Экономика

ТАПСЫРМА ТИЯНАҚТЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

ТАПСЫРМА ТИЯНАҚТЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айының соңында VIII cайланған Парламенттің бірінші сессиясында және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте су қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы міндет жүктеген болатын. Содан бері су нысандарын қалпына келтіріп жаңғыртуда, суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуде қандай жұмыс атқарылды? Мемлекет басшысының алға қойған міндеті мен Парламент Сенаты депутаттарының Үкімет басшысына жолдаған сауалы орындалып жатса, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жақында облыстық әкімдікте өткен кезекті кеңес отырысында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысын қатаң сын тезіне алмас еді.

2014 жылы «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, жаңғырту және дамыту» жобасы аясында «Халықаралық қайта құру және даму банкімен» жасалған келісімге сәйкес, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарын қамтыған жоба осыдан екі жыл бұрын аяқталуы тиіс болатын. Республикалық бюджеттен қажетті қаржының жүйелі бөлінбеуінен 2024 жылдың соңына дейін созылған. Қолдағы мәліметке қарағанда, «Жамбыл облысының суару арналарын, дренаждық жүйелері мен құрылыстарын реконструкциялау» жобасы бойынша қаралған қаржы жыл соңына дейін толық игеріліп, ұзындығы 665,5 километрді құрайтын 264 суару каналдарында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу, 928 гидро құрылымдарды орнату және 46 ұңғыманы бұрғылау көзделген. Жамбыл, Қордай және Шу аудандарында 15,2 мың гектар алқапта «Ирригациялық дренаждық жүйелерін жетілдіру жобасының 2 фазасы» іске асырылып жатқаны туралы да жазғанбыз. Жоба бойынша жыл соңына дейін аяқталуы жоспарланған жалпы ұзындығы 212,2 километрді құрайтын 51 суару каналдарындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқтала ма? Осыған да баса назар аудару керек. Мына мәселені де айта кетейік. Көктен ылғал аз түсетін, оның үстіне су аяғындағы Мойынқұм немесе Сарысу аудандарында емес, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарында егіс алқаптарының күйіп кеткенін қалай түсінуге болады? Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кеңес отырысында судың жетіспеушілігі жеке шаруашылық құрылымдары басшыларының немқұрайлығының салдарынан да орын алып отырғанын атап көрсетті. – «Aq jol» газетінен облыстық әкімдікте ағын су мәселесіне арналған кеңес жайлы мақаланы оқып шықтым. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» республикалық кәсіпорнының жұмысын орынды сынаған. Су нысандарын қалпына келтіру жобасы екі жыл бұрын аяқталуы тиіс болса да, әлі күнге созылып келеді. Осы бір аты дардай «Қазсушар» дегеннің не істеп, не қоятынын, өз басым біле бермеймін. Аракідік шаруа-достардан «судың да, каналдың да, қойманың да қожасы осы» дегенді естіп қаламын. Дегенмен, кейінгі жылдарға қарағанда биыл көктен ылғал аз түскен жоқ. Соны әр аудан тиімді пайдалана алмады. Мен бұл мәселені әлеуметтік желіде әлденеше рет көтердім. Бірақ құлақ асқан аудан әкімдерін, ауыл шаруашылығы бөлімдері мен суға жауапты мекеме басшыларын көрмедім. Жеке шаруашылық құрылымдарының басшылары – өзіміз де суды дұрыс пайдалана бермейміз. Түнде егіс алқабына немесе шабындығына су салып жүрген кім бар? Үкімет пен облыс басшылығына қол жайып, қаржы сұрай бергенше жекеменшік жеріміздегі егін алқаптарындағы арық-атызды, каналдарды жөндеп, бүтіндеп алуға көптеген шаруа қожалықтарының шамасы келеді. Облыс әкімі тарапынан шаруашылық басшыларының атына айтылған сынды да орынды деп санаймын, – дейді Жамбыл ауданы, Ақбастау ауылдық округіндегі «Байелі болыс» шаруа қожалығының басшысы Жұмасейіт Нұрбаев. Облыс әкімі де, белгілі фермер де дұрыс айтты. Бұрынғы социалистік қоғамдағы кеңшар мен ұжымшар жоқ. Оның бәрі тарқап, жеке шаруашылық құрылымдары құрылғанына отыз жыл. «Күзгі жиын-терім науқанында бейнеттің жемісін сезініп, өнімін өзім алып, табысын өзім көремін» деп ойлау керек, шаруа. Ал, енді өзіне тиісті жұмысты үйлестіре алмай отырған «Қазсушар» кәсіпорнын облыс әкімі онсыз да қатаң сынады. Енді содан қорытынды шығарса дейік. Сенат депутаттарының Үкімет басшысына мамыр айында жолдаған сауалында «Қазіргі уақытта кестеден артта қалу және қажетті қаржының болмауынан тапсырыс беруші – Экология және табиғи ресурстар министрлігімен мердігерлер арасындағы келісімшартты бұзу процедурасы қолға алынған. Бұл жұмыстың тоқтауына әкеліп, халықтың наразылығын тудыратыны анық», деді. Одан бері де үш айдан аса уақыт өтті. Жаз бойы су нысандарының кем-кетігін бүтіндеп, көктен түскен және тау суынан жиналған қоймадағы бар суды тиімді пайдалану жолын жан-жақты қарастырғанда, бүгінде шаруалар арасында су тапшылығынан орын алып қалатын наразылықтар болмас па еді. Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын, қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын, сырттан келетін судың азайғанына назар аударғанын еске алсақ, жерасты суын игеру, су үнемдеу технологиясын мейлінше көптеп енгізудің қажеттілігі одан сайын сезіле түседі. Сондықтан да, бұл мәселе күн тәртібінде өткір тұруы керек. Президенттің жер-жердегі өкілі болғандықтан, аудан әкімдеріне де жүктелер жауапкершілік жеңіл емес. Мұны түсіну керек. Әр ауданның жетістігі – әкімнің іскерлігінен, кемшілігі – жауапсыздығынан туындайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдеріне де жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл болмаса керек. Су тапшы деген сылтау емес. Оның жыры кеңес кезеңінде де болған. Талас пен Шу өзенінің суын көрші қырғыз ағайындар байлап қойып, жыл сайын шу болып жататын. Сонда да алдыңғы толқын жер жыртып, егін салды, бақша, көкөніс дақылдарын өсірді. Қызылшадан рекордтық көрсеткішке жетті. Төрт түлік малдан жер қайысты. Оның жем-шөбін сырттан тасыған жоқ, осы өңірдің даласынан өздері дайындады.  

Амангелді ӘБІЛ.