтер барысында 364 және 440-баптар бойынша ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу және қоғамдық орындарға масаң күйде келу фактілері бойынша ескертулер мен айыппұлдар салынады.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен 412- баппен су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау фактісі бойынша айыппұл салынады. Рейдтік және патрульдік жұмыстар барысында 368 адамға қатысты ескерту жасалып, айыппұл салынды, жауапкершілікке тартылды, — дейді Руслан Шариев. Құтқарушылардың айтуынша, кездескен қайғылы оқиғалардың көбі адамдардың абайсыздығынан, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, салғырттықтан болып жатады. «Қауіпсіздік әркімнің өз қолында, барынша сақтық шараларына мұқият болыңыздар», – дейді Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.